Жаңалықтар

Былтыр бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз пайдаланылған – Әлихан Смайылов

Былтыр бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз пайдаланылған – Әлихан Смайылов
Фото: primeminister.kz 21.06.2024 12:49 1368

Қазақстандағы басты проблемалардың бірі – бюджеттің тұрақты тапшылығы. Соңғы жылдары шығыстар едәуір өсіп келеді. Сәйкесінше бюджет шығынының жартысы Ұлттық қордан және қарызға алынып жатыр. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бюджет шығыстарына қатысты бірқатар мәселені атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Палата төрағасы Үкіметтің бюджет қалыптастыру кезінде жіберетін кемшіліктеріне тоқталды.

Соңғы жылдары шығыстар едәуір өсіп келеді. Бұл ретте мұнайға қатысты емес кірістер шығыстардың 50%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қалған бөлігі негізінен Ұлттық қордың трансферттері және қарыздарды тарту есебінен өтеледі. Сондықтан тапшылықты ұстап тұру жеткіліксіз. Ол үшін тапшылығы жоқ бюджетті қалыптастыратын ұзақ мерзімді жоспар қажет, - деді Әлихан Смайылов.

Смайылов Ұлттық қорды басқару жөніндегі нормативтік құқықтық базасын тұрақтандыру керектігін атап өтті.

Олай болмаған жағдайда Мемлекет басшысының Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай $100 млрд дейін ұлғайту жөніндегі мақсатына қол жеткізбеу тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз. Қарыз алу құралын кеңінен қолдану да борыш жүктемесінің тәуекелін арттырады, - деді ол.

Аудит төрағасының айтуынша, Қазақстан қазірдің өзінде бюджеттің 17%-дан астамын қарызды өтеуге жұмсам отыр.

Біздің бағалауымыз бойынша, он жыл бұрынғы борыштарды төлеудің басым көлемінің жүктемесі 2024-2025 жылдарға түседі. Борыш тұрақтылығының ағымдағы жай-күйін сапалы бағалауды қамтамасыз ету үшін базалық көрсеткіштер тізбесін кеңейту маңызды. Қарыз қаражаты индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуы тиіс. Мұндай жобаларды табысты генерациялау керек. Салық базасын арттыру үшін де резервтер бар. Ол үшін салықтық әкімшілендіруді күшейтетін тиімді шаралар қабылдап, жекелеген салықтық жеңілдіктердің қолданылуын қайта қарау қажет, - деп мәлімдеді Смайылов.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне де күмән келтірді. Айтуынша, 2023 жылы әкімшілендіру есебінен бюджетке 944 млрд теңгеге жуық қосымша түсім түскен. Ал Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша, бұл көрсеткіш төрттен бір бөлікке аз. Смайылов салықтық жеңілдіктердің тиімділігіне толыққанды талдау әлі де жүргізілмей келе жатқанын айтты.

Сондықтан бюджет кірістерінің түспеуіне алып келетін салықтық жеңілдіктерді пайдалану тиімділігіне толыққанды талдау жүргізуді регламенттеп, оны Парламенттің ашық талқылауына ұсынуды қажет деп есептейміз. Көлеңкелі экономиканы қысқарту – бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін маңызды фактор. 2022 жылы оның үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 18,8%-ға дейін төмендеген. Сонымен бірге салықтарға қатысты жоспардың 1,4 трлн теңгесі орындалмаған. Осы мәселенің анығын білу үшін біз биыл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жасау мемлекеттік саясаты тиімділігіне аудит жүргізуді жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Әлихан Смайылов сондай-ақ кейбір мемлекеттік органдар құзыретіне кірмейтін жобаларды іске асыруын әлі де жалғастырып келе жатқанын мәлімдеді. Мысалы, салалық министрліктер бола тұра, Ұлттық экономика министрлігі мәдениет, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, су бұру және автожол салаларындағы жобаларды жүзеге асыруда. Осының салдарынан түпкілікті нәтижеге жету жауапкершілігінің болмауы және екі жақтан қаржыландыру тәуекелдері болып отырғанын айтады.

Аудиторлық палата төрағасы барлық мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелерінің арқасында 489 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланғанын мәлім етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға