Жаңалықтар

«Бурабайдағы» құстардың популяциясын зерттеу басталды

«Бурабай» ұлттық паркі Германияның аға сарапшылар қызметімен 2016 жылдан бері ынтымақтасып жұмыс істеп келеді
«Бурабайдағы» құстардың популяциясын зерттеу басталды
Фото: udp-rk.kz 15.09.2022 10:27 873

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне неміс орнитологы Янош Теофан Жером Бекер (Janosch Théophane Jérôme Becker) келді. Ғалым осы өңірді мекендейтін құстардың санын анықтап, қанаттыларға қатысты зерттеу деректерін жаңартпақ, деп хабарлайды El.kz Президент Іс басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құстарды идентификациялауда терең білімі мен мол тәжірибесі бар ғалым қанаттылардың тыныс-тіршілігін бақылап, нақты мекендейтін жерлерін картаға түсіру тәжірибесімен бөлісу үшін арнайы шақырылып отыр. Сондай-ақ ол жергілікті орнитофаунаның ұлттық парк тізіліміне қаншалықты сай келетінін анықтайды.

– «Бурабай» ұлттық паркі Германияның аға сарапшылар қызметімен 2016 жылдан бері ынтымақтасып жұмыс істеп келеді. Осыған дейін орман шаруашылығы мен герпетофауна саласын зерттейтін екі маман келген. Құстардың популяциясын зерттеу үшін биыл алғаш рет орнитолог шақырдық. Ол өзінің тәжірибесімен бөлісіп, біз жасаған құстар тізілімінің толық екеніне көз жеткізуге тиіс, – деді «Бурабай» МҰТП аға ғылыми қызметкері Евгений Архипов. 

Бүгінгі таңда 129 мың 299 гектарды алып жатқан «Бурабай» паркінде құстардың 197 түрі бар. Соның ішінде 14 түрі Қазақстанның қызыл кітабына енген. Сұр тырна, аққұйрық субүркіт, қарабас шағала мен шаңқылдақ қыран сияқты сирек кездесетін, жойылудың алдында тұрған құстар да бар. Мәселен, Қазақстан бойынша шаңқылдақ қыранның 10 жұбы ғана қалған. 

Ұлттық парктің орнитофаунасы негізінен еуропалық түрлерден тұрады. Үлкен түркептер, (Streptopelia orientalis), сұр шыбыншы (Muscicapa striata neumanni), ақбас сұлыкеш (Emberiza leucocephala) сияқты сібірлік құстар да кездеседі. Тайга құстарынан саңырауқұр, қара тоқылдақ (Dryocopus martius), суықторғай (Pyrrhula pyrrhula) бар. Саңырауқұр Бурабайға өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әкелінген. Содан бері ол осы өңірді тез жерсініп кетті. 

Ұлттық парк мамандары экологиялық жүйесін бақылап, жан-жануарлар тізілімін жыл сайын жаңартып отырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға