Былтыр Иорданиядан Қазақстанға мыңнан аса турист келген
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Иордан Хашимит Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хамза Махмуд Юсеф Әл-Омаримен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тараптар спорт саласындағы әлеуетті ынтымақтастықты талқылап, туризм саласын дамытуда тәжірибе алмасуға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларына дайын екендіктерін жеткізді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Иорданиядан Қазақстанға 1130 турист келген.
Бүгінде қазақ-иордан қатынасы қарқынды дамып келеді. Корольдік Таяу Шығыс аймағындағы еліміздің ең жақын және сенімді одақтастарымен бір қатарда орналасқан. Өкінішке қарай, біздің елдеріміз арасындағы туристік ағынның көрсеткіші көңіл көншітпейді. Бұған тікелей рейстердің жоқтығы және визалық талаптар кедергі келтіріп тұр. Осыған байланысты, көрсеткіштерді ұлғайту және ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін аталған мәселелерді пысықтау қажет, - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Министр Елшіні V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырды. Еліміздегі дүбірлі додаға Иордания құрамасы да қатысады деп жоспарланған.