Жаңалықтар

Бұл сайлауға қатысты заңның көлемі ауқымды – заңгер

«Қазақстандық заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбаймен сұхбат
Бұл сайлауға қатысты заңның көлемі ауқымды – заңгер
Фото: baq.kz 06.02.2023 18:00 1616

Заңды білу – қазіргі заман талабы. Оны меңгермей жатып ешкім өзінің құқығын толық қорғап шыға алмайды. Тіпті халық болып ел билігіне араласу үшін де құқықтық сауаттылық қажет.

Алда 19-наурыз күні Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткелі жатыр. Оған қатысып, депутаттарға дауыс бермес бұрын сайлау заңын білу керек. Бүгінде сайлау туралы заңды қарапайым халыққа түсіндіре алатын арнайы штаб құрылған.  Оның жұмысы мен заң тұрғысынан алып қарағанда жиі кездесіп жататын мәселелерге тоқталу үшін «Қазақстандық заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбаймен сұхбаттастық.

- Өткен Президент сайлауы кезінде «Адал сайлау үшін» штабын құрдыңыздар. Жұмыс нәтижесі қандай болды?

- Сайлау кезінде алғаш рет «Адал сайлау үшін» штабын құрдық. Оның негізгі мақсаты – халыққа сайлау заңын түсіндіру болды. Барлық 20 өңірде штабтың мүшелері, 132 заң кеңесшісі қызмет етті. Жеке басым Ұлытау облысында болдым. 2000-ға жуық адаммен кездесу өткізіп, қойған сұрақтарына жауап бердім. Сондай-ақ мұндай кездесулер Батыс, Солтүстік, Абай облысы сынды жерлерде де өткізілді. Жалпы нәтижесі жақсы болды деп санаймыз. Себебі халықтың, БАҚ-тың айтуынша, бірқатар жұмыс атқарылған. Сондықтан біз Президент сайлауы кезінде негізгі міндетімізді орындай білдік деп есептеймін.

- «Адал сайлау үшін» штабы алда келе жатқан Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауында қандай қызмет атқаратын болады?

- Бұл жолғы сайлауға қатысты заңның көлемі үлкен. Аудандық, облыстық мәслихаттардың сайлауының бір-бірінен айырмашылығы бар. Мәжіліс сайлауы биыл ерекше өтпек. Өйткені бұрынғыдай 30 пайыз Мәжіліс депутаттары мажоритарлық әдіспен сайланады. Яғни халық оларды өзі тікелей сайлайды. Қалған 70 пайызы 7 партиядан іріктеледі. Олардың ішінен қаншасы сайланатыны белгісіз. Ал біздің мақсатымыз – сол заңды түсіндіру. Бізге келіп түсетін сұрақтың барлығына жауап береміз. Осы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – халықпен жүздесуге көбірек көңіл бөлетін боламыз. Өйткені халық сайлаудың қалай өтетінін, кімге қалай дауыс беруге болатынын білуі қажет. Мұның барлығын заң аясында әрбір нүктесіне дейін ұғындырып, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

- Биылғы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауының бұған дейін өткізіліп жүрген сайлаудан айырмашылығы бар ма?

- Халықтың аудандық мәслихат депутаттарын тікелей сайлауға мүмкіндігі бар. Бір ауданның тұрғындары барлығын білгеннен соң кімді сайлау керек екенін біледі. Сондықтан да оларға таңдау жасау қиынға соқпайды деп ойлаймын. Сайлаудан соң депутаттардың істеп жатқан әрбір іс-әрекетін сайлаушылар қадағалап отырады. Берілген тапсырманы орындамай, дұрыс жұмыс істемесе, халықтың мүддесін қорғамайтын болса, онда сол депутаттарды заң бойынша қызмет орнынан босатуға құқымыз бар.

Облыстық мәслихаттың да 50 пайызын халық мажоритарлық жүйемен сайлайды. Егер олар елдің үмітін ақтамаса, орнынан босатып, басқа адамды сайлауға толықтай құқылы.

Алдағы уақытта сайланған депутаттар халықтың алдында тікелей есеп беретін, мұң-мұқтажына қарайтын болады. Оған қоса азаматтар бұл Мәжіліс депутаттары арқылы Сенат депутаттарынан есеп сұрай алады. Осылайша халық өзінің мемлекет билігіне араласа алатынын сезінеді.

- Заң бойынша кімдер депутат бола алмайды?

- Заң негізінде сотталып, жаза өтеу мекемелерінде отырған, соттылығынан арылмаған, ақыл-есі дұрыс емес, шетелдік азаматтар депутаттық қызметке тағайындалмайды. Үміткер кемінде 15 жыл Қазақстанда тұрған азамат болуы тиіс.

- Әр адамның құқықтық сауаты болу керек деген сөзді көп естиміз. Бірақ үнемі өзгеріске ұшырап жататын заңдарды қарпайым адамның білуі мүмкін еместей көрінеді.

- Біздің елдