Жаңалықтар

Былтыр Атырауда қылмыстық іс бойынша мыңнан астам адам сотталып, 12-сі ақталған

Былтыр Атырауда қылмыстық іс бойынша мыңнан астам адам сотталып, 12-сі ақталған
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 25.01.2025 22:20 447

2024 жылы Атырау облысында 1 470 айыпталушыға қатысты 1 245 қылмыстық іс қаралған. Соның ішінде 877 іс бойынша үкім шығып,  1 017 адам сотталған.  Ал медиатордың қатысуымен 12 қылмыстық іс, апелляцияда 385 тұлғаға қатысты 313 іс, 6 адамға қатысты үш іс алқабилердің қатысуымен қаралған. Былтыр өңірде азаматтық және әкімшілік істер саны да  2023 жылмен салыстырғанда артқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Тәтті Уәлиеваның айтуынша, былтыр өңірде соттар мен сот төрелігінің сапасын арттыру және біркелкі қалыптастыру бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. 2024 жылы облыстағы соттарға барлығы 1602  қылмыстық іс келіп түскен. Соның ішінде 1470 адамға қатысты 1245  қылмыстық іс аяқталған. 2023 жылмен салыстырғанда былтыр келіп түскен және тиісінше аяқталған қылмыстық істердің саны көбейген. Ал үкім шыққан адамдар саны азайған.  Яғни, 2023  жылы топтасқан қылмыстар көп болғанын білдіреді. Ал былтыр  топпен түскен қылмыстық істер керісінше азайған.

Бас сот тағайындауға кедергі келтіретін бұзушылықтарды жою үшін прокурорға 33 қылмыстық іс қайтарылған.  Бұл 2023 жылдың нәтижелеріне қарағанда төменірек, яғни,  қылмыстық қудалау органдарына сотқа түскен істердің сапасы сәл артқанын білдіреді. Сотталғандардың саны - 1017, бұл 2023 жылға қарағанда  адамдар саны азайған деген сөз. Ол кезде 1556  адам сотталған болатын. Ақталған адамдардың саны да былтыр азайған. 2024 жылы 12 екі адам ақталған болса, 2023 жылы олардың саны  40 болған.  Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағаны үшін 29 тұлға сотталған.  Оның ішінде 15 сотталушыға бас бостандығынан айыру, 14-іне айыппұл жазасы берілді.  Соттардың үкімімен сыбайлас жемқорлыққа қатысты  қылмыс жасаған адамдарға 338  миллионнан астам  теңге көлемінде айыппұл салынған,-деді облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы өңірде өткен брифингте.

Спикердің сөзінше, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда есепті мерзімде былтыр бас бостандығынан айыру жазасына сотталған адамдардың санының өсуі байқалады. Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау тәжірибесінің қатаңдауы есепті мерзімде соттарға түскен ауыр қылмыстардың саны ұлғаюына және күш қолданумен  жасалған қылмыстық істер бойынша қатаң жаза тағайындау тәжірибесі қалыптасуына байланысты екен.

Өздеріңіз білесіздер, 2024 жылдан бастап жеңіл дәрежедегі жарақаттар келтірген үшін де қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Былтыр  425 адам бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Оның ішінде 1 адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Қазіргі таңда біздің өңірде ең көп тағайындалған жаза осы бас бостандығынан өмір бойына айыру жазасы болып отыр.  Бұдан өзге былтыр 6 адамға қатысты үш қылмыстық іс  алқабилердің қатысуымен қаралды. Бұл істердің саны да 2023 жылға қарағанда артқаны байқалады. 2023 жылы алқабилердің қатысуымен бір ғана қылмыстық іс қаралған болатын,-деді сот алқасының төрағасы Тәтті Уәлиева.

(Фото: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі)

Былтыр облыс бойынша тергеу судьяларының қарауына келіп түскен материалдар саны да айтарлықтай көбейіпті. Барлығы 4708   материал түскен. Оның ішінде қаралғаны - 4689 , қанағаттандырылғаны – 4358. Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау бойынша қаралған 626 өтініштің 418, яғни 66,7 пайызы қанағаттандырылған. Ал 208 өтініш немесе 33,3 пайызы  қанағаттандырудан бас тартылған. Яғни, бас күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын былтыр 2023 жылға қарағанда терегу соты аз қолданған.  Қылмыстық қудалау органдарының үстіне берген шағымдар бойынша  іске қатысушылардың  32 шағымы қаралған. Олардың қанағаттандырудан бас тартылғаны – 22, қанағаттандырылғаны – 10. Бұл жалпы шағымның  33,1% пайызы қанағаттандырылды деген сөз.

Айта кетсек, бүгінде Атырау облысында тіркелетін қылмыстық істердің көбі алаяқтық фактілері екен. 

2024 жылы облыс соттарына келіп түскен жалпы істердің қысқартылуы да едәуір артып отыр екен. Атап айтқанда, былтыр барлық келіп түскен материалдардың 22 пайызы қысқартылған  тәртіппен қаралыпты. Спикердің айтуынша, қысқартылған тәртіппен дегеніміз сотталушы айыбы мен  келтірген залалды мойындап, тағылған айыппен келісетінін білдіреді. Сондықтан  бұл істер жеңілдетілген тәртіппен қаралады.

Облыста соттарға келіп түскен азаматтық істер де былтыр 2023 жылмен салыстырғанда артқан. Бұл туралы брифингте Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мәтен Ерғазиев айтты.

Жалпы өңірде Атырау облыстық сотынан басқа аудандық, қалалық барлығы 15 сот жұмыс жасайды. Аудан мен қалалардағы сот бірінші сатыдағы соттар деп саналады. Ал біз облыстық сот екінші сатыдағы сот болып есептелеміз. Былтырғы жылдың статистикасына тоқталатын болсам,  аудандық, қалалық және  мамандандырылған ауданаралық соттармен барлығы  16 797   азаматтық істер қаралып аяқталған. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2531 іске немесе 15 пайызға көп. Соның ішінде Атырау қалалық және Махамбет, Жылыой аудандық соттарынан басқа қалған барлық соттарда істердің өскені байқалады. Аяқталған істер бойынша шешім шығаруымен барлығы 9624 азаматтық іс қаралған. Бұл да оның алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өскен. Яғни, 2023 жылы барлығы 8204 азаматтық іс  бойынша іс қаралып аяқталған. Енді ол қаралған істерден жаңа шешім шығарудан басқа біздерде   жеңіл дау туғызбайтын істер бойынша бұйрық шығарумен, болмаса оңайлатылған шешім шығарумен қаралатын істер бар. Бірақ бұлар бұл істердің ішінде жоқ,-деді облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мәтен Ерғазиев.

Сот алқа төрағасының айтуынша, бұдан өзге талап қоюшылардың өз шағымдарынан бас тартып, өзара бітімгершілік, татуласу рәсімін жасап, келісіміне байланысты қысқартылған істер де жетерлік. Оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен 6428 іс бойынша шешім шыққан.  Жоғарыда атап өткен себептермен тоқтатылған істердің саны 2415-ті құрапты.

Енді азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасына тоқталар болсақ,  былтыр апелляциялық тәртіпте 1372  азаматтық іс қаралып  аяқталған. Осылардың 902-сі сот шешімдеріне келтірілген апелляциялық шағымдар. Прокурордың өтініш хаты 508 сот ұйғарымдарына келтірілген жеке шағымдар бойынша  қаралған. 2023 жылмен салыстырғанда  бұл істердің де, яғни аяқталған істердің саны - 132  немесе 14,4 пайызға, ал ұйғарым шығарылыммен қаралып, аяқталған істердің саны 47 іске немесе 9,3  пайызға көбейгені байқалады. Барлық шешім шығарылған істер бойынша  апелляциялық саты тексеріп, заңдылығына баға береді. Арасында бірінші сатыдағы сотта тиісінше шешілмей қалды деген істер болатын болса, соларға біз тиісінше өзгеріс енгізуге болмаса күшін жою бойынша шешім қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Сол бойынша былтыр  қаралған істердің  прокурор өтініш келтірілген 902  шешім бойынша қаралған істен 89 іс шешімінің күші жойылған. Бұл облыс бойынша жыл бойына қаралып, шешім шығарылған жалпы істердің   0,9%   пайызын құрайды. Яғни, бір пайызға да жетпейтін бөлігінде   соттар жұмысында кемшілік орын алған деп есептеледі. Барлық істің 99,9%  пайызы дұрыс деген сөз.  2024 жылы 132 іс бойынша  шешім өзгертілген. Бұл  жыл бойына қаралып, аяқталған істердің 1,3% пайызын құрайды. Сонымен қатар 2024 жылы аяқталған істерден апелляциялық тәртіпте 226  ұйғарымның күші жойылған. Бұл аппеляциялық тәртіпте қаралған 508  істің ішінде  барлық ұйғарым шығарылып,  аяқталған істің 2,3 пайызын құрайды. 11 ұйғарым өзгертілген.  Бұл  барлық 9642 істің  0,1%  пайызына да жетпейді. Бұлар  берілген арыздарды қайтарып жіберумен, қабылдаудан бас тартумен байланысты немесе басқалай жеке тәртіпте қаралған мәселелер бойынша шығарылған ұйғарымдар. Негізі мәні бойынша іс қаралып, шешілмеген жағдайда соттар азаматтық істер бойынша ұйғарым шығарумен істі аяқтайды,-деді азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

(Фото: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі)

Спикер өз сөзінде азаматтық істердің қарайтын соттардың басты  мақсаттарының бірі -  соңғы жылдары Азаматтық процесстік кодексте енгізілген өзгерістер бойынша дауласқан тараптарды     татуласу рәсімдері арқылы өзара келісімге келтіріп, істі аяқтауға қол жеткізу екенін атап өтті. Нәтижесінде былтыр бірінші сатыдағы соттар мен ұйғарымдар шығарылуымен  аяқталған азаматтық істердің  2415-сі татуластыру рәсімін жүргізу бойынша тоқтатылған. Соның ішінде тараптардың арасында татуласу келісімі жасалуымен - 181, дауды-жанжалды медиация тәртібін реттеу туралы келісім жасалуымен - 2079, даулы партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасалуымен - 2, басқа да ҚР Азаматтық процесстік кодексінде белгіленген тәртіппен өзге де келісімге келулерін пайдаланып, яғни талап-арыз берген тұлғалар соттың түсіндіруімен  талаптарын қайтарып алуына байланысты 55 –і бойынша татуласу арқылы істер тоқтатылған.   

Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мәтен Ерғазиевтің айтуынша, облыстық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін қарағаннан кейін  қабылданған қаулылары Азаматтық процестік кодексіне сай берген тәртіппен жоғары тұрған сатыдағы, яғни Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасында кассациялық тәртіппен қаралады. Былтыр  кассациялық тәртіппен сот алқасының 7  қаулысының күші жойылып, 1 сот қаулысы өзгертілген. Яғни, 2024 жылы   апелляциялық сатыда қаралған істердің 8-і  бойынша ғана  қабылданған қаулылардың  заңдылығы дұрыс емес деп танылған. Спикердің сөзінше, бұл да өте жоғары көрсеткіш.

Брифингте әкімшілік істер бойынша да мәлімет берілді. Бұл туралы Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихова айтып берді.

