Жаңалықтар

«Бурабай» ұлттық паркінің құрылғанына 24 жыл толды

«Бурабай» ұлттық паркінің құрылғанына 24 жыл толды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 12.08.2024 16:31 501

Бүгін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 24 жыл толып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінің мәліметінше, ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ұлттық парк өңірдің әсем табиғатын сақтау мен қалпына келтіруде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Ұлттық парк аумағы 83 510 гектардан 55%-ға ұлғайып, қазіргі таңда 129 484,88 гектарға жетті.

Соның арқасында 15-тен астам жабайы жануар түрлері мекендейтін бірегей экожүйесі бар өлке қанат жайып, аңдардың саны 5 еседен артық көбейді. Айталық, аскания бұғысы, сібір елігі, қабан және басқа да сүтқоректілердің 15-тен астам түрі еселеп артты. Бұл аң-құстардың тіршілігі мен көбеюіне қолайлы жағдай жасалғанын көрсетеді.

Ұлттық парк ұжымы жұмысының тағы бір маңызды көрсеткіші: 24 жылда жалпы ауданы 1400 гектар жерге 10 миллионнан астам қарағай мен қайың көшеті егілді. Қалпына келтіру жұмыстарының арқасында орман алқабы 6,2%-ға ұлғайды.

Әсем табиғат пен оның биоалуандығын сақтау үшін 2020 жылы Ұлттық паркте өртті ерте анықтайтын «Smart Burabayc» жүйеcі іске қосылды. Елімізде алғаш рет қолға алынған «ақылды» инновациялық технология тілсіз жауға тойтарыс беру жеделдігін едәуір арттырды. Сөйтіп, өрт шалған жердің көлемін ондаған есе азайтуға мүмкіндік туды.

Ал 2015 жылы «Бурабай» ұлттық табиғи паркі Қазақстандағы Ұлттық парктер арасында үздік деп танылды. Осылайша, іргелі ұжымның табиғатты қорғау және экотуризмді дамыту саласындағы жұмысы мен жетістіктері лайықты бағасын алды.    

2022 жылы «Бурабай» МҰТП ЮНЕСКО қамқорлығына алынған биосфералық резерваттар желісіне қосылды. Бұл мәртебе саябақтың бірегейлігін және оның жаһандық қорғауға алынған табиғи аумақтар ішінде ерекше маңызға ие екендігін көрсетеді. ЮНЕСКО деңгейінде танылу табиғатты қорғау және тұрақты даму саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу көкжиегін кеңейте түсті.

«Бурабай» МҰТП-ның 25 жылда атқарған қызметі – болашақ ұрпақтың игілігі үшін әсем табиғатқа қамқорлық жасаудың, экотурзмді дамытудың, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтауға деген ұмтылыстың жарқын үлгісі. Ұлттық парк ұжымының осынау атаулы күнде өзіне және барша қазақстандықтарға жасаған ең үлкен сыйы осы екені сөзсіз.   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға