Жаңалықтар

Былтыр қазақстандық оқушылар әлемдік олимпиадада 44 алтын алды

Алтын медаль алған оқушылар 1 500 АЕК, күміс медаль 1 000 АЕК, қола медаль 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық алады
Былтыр қазақстандық оқушылар әлемдік олимпиадада 44 алтын алды
Фото: gov.kz 23.01.2023 18:33 1693

Былтырғы оқу жылының статистикасына сүйенсек, еліміздегі 7 550 мектепте 3 597 159 бала білім алады. Оның ішінде 2 060 369 оқушы қалалық мектептерге барады. Қалғаны ауыл мектептерінде оқып жүр. Сондай-ақ мыңнан аса мектепте сабақ орыс тілінде берілсе, тағы 2 мыңнан аса мектеп (аралас) қазақ және орыс тілдерінде білім береді, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі. 

Бізге дейін Factcheck.kz сайтының тілшілері осынша мектептер арасынан халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушылар үлесін анықтап көрген екен.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы сайтындағы  «олимпиадашылар» туралы 2021 жылғы барлық ақпаратты талдай отырып, біз қазақ мектептерінен халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушылар үлесі – 33% деген қорытындыға келдік. Үш тілде оқытатын мектептер ең көп олимпиада жеңімпаздарын шығарады, ал ең аз көрсеткіштер орыс және ағылшын тілінде оқытатын мектептерде байқалады», - деп жазылған фактчекингте.

Аталған сайттың ұйғарымына сәйкес, 2021 жылы халықаралық олимпиадаға Қазақстаннан 88 оқушы қатысқан.  Пайыздық көрсеткішпен есептегенде үш тілді мектеп оқушыларының үлесі   - 37,5% (бұған мысал ретінде жоғары класта оқу қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізілетін НЗМ-ді алуға болады), қазақ тілді мектептегі оқушылар  үлесі - 33% («Білім-инновация» және т.б.), «қазақ» және «орыс» сыныптары бар мектеп оқушыларының үлесі - 19,3% (РФММ және т.б.), ағылшын тілінде білім беретін мектептердегі балалардың үлесі - 5,7% (Haileybury және т.б.), орыс тілінде білім беретін мектеп оқушыларының үлесі - 4,5% құрайды (мысалы, №165 мамандандырылған лицей, Алматы).

Біздің зерделеуімізше, республикалық олимпиадалардың көш басында РФММ, БИЛ, НЗМ білім ордалары тұр. Демек олардың көбі халықаралық олимпиадалардың қатысушысы деген сөз. Осы тұста назарларыңызға Қазақстандағы мектептердің ресми рейтингін ұсынғанды жөн көрдік. 

2022 жылғы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша жасалған рейтинг 

  1. «Республикалық физика-математика мектебі» КЕАҚ филиалы, (Алматы қаласы)
  2. «Білім-Инновация» лицей-интернаты, (Атырау қаласы)
  3. Ақтөбе облыстық мамандандырылған дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты, (Ақтөбе қаласы)
  4. Дарынды жастарға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты, (Нұр-сұлтан қаласы)
  5. Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
  6. «NURORDA» мектеп-лицейі, (Нұр-сұлтан қаласы)
  7. Дарынды балаларға арналған № 8 мектеп-лицей, (Павлодар қаласы)
  8. «Білім-Инновация» лицей-интернаты, (Ақтау қаласы)
  9. Павлодар қаласының химия-биологиялық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
  10. Дарынды ұлдарға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған мектеп-интернаты (Тараз қаласы).

Айта кетейік, былтыр қазақстандық оқушылар 23 халықаралық олимпиадаға қатысып, 44 алтын, 96 күміс, 178 қола, жалпы саны 318 медаль жеңіп алған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға