Жаңалықтар

Былтыр шетелден 7000 тарихи құжат елге қайтарылған

Былтыр шетелден 7000 тарихи құжат елге қайтарылған
Фото: gov.kz 10.02.2023 12:21 1057

Құжаттар Венгрия, Германия, Италия секілді және тағы да басқа Еуропалық Одақ елдерінен әкелінген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Құнды құжаттарда еліміздің тарихы туралы тың ақпараттар бар. Оларды қазір отандық тарихшылар мен ғалымдар зерттеп жатыр.

Былтыр ғалымдарымыз 14 мемлекетке іздестіру-зерттеу жұмыстарымен барды. Олар жинаған құжаттар қатарында 445 фотосурет, 206 кітап және сирек қолжазбалар бар. Хронологиялық тұрғыдан 918-1990 жылдар аралығын қамтиды. Қайтарылған құжаттар ҚР Ұлттық архивіне тапсырылды. Қазір Мәдениет және спорт министрлігі бірыңғай деректер базасын құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бағалы тарихи құжаттарды тарату үшін фотоальбомдар, жинақтар, хронографтар, өмірбаяндық анықтамалықтар және басқа да пайдалы материалдар баспадан шығарыла бастады.

«Археологтар мен тарихшыларымыздың жұмысы мұнымен бітпейді. 2025 жылға дейін қазақстандық ғалымдар шетелге тағы бірнеше экспедиция жоспарлап отыр», деп атап өтті Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға