Бурабайға барар жолда 95 көлік соқтығысқан - ҚазАвтоЖол
2025 жылғы 3 қаңтарда сағат 07:20-да ауа райының бұзылуына байланысты "Астана-Петропавл" республикалық маңызы бар автожолының 18-232 шақырым аралығындағы учаскесінде көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ауа райының жақсаруына және жолды тазалауға байланысты сағат 12:30-да полиция департаментінің қызметкерлерінің және "ҚазАвтоЖол" компаниясының арнайы техникасының сүйемелдеуімен Астана қаласына қарай қозғалыс жүргізілді.
Алайда, алдын ала мәліметтер бойынша, жүргізушлердің тарапынан жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақталмауына байланысты сағат 13:28-де автожолдың 153 шақырымында (Жаңаталап ауылының маңы) 95 автокөліктің қатысуымен жол апаты болды.
Оқиға орнында полиция департаментінің және "ҚазАвтоЖол" компаниясының мамандары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда бір жолақ тазаланып, жүруге жарамды көліктер қозғалысты бастады.
Аталмыш жол учаскесінде 22 кешенді жол машинасы мен 2 трактор жұмыс істеуде.
Қазіргі таңда аталған жол учаскесінде көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.
Жол қызметі тәулік бойы жолды күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізіп жатыр.