Былтыр Қазақстан курорттарында 3,8 млн-нан астам адам демалған
Бұл туралы туризм және спорт министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2023 жылы еліміздегі 19 курортты аймақта 3,8 млн адамнан аса турист демалған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 311 мың адамға өскен. Нәтижесінде курортты аймақтардағы қонақ үйлер былтыр 130 млрд теңгеден астам табыс тапты.
Туристер арасында Алматы тау кластері – ең танымал орындардың бірі. Былтыр бұл курортты аймаққа 2,3 миллионнан астам адам келген. Кейінгі орындарға Маңғыстау курортты аймағы (356,2 мыңнан астам адам), Щучье-Бурабай курортты аймағы (305,4 мың адам) және Абай облысының Алакөл көлі жағалауы (205,8 мың адам) жайғасқан.
Жыл сайын отандық курорттарда демалатын туристер саны артып келеді. Бұл еліміздегі аталған аймақтардың тартымдылығын және Қазақстанның туристік әлеуетіне қызығушылықтың артқанын аңғартады. Біздің мақсатымыз – әрбір қонақ еліміздің ыстық ықыласы мен қонақжайлылығын сезінуі үшін туристерді қабылдау шарттарын одан әрі жетілдіру, – дейді туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.