Жаңалықтар

Былтыр Түркістанда тұрғындар интернет-алаяқтарына 1 млрд теңге аударған

Былтыр Түркістанда тұрғындар интернет-алаяқтарына  1 млрд теңге аударған
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 26.02.2025 09:20 351

Ақпараттық технология дамыған сайын одан келер қауіп пен қатер де артып отыр. Бұл әсіресе ғаламтордағы әккі ұрылардың арам пиғылын оңай жүзеге асырып, халықтың қалтасын оңай қағуына орасан кесірін тигізуде. Жыл өткен сайын интернет арқылы тұрғындарды алдағандар да, оларға алданғандар да азаймауда. Мәселен, өткен жылы бір ғана Түркістан облысында ғаламтордағы алаяқтарға алданған жәбірленушілерге келтірілген шығын 1 млрд теңгеге жуықтаған. Жалпы интернеттің арғы жағында отырып, айласын асырып отырғандардан қалай сақтану керек? Киберқауіпсіздік саласында қандай жаңа қауіптер пайда болуы мүмкін? Қылмыстың бұл түрімен күрес қалай жүргізілуде? El.kz тілшісі осы және өзге де өзекті сауалдарға жауап алу үшін Түркістан облыстық Полиция департаментіне қарасты Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция капитаны Ермек Шәкіммен сұхбаттасты.

El.kz: Киберполицияның жалпы жұмысы туралы қысқаша тоқталып өтіңізші. Негізгі міндеттері мен қызметтері қандай? Неше қызметкер бар?  

Ермек Шәкім: 2022 жылы Түркістан облысы Полиция департаментінің Крминалдық полиция басқармасына қарасты интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін «Кибербол» арнайы тобы құрылған болатын.  Ал 2025 жылы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ашылып, бүгінгі таңда 10 қызметкер жұмыс істеуде. Оның құрамында жедел уәкіл, тергеуші, криминалистер мен ІТ мамандары бар. Мақсат - интернеттегі алаяқтық қылмыстарын болдырмау, жолын кесу, ашу және мониторинг жасау арқылы күдік келтіретін сайттарды анықтап бұғаттау.

El.kz: Қазіргі таңда ең көп таралған киберқылмыс түрлері қандай? Соның ішінде Түркістан өңірінде қандай схемалар жиі кездеседі? Нақты бір-екі мысал келтіріп өтіңізші.  

Ермек Шәкім: Өкінішке қарай, киберқауіпсіздік бойынша халық арасында қаншама ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, көптеген азаматтар ғаламтордағы алаяқтардың арбауына қалай түсіп қалғанын өздері байқамай жатады. Бүгінгі таңда біздің Түркістан облысында интернет-алаяқтарының үш схемасы жиі кездесіп отыр. Оларға тоқталып өтетін болсам, алғашқысы: Банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде қоңырау шалу. Екіншісі: Байланыс операторларының атынан қоңырау шалу. Үшіншісі: «Қазпошта» мекемесінің атын жамылып, жәбірленішулерге «Сізге әлдебір тауар келіп тұр» деп хабарласу.  Бұл қазіргі таңда кеңінен тарап отырған айла-тәсілдер деуге келеді. Дегенмен жедел уәкілдердің айтуынша, интернет-алаяқтар көздегеніне жету үшін бұдан басқа да түрлі қулықтарға барады. Сөзіне сендіріп, арбауына түсіреді. Сондықтан мұндай сәттерде қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстану қажет. Нақты мысал ретінде айтар болсам, ғаламтордағы әккі ұрылар  жәбірленушіге «құқық қорғау органының қызметкерімін» деп қоңырау шалып, Whats App  месенджері арқылы бейнебайланыс орнатқан жайттар тіркелген. Алаяқтар осы байланыс барысында қызметтік нысанды форма кию арқылы жәбірленушінің сеніміне кіріп, өзінің айтқан тапсырмаларын орындатып, арам пиғылын жүзеге асырған. 

El.kz: Кінәлілер қандай жаза арқалайды?

Ермек Шәкім: Біз ішкі істер органы ретінде арызды тіркеп, кейін тиісті тергеу амалдарын жүргіземіз. Күдіктілер анықталған соң оның кінәсі дәлелденетін дәйектер қажет болады. Кінәлі азаматтардың ісі сотқа жолданатын болса, сот үкімімен 4-7 жыл аралығында бас бостандығынан айырылады. Себебі  жасалған қылмыстың жеңіл немесе ауыр деген түріне қарай тағайындалатын жаза да әртүрлі.  

(Фото: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі)

El.kz: Жалпы интернет-алаяқтары көбінесе қандай платформаларды пайдаланады?

Ермек Шәкім: Технология дамыған сайын олардың қолданатын платформалары дә өзгеріп отырады. Соның ішінде қазіргі таңда «Бинанс», «Байбит» электронды криптобиржалық платформаларын көп қолданады.

El.kz: Дропперлерден келетін қауіп әлі де өзекті ме?

Ермек Шәкім: Әрине, бұл - бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Себебі орын алып жатқан интернет-алаяқтық қылмыстарының басым фигуранттарының бірі – осы дропперлер. Мәселен, Түркістан облысы тұрғындарының бірі интернеттегі хабарландыру бойынша трактор сатып алуға шешім қабылдаған. Алайда ол алаяқтардың арбауына түсіп, олардың шотына 1 миллион теңгеге жуық ақшасын аударған. Бұл туралы ол полицияға шағым түсірген болатын. Аталған факті бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жетісу облысының тұрғыны анықталды. Ұсталған азамат та "дроппер" болып шықты. Күдікті жәбірленушілердің ақшасын алаяқтардың көрсетілген шоттарына аударып, сол үшін сыйақы алған.

Қазіргі уақытта жас жігіт қамауға алынып, оның басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар екені анықталды. Сондай-ақ алаяқтыққа қатысы бар басқа да адамдарды анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілуде. Полиция азаматтарға алаяқтықтың құрбаны болмас үшін қырағы болуды ұсынады.

El.kz: Ал енді статистикаға тоқталып өтіңізші, былтыр Түркістан облысында интернет-алаяқтарына алданған жәбірленушілер саны қанша? Оларға келтірілген шығын көлемі қандай? Жалпы тіркелген қылмыстың істердің динамикасы қандай?

Ермек Шәкім: Статистикалық дерекке сүйеніп айтатын болсам, өкінішке қарай өңірде қылмыстың бұл түрі артып отыр. Мәселен, 2023 жылы тіркелген қылмыс саны 567 болса, 2024 жылы тіркелген қылмыс саны - 598. Өткен жылы алаяқтардың арбауына түскен жәбірленушілердің саны да 598 болған. Оларға келтірілген шығын көлемі шамамен 1 миллиард теңгеге жуық.

El.kz: Қылмыстың бұл түрін ашу көрсеткіші қандай?

Ермек Шәкім: Бұл тұрғыда өсім бар. 2023 жылы ашылған қылмыс саны 219-ды құраса, ал 2024 жылы ашылған қылмыс саны 222-ге жетті. Біздің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әрбір келіп түскен арызды жіті зерттеп, қолда бар барлық ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы қылмысты мейлінше дер кезінде ашуға тырысып келеді. Мәселен, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының «Киберпол» арнайы тобының қызметкерлері облыс аумағында интернет- алаяқтық қылмыстарына қатысы бар 34 жасар ер адамды ұстады. Аталмыш күдікті жәбірленушілерге «ақша қаражаттарыңызды көбейтіп беремін» деп сенімдеріне кіріп, онлайн-несие рәсімдеген. Алаяқтық жолмен тапқан қаражатты жеке басының пайдасына жаратып үлгерген. Тексеру кезінде күдіктінің жалпы 87 алаяқтық жайтына қатысы бар екені дәлелденді. Ал жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 337 миллион теңгеден асты. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында  22 жасар жас жігіт анықталды. Облыс полицейлері күдіктіні Алматы қаласынан ұстады. Күдікті әлеуметтік желіде  парақшалар ашып, онда жиһаз құрастыру бойынша жалған хабарландыруларды жариялаған. Кейін жәбірленушілердің тапсырысын қабылдап, ақшаларын иемденіп отырғаны белгілі болды. Күдіктінің Түркістан облысы көлемінде 4 қылмыстық іске, ал республика бойынша 18 іске қатысы бар екенін анықталып, қазіргі таңда ұсталған азаматқа қатысты тергеу амалдары жалғасуда. Сондай-ақ бұған дейін Түркістан облысы Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық қылмысына қатысы бар 39 жастағы әйелді қолға түсірді. Белгілі болғандай, күдікті әйел осыдан екі жыл бұрын ет сататын дүкеннің иесінен қарызға жіліктеп ет алып, ақысын бөліп төлеймін деп сендірген. Алайда арада жыл өтсе де ақшасын қайтармай, із-түзсіз кеткен екен. 

Тәртіп сақшылары жұмыссыз тұрғынның дәл осындай алаяқтыққа қатысты 5 фактісін анықтады. Яғни, бұл жағдайда да ол жәбірленушілерді сан соқтырып, қарызға жіліктеп ет алған. Айласын асырған әйел қарызға алған еттерді базарға апарып, төмен бағада сатып жүрген. Ал түскен ақшасын жеке бас пайдасына жаратқан. Жәбірленушілерге 20 миллион теңге шығын келтірілген. Қазіргі таңда әйелдің ісі сотқа өтті.

El.kz: Полиция тарапынан халықты киберқауіпсіздік бойынша ақпараттандыру, интернет-алаяқтармен күресу үшін қандай шаралар қабылдануда?

Ермек Шәкім: Түркістан облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс – қимыл басқармасы қызметкерлерінің бастамасымен халық арасындағы танымал тұлғалар, яғни блогер және актерлардың қатысуымен ескертпе бейнероликтері жарыққа шығуда. Халық көп шоғырланатын орындарда, сауда орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кинотеатрларда және базарларда ескертпе шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай әлеуметтік желілер  арқылы да профилактикалық іс-шаралар қарқынды өткізілуде. Бұдан өзге қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша дін басқармасы өкілдерімен бірлесіп, әр аптаның жұма күндері мешіт және медреселерде, ал мәдениет және туризм басқармасымен  әрбір спорт және мәдени іс-шаралардың барысында «Интернет-алаяқтарынан сақ болыңыздар!» тақырыбында ескертпе шараларын өткізу жөнінде келісімге қол жеткізілді.

2025 жылдың қаңтар айында Түркістан облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс–қимыл басқармасы мен Түркістан облысы әкімдігіне қарасты қоғамдық даму басқармасының бірлескен медиа жұмыс-жоспары бекітілді. Екі тарап қоса дайындаған материалдар БАҚ-қа ұдайы жариялануда. Сондай-ақ интернеттегі алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында Түркістан облысы аумағында орналасқан жоғары оқу орындарындағы мұғалімдер және студенттермен жыл басынан бері жалпы 10 кездесу өткізілді. Әлеуметтік желілерде интернет-алаяқтық қылмыстарын кеңінен тарату мақсатында «cyber_polisia_turkistan» аккаунты құрылып, профилактикалық фото-бейнероликтер жариялануда. Облыс көлеміндегі жалпы 25 ЛЭД-экран мен 55 билбордтарға интернет-алаяқтық қылмыстарының жаңа түрлері бойынша бейнероликтер мен ақпараттық парақшалар ұдайы жариялануда.

Ағымдағы жылдың 1 ай қорытындысымен интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша жергілікті БАҚ–та 285 мәлімет жарияланып, телеарналарда бейнероликтер көрермен назарына ұсынылды.  Екі рет тікелей эфирде сұқбат берілді. Аталған бағыттағы жұмыстарын жалғасы табуда.

El.kz: Интернет-алаяқтарымен күресу барысында бәлкім заманауи технологиялар бар шығар?

Ермек Шәкім: Ақпараттық қауіпсіздік ұғымы ақпараттық технологиялар саласында өте маңызды екені сөзсіз. Ал қылмысты ашуда барлық заманауи бағдарламалар мен технологиялар қолданылады. Алайда киберқауіпсіздік деп аты айтып тұрғандай,  оларды атап көрсете алмаймыз.

El.kz:  Даркнеттегі заңсыз әрекеттерді анықтау және оларға тосқауыл қою шаралары қандай?   

Ермек Шәкім:  Бұл полицейлердің құзыретіне кірмейді.

El.kz: Шыны керек, интернет-алаяқтары туралы қоғам арасында кеңінен үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан ғаламтор ұрыларының құрығына түсіп, млн-даған қаржысынан әп-сәтте қағылып жатқандар азаймай тұр. Тіпті қыруар несиеге батып жатқандар да жетерлік. Себебі неде деп ойлайсыз?

Ермек Шәкім: Бұл мәселеде халықтың сауаттылығын одан әрі арттыру қажет деп санаймын. Сондай-ақ банктік системалардың қауіпсіздігін күшейтіп, онлайн неисе рәсімдеуді тоқтату дұрыс шешім болар ма еді деп топшылаймыз.

El.kz: Бәлкім қаржылық сауаттылық жағы ақсап тұр ма?

Ермек Шәкім: Жоқ, үзілді-кесілді қаржылық сауаттылыққа жауып қойған дұрыс емес. Неге? Себебі қаржылық сауаттылық өз алдына бөлек жағдай. Кейде алданып қалатындар көзі ашық, оқып-тоқығаны бар жандар да болып жатады.

El.kz: Интернет-алаяқтарына ең жиі ұшырайтындардың белгілі бір жас ерекшеліктері бар ма?

Ермек Шәкім: Иә, жәбірленушілердің белгілі бір жас ерекшеліктері бар. Бұл бойынша статистикалық деректерді салыстырып, зерттеу жүргізгенбіз. Мәселен, біздегі мәліметтерді талдайтын болсақ,  40-60 жас аралығындағы тұрғындар алаяқтардың құрығына көп түседі.

El.kz: Сонымен қатар алаяқтардың арбауына жиі түсетін маман иелері қандай?

Ермек Шәкім: Тағы да сол статистикалық мәліметтерді назарға алатын болсақ, көбіне мұғалімдер, кәсіпкерлер және зейнеткерлер алаяқтардың арбауына түсіп жатады.

El.kz: Көбіне кімдер алданып жатады, ауыл халқы ма, әлде қала тұрғындары ма?

Ермек Шәкім: Ғаламтордың арғы жағына отырып, азаматтарды арбауына түсіретіндер өз құрбанының тұрғылықты жерін таңдамайды. Сондықтан ауылдың да, қаланың да тұрғындары алданады.

(Фото: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі)

El.kz: Егер тұрғындар онлайн алаяқтарға тап болса, қайда хабарласуы керек? Мәселен, жеке шотынан ақша жымқырылса, алдымен банкке хабарлауы қажет пе, әлде полицияға ма? 

Ермек Шәкім: Алаяқтық фактісі туралы күдік туды ма, дереу уақыт жоғалтпастан полицияның 102 нөміріне хабарлама бергені абзал. Сонымен қатар  несие рәсімделген банктердің операторлық нөміріне қоңырау шалып, есепшоттарын  бұғаттауы қажет.

El.kz: Полицияға арыз беру процесі қалай жүреді?

Ермек Шәкім: 102-ге хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, жедел тергеу тобын жіберуді сұрайсыз. Сондай-ақ несие рәсімделген банктегі жеке есеп шотыңыз бойынша мәліметті тергеушіге ұсыну қажетсіз.  

El.kz: Кейде ғаламторда алданып қалдым дейтіндер «полиция арызымды қабылдамады, бәрібір іс ашылмайды» деп кері қайтарады дегенді естиміз. Расымен мұндай жағдайлар кездесе ме?

Ермек Шәкім: Жоқ, мұндай жағдайлар кездеспейді. Полицияға арызданып келген кез келген тұрғынның арызы бойынша заңға сәйкес жұмыс жасалады. Қажет болса, қылмыстық іс қозғалады.

El.kz: Егер жеке деректер интернетте таралып кетсе, азаматтар не істеуі керек?

Ермек Шәкім: Құқықтары бұзылса, дербес деректер субьектілері бойынша әкімшілік іс қозғау мәселесін қарау үшін  «Е–өтініш» порталы арқылы Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің көмегіне  жүгіне алады.

El.kz: Күдікті сілтемелер мен хабарламаларды қалай анықтауға болады?

Ермек Шәкім: Мұндай жағдайда алаяқтар сізге бейтаныс абоненттік нөмірлерден хабарлама ретінде сілтемелер жібереді, өзіңізге мүлдем таныс емес пошталардан хат келеді. Осындай сәтте күмәнді сілтемелерді мүлдем ашпаңыз.

El.kz: Анонимділікке байланысты қылмыскерлерді анықтау қаншалықты қиын?

Ермек Шәкім:  Интернеттегі алаяқтық қылмыстарының артында із қалады. Яғни, қылмыскер қанша жерден анонимділікті сақтағанымен, тиісті тексеру шаралары нәтиже береді.

El.kz: Тұрғындарға өздерін интернет-алаяқтардан қалай қорғау қажеттігі туралы жиі айтылып келеді. Дегенмен солардың ішінде ең негізгілері қайсы?   

Ермек Шәкім: Egov.kz порталы арқылы өзі несие алудан бас тартуға өтініш қалдырған жағдайда және бейтаныс абоненттік нөмірлер қоңырау шалып, өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органның және байланыс операторларының қызметкерімін деп таныстырған жағдайда мүлдем сөйлеспегені абзал. Сонымен қатар күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, өзіңізге белгілі жеке мәліметтеріңізді ешкімге бермеңіз.

El.kz: Қалай ойлайсыз, киберқауіпсіздік саласында қандай жаңа қауіптер пайда болуы мүмкін?

Ермек Шәкім: Ақпараттық технология дамыған сайын пысықай алаяқтар күніге жаңа тәсіл ойлап шығаруда. Бұл қылмыс түріне тек профилактика жұмыстарын күшейту арқылы тоқтам жасай аламыз. Оған қоса әрбір адам өзі сақтанып жүргені абзал дер едім. 

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға