Былтыр Ұлттық банк 800 трлн теңге төлемдер мен аударымдар жүргізген
2022 жылы Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы ұлттық валютада шамамен 800 трлн теңгеге қолма-қол ақшасыз төлемдер мен аударымдар жүргізілді, деп хабарлайды El.kz Ұлттық банкке сілтеме жасап.
ҚҰБ төлем жүйелерінде орташа есеппен минутына шамамен 5 млрд теңгеге төлемдер өңделеді.
Қазақстан Ұлттық Банкі – Банкаралық ақша аударымдары мен Банкаралық клиринг жүйесінің операторы. ҚҰБ-тың осы төлем жүйелері ұлттық төлем жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін және Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.
2022 жылы төлем жүйелері мен қаржы ұйымдарының тікелей корреспонденттік шоттары арқылы ұлттық валютадағы қолма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдарының жалпы көлемі 897,5 трлн теңгені құраған. Бұл ретте Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы 787,2 трлн теңге немесе осы көлемнің 87,7%-ы өткізілген.
Операциялық күн ішінде ұлттық төлем жүйелеріне түсетін орташа жүктеме күніне 3,2 трлн теңге сомасына 266,4 мың төлемді құрайды.
Орташа есеппен минутына ҚҰБ төлем жүйелері арқылы 4,9 млрд теңгеге операциялар жүргізіледі. Операциялардың ең көп саны осы жүйелерде сағат 12:00-ден 13:00-ге дейін өңделеді.
2022 жылы Ұлттық Банктің төлем жүйелерінің жұмысқа қабілеттілік коэффициенті 99,85% болды. Бұл белгіленген нысаналы көрсеткіштерден асып түсіп, ұлттық төлем жүйелері жұмысының жоғары тиімділігін сипаттайды.