Былтыр өңірдегі әкімшілік сотарға 1134 талап-арыз келіп түскен. 2023 жылмен салыстырғанда келіп түскен шағымдар саны жүзден астамға көбейген.  Әдеттегідей ең көп арыздар облыс орталығы Атырау қаласындағы әкімшілік сотқа келіп түседі екен. Бұдан басқа Индер, Құрманғазы,   Қызылқоға, Жылыой, Мақат аудандары бар.  

Келіп түскен арыздардың 4/1 бөлігі заңды тұлғалар, кәсіпкерлермен берілген талап қоюлар. Атап айтқанда, былтыр бизнес өкілдерінен 281 талап қою арыздар келіп түскен. Ең көп жеке тұлғалар мен сот орындаушылардың іс-әрекеті дауланады. Бұдан басқа жерге, мүліктік дауларға қатысты арыздар келіп түсті. Бизнесті айтатын болсақ, ең көп арыздардың санаты келесі: салық бойынша, мемлекеттік сатып алу және квазисекторға қатысты даулар. Жалпы әкімшілік соттарда мүліктік даулар сирек қаралады. Алайда, өткен жылы  біздің өңірде болған су тасқынына байланысты бұл санаттағы істер айтарлықтай көбейді. Нақты айтатын болсақ, 2024  жылы 148 талап-арыз келіп түскен. Оның 79-ы бойынша әкімшілік іс қаралып, шешім шығарылған. Бұл арыздардың 93,7 пайызы бойынша қанағаттандыру туралы шешім қабылданған. 11 арыз бойынша талап қоюшы шағымын өздігінен қайтарып алған болса, 21 іс соттардың өндірісінде,-деді Анаргүл Салихова.

(Фото: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі)

Арыздарды қайтару санына тоқтайтын болсақ, 2024  жылда өңірде 509  талап қою арыздары кері қайтарылыпты. Алайда істі қайтарудың көпшілік себептері талап қоюшы арызды өзі қайтарып алуымен байланысты екен және сотпен татуласу рәсімдері қолданылған. Атап айтқанда, 117   іс бойынша сотпен медиация тәртібі  татуласу бойынша, ал 201 іске қатысты  талап қоюшы арызын өзі қайтарып алыпты.  Ең көп тараптардың татуласатын істерінің санаты - сот орындаушылар, жер, тұрғын үй даулары.  

Былтыр әкімшілік сотпен 400  шешім шығарылып, оның 287-сі қанағаттандырылыпты. Бұл жалпы шешімнің 71,78 пайызын құрайды. Бизнеске қатысты істердің 57,5 пайызында қанағаттандыру туралы шешім қабылданған.

Атап өтерлігі, істерді қарау барысында заң бұзушылықтар анықталған кезде сот жеке ұйғарым қабылдайды. Былтыр әкімшілік органдарының үстінен 40 жеке ұйғарым шығарылған. Ал сот алқасымен шығарылған жеке ұйғарым саны – 11. Жеке ұйғарымдар бойынша мемлекеттік органдар тарапынан  жауапты мамандарға ескерту, сөгіс, жұмыстан шығару түріндегі  тәртіптік жазалар тағайындалған. Сонымен қатар, орын алған кемшіліктердің алдын алу мақсатында мемлекеттік органдармен оқу сабақтары, жедел отырыстар жүргізілуде екен. Сондай-ақ спикер өз сөзінде жергілікті соттар мен мемлекеттік, әкімшілік, тағы да басқа органдар мен адвокат, заңгерлермен кездесулер ұйымдастырылып, олардың назарларына сот тәжірибесі жеткізіліп, әкімшілік іс жүргізу  заңының қолдану  дұрыстығын үйрету мақсатында көптеген шаралар өткізіліп отыратынын атап өтті. Бұдан басқа, БАҚ-та, интернет-ресурстарда өзекті жазбалар мен мақалдар тұрақты түрде жарияланып отырады. Алдағы уақытта да азаматтар мен бизнес тұлғалардың құқықтарын және заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету үшін Атырау облыстық сотпен бірқатар іс-шаралар жоспарлануда екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға