"Бурабай Өрнегі" - екінші жазғы қолөнер фестивалі
Қазақстанның табиғаты сұлу, саяхатшысы көп өлкелерінің бірі Бурабай ауылының орталық алаңында 8 шілдеден бастап екінші жыл қатарынан "Бурабай Өрнегі" атты екінші жазғы фестиваль өтіп жатыр.
Фестивальге отанымыздың және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден келген қолөнершілер, суретшілер, дизайнерлер қатысуда. Шараға олардың «ЭТНО» стильдегі дәстүрлі авторлық жұмыстары қойылуда. Қолөнершілер киізден, керамикадан, күмістен, тері мен табиғи тастардан жасалған заттарды келушілерге паш етуде. Күмістен соғылған әшекей бұйымдар мен көне стильде тігілген, оюланған киім-кешектер, қыштан күйдірілген ыдыс-аяқтар, матаның түр-түрін, ойыншықтар, сыйлықтар мен сувенирлерді дәл осы фестивальден көруге болады.
"Бурабай Өрнегі" атты екінші жазғы фестивальде жұртты шеберлігімен таңқалдырып жатқан қолөнершілерді атап айтуға болады. Мәселен, күмістің қыр-сырын білетін Анастасия Никифорованың жұмыстары жоғары бағаланып, үлкен сұранысқа ие болуда.
Өзінің жеке шеберханасы бар қолөнер иесі Данилкин Бористің Қазақстандық табиғи тастардан жасалған әшекей бұйымдары, ал Шпунт Юлия ұлттық нақышта жасалған шкатулкаларымен қазақ жұрты мен қонақтарының ыстық ықласына бөленуде. Сонымен қатар, көпке танымал Сева Демидовтің де еңбектерін осы шарадан көру мүмкіндігі бар.
Риштан қаласынан "Усто Шарофиддин Устохонаси" шеберханасының атынынан келген Сухроб Юсупов керамикадан істелеген заттарын көпшілікке тарту етуде. Риштан керамикасы «2015 жылдың сәуір айының шебері» номинациясын жеңіп алған болатын. Риштан – Өзбекстанның Қоқан, Маргелан және Ферғана аралығындағы қала. Қала көнеден бері Өзбекстанның «Негізгі қыш шеберханасы» атағын иеленген. Мұнда қыш бұйымдарын өндіру үрдісінде ерекше технология қолданылады. Саздан жасалған ақшыл түсті заттарды әшекелуде көгілдір, қатты көк, қоңыр түстер пайдаланылады. «Ишкор» деп аталатын көкшіл әшекей таулы аймақта өсетін өсімдіктер мен табиғи минералды бояғыштардың көмегімен қолдан жасалынады. Қыш өнерінің құпиясын өзбектер атадан балаға мирас етіп қалдырып отырады. Сухроб Юсупов аталмыш өнерді жалғастырушы сегізінші ұрпақ. "Бурабай Өрнегі" атты екінші жазғы фестивальге Сухроб ляган – палауға, шокосы – сорпа ішуге, кошкулок – сүт құюға, кузача – су ішуге арналған құс пішінді түрлі ыдыстарды біздің елге танытты.
Қолөнершілер арасындағы мұндай фестивальдер арқылы салт-дәстүрімізді көрсетіп, қолөнерімізді шет елге паш етуге, келер ұрпаққа мирас етіп қалдыруға, жастарды аталмыш өнерге баулуға зор мүмкіндік бар.
"Бурабай Өрнегі" екінші жазғы қолөнер фестивалі 12 шілдеге дейін таңғы сағат тоғыздан кешкі тоғызға дейін жұмысын жалғастырады.
Дайындағандар: Ирина Волкова және Құлжанбай тегі Арайлым