Жаңалықтар

БҮРКЕНШІК ЕСІМ БҮККЕН СЫР...

Қазақ қаламгерлері қандай бүркеншік есімдер қолданған?
БҮРКЕНШІК ЕСІМ БҮККЕН СЫР...
19.10.2017 15:00 18893

Есім, ат, ныспы – қазақ халқы үшін ежелден айрықша мәнге ие құбылыстардың бірі. Оған маңыз беретіні соншалық кейде есімді адам тағдырының кілті, шешуші факторы ретінде қарау басымырақ па дерсің. Қазақ танымы көптен бала тоқтамай, зарығып көрген сәбиді жеті кемпірдің ауынан өткізіп, Сатыбалды, Сұраған, Сұрабалды деп атайтыны сондықтан болса керек. Сонымен бірге ауру-сырқаудан шетіней берсе, одан кейінгі көрген баланы тіл-көзден аулақ болсын деп Елеусіз, Елемес, ал шала туған, әлжуаз нәрестеге Шалабай, Шақабай есімін беретіні жоғарыдағы ойдың дәлелі. Қалай дегенде де ұлттық философиямыз кісі тағдырының болашағы есіммен тығыз байланысты деген уәжді қуаттайды. Ат қоюдың мұнан басқа да дүниетанымдық, ғұрып-әдеттік қатпарлары қалың екені даусыз. Ал шағын жазба ат берудің бөлек бір қыры, субьектінің өзіне ғана тән саласы – бүркеншік есім жайлы сөз қозғайды.  

Бүркеншік есім кімдердің еншісінде?

Түрлі саяси, әлеуметтік және қоғамдық себептерге байланысты бүркеншік есім көбіне шығармашылық адамдарына тән болып келеді. Ақын-жазушылар мен өнерпаздардың көркем шығармалары мен өнер туындыларын бүркеншік есімдермен жариялауы бұрыннан бар үрдіс. Әнші-актерлердің өнер сахнасында төл есімінен тысқары лақап ат алуы да жиі ұшырасатын жайт. Дегенмен бұл қатарға сирек болса да саяси көсемдердің бүркеншік есім пайдалануын қосуға болар еді.

Отандық тарихымызда бүркеншік есім ХХ ғасырдың басында кең етек алды. Елді ағартуға ұйысқан қазақ оқығандары патшалық жандармерия көзіне ілікпес үшін түрлі есімдер қолдануға мәжбүр-ді. Әлихан Бөкейханның «Қыр баласы», Міржақып Дудатұлының «Мадияр», «Азамат Алашұлы» қатарлы аттары міне осындай қажеттіліктен туған болатын. Патшалық отаршылдыққа қарсы күресте кәдеге жараған бұл әдіс кейіннен ескі оқығандардың кеңестік қызыл империализмнің қуғынынан бойтасалауында да қолданыста болды. Әлихан Бөкейханұлы өз серіктеріне жазған хатының бірінде «Екі дос не істеп жүр?» деп әйгілі Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер жайын сұраса, ұзын Мұхтар деп Мұхтар Мурзинді меңзейді. Бұл сол қым-қуыт кезеңдегі Әлекеңнің мұраттастарының бас амандығын ойлаған сергек санасынан туған сақ қимылы-тын.

Бүркеншік есімнің кең қолданыс табуы

Қазақ қаламгерлерінің арасында бүркеншік есімді көп пайдаланғандардың бірі – Бейімбет Майлин.  Бейімбеттанушы ғалым Тоқтар Бейісқұлов тұлғаның 74 есімін анықтаған. Сол тұстағы қалам қайраткерлерінің бүркеншік есімді көп қолдануының бірқанша обьективті себептері бар. Ең бастысы, әуелгі патшалық, кейінгі кеңестік аңдудан, ізге түсуден сақтану еді. Екінші бір себебі жазу-сызуға жетілгендердің қатары аз кезде газет-журнал бетін толтыру, материал жазу көбіне шығарушылардың өзіне жүктелетін. Сондай шарт астында бір қаламнан шықса да әдеп сақтау ниетімен басылым шығарушысы әр жазбаға әртүрлі есім қолданды. Міне, бұл аталғандар ХХ ғасыр басында бүркеншік есімнің жиі қолданыс табуына алғышарт әзірледі. Ал енді-енді қалам ұстап, өзгеден өрнек іздеп жүрген  жазбагерлердің өзіне сенімсіз қарап, қалам қуатын жете бағаламауын қоссақ, ол да бүркеншік есім қолданудың өрісін ұлғайтқаны сөзсіз. Сөз ретінде атап өтуге тиісті бір жайт, жария сөзге есімін қосарлауды қаламайтын шығармашылық пиғыл, писхологиялық мінез барын да ескерген абзал. Айталық, «Дала уалаятының газетінде» Абай Құнанбайұлы өлеңдерін Көкбай ақын атынан жариялап отырған. Біздің қазақ халқы ежелден сөз ойнату, ат тергеу, табулау сияқты дәстүрлерімен сөздің мәні мен магиялық қуатына мойынсұнғандықтан бұл қасиет бүркеншік есім, лақап ат қолдануда өзге қауымнан этногендік тұрғыда артықшылығымызды қалыптастырды.

Бүркеншік есім қалай жасалады?

Бүркеншік есімдердің жасалуы да әртүрлі. Көбіне автордың шығармашылық қиялына, әлеуметтік тегі мен  тектік төркініне, саяси ұстаным- көзқарастарына байланысты. Ең басты және жиі ұшырайтындары – аты-жөндерін қысқартып алу нұсқасы. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының А.Б., А-Б.; Мұхаметжан Сералинның М.С., С.М., Сым; Жүсіпбек Аймауытұлының Ж.А., А.Ж.; Мағжан Жұмабайұлының М.Ж., М-Ж, Мыж-Мыж; Райымжан Мәрсекұлының Р.М., Ром; Сұлтанмахмұт Торайғырұлының С.М.Т.; Сәбит Мұқанұлының С.М., Сым, т.б. Бұл әдіспен сондай-ақ аты-жөндердің басқы буындарын қосарлап алу немесе басқы және соңғы буындарын біріктіру, атының әр буынынан бір қаріпті термелеп, құрау  арқылы да бүркеншік есім жасау тәжірибесі бар  (Қошмұхамед Кемеңгерұлының «Қошке», Жүсіпбек Аймауытұлының «Жік» бүркеншік есімі осындай әдіспен жасалған).

Көп ұшырасатын бүркеншік есімдердің тағы бір шоғыры ру, ата тек ұғымдарымен тікелей байланысты. Мысалы, Көлбай Тоғысұлының «Найманский»; Міржақып Дулатұлының «Арғын»; Мұстафа Шоқайұлының «Жанай»; Отыншы Әлжанұлының «Орта жүз»; Ғұмар Қарашұлының «Байұлы»; Ілияс Жансүгірұлының «Матай», «Қаптағай» есімдері руларын немесе ата тектерінен жасалған бүркеншік есімдер.

Ру, тек, тайпа аттарын алудан бөлек, жер аттарын қолдану да жиі ұшырасатын бүркеншік есім түрі. Мысалы, «Алатау баласы» (Б. Сырттанұлы), «Омбылық» (Асылқожа Құрманбайұлы), «Ауыл баласы» (Мұхтар Әуезов).  Ел атаулары мен ұлт намын алған бүркеншік есімдерді осы топтың бөлек санатына жатқызуға болады (айталық, «Алашинский» (Б. Сыртанұлы), «Қазақ», «Қазақаев» (Ғұмар Қараш) т.б.)

Сонымен бірге мінез, болмысты аңғартатын, автордың шығармашылық характерін де ашатын бүркеншік есімдер болады. Мұндай есімдерді қалам иесі ұстанымын аңғарту, көзқарасын аңдату мақсатымен де әдейі қалап алса керек. Сұлтанбек Қожанұлының «Тарпаң», «Тоқпақ»; Мұстақым Малдыбайдың «Азамат Қорықпасов» есімдері белгілі дәрежеде олардың өзі қалам тербеп отырған мәселеде мінезін де аша түсетіндей.

Сирек болса да қазақ зиялыларының тәжірибеде кездесетін бүркеншік есімнің тағы бір түрі – латын қаріптері мен рим цифрлары және шартты таңбалармен белгіленетін есімдер. Халел Досмұхамедтың – «h», Ә. Бөкейхан мен М. Малдыбай тұтынатын «V» таңбасы, Жұмат Шанин пайдаланған «Ш*» белгісі. «V» таңбасына байланысты тұлғатанушылар арасында көп пікір қайшылығы бар. Ғалымдар Сұлтан Хан Аққұлы мен Ғарифолла Әнес  баспасөзде бұл жайында елеулі пікірталас та оздырды. Мұндай дүдәмал пікір, қайшылықты көзқарас сондай-ақ «Түрік баласы» бүркеншік атына қатысты да орын алып отыр. Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатұлына алмакезек телініп жүрген пікірдің әлі де болса дәлелін арттырып, ғылыми негізін бекіте түсу керек-ақ.

Бүркеншік есімдер жекелеген автормен бірге қос автордың кейде тіпті одан да көп шығарма иелерінің атынан ортақ беріледі. Айталық, Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Омарханұлының «Абай» журналында қолданған «Екеу» бүркеншік есімі сондай ортақ ниеттен туған ат (десе де ғалым Тұрсын Жұртбай «Екеу» есімін А. Байтасов пен Д. Ысқақовқа тиесілі деген де тұжырым жасайды). Сонымен бірге кей құзырхаттар немесе басқа туындылар «Үшеу», «Бесеу» тәрізді жалпылық есімдермен де жарияланады. «Семинария оқушылары» – «Еңбекші қазақ» газетінде жиі кездесетін ортақ аттардың бірі.

Белгілі де белгісіз бүркеншік есімдер...

Бүркеншік есім иесін анықтау анығында оңай шаруа емес. Қажетті дәйек пен қосымша деректі, оған қоса жазушының қолтаңбасына текстологиялық талдау жасауды керек етеді. Ал кейде мұндай деректің бір ұшығын сол қаламгердің замандас дос-жары,  мұраттас, тілектестері, тіпті автордың өзі де саналы-бейсаналы түрде қалдыруы мүмкін. Мысалы, Мағжан Жұмабайұлының мына бір шумақ өлеңін алайық:

«Бортаң бала,

Бүгін қара – Кәрітай.

Бір кемі жоқ,

Бір теңі жоқ – Болғанбай»,-деген өлең шумағы Хайретдин Болғанбайдың бір емес, «Бортаң бала» және «Кәрітай» атты екі есімінің жұмбағын шешіп тұр. Ендігісі осы есіммен жазылған туындыларды Х. Болғанбайдың өзге шығармаларымен салыстыру, мәтіндік талдау жасау арқылы дәлелдеу ғана.  Міржақып Дулатұлының өзі жайлы толғаған төрт тармағын мысал етсек:

«Болады Тургайский уәлаятым,

Тайпам – арғын, мадияр – асыл затым.

Бұл сөздің мұхаррирі һәм наширы

Дулатоғлы Мерякұп – өзім атым». Дулатұлы бұл өлеңінде өзі жиі қолданатын Арғын, Мадияр, Меряқұп қатарлы есімдерінің шығу төркінін атап көрсетеді.   

Аз деректен анық байқалатынындай, бүркеншік есім әлі де тереңіне бойлап, тылсымын аша түсуді қажет етеді. Оны тану арқылы қалам қайраткерлеріміздің болмысы мен танымдық табиғатын, шығармашылық ой-сана мен ұшқыр қиялының көкжиек кеңістігін анықтай түспекпіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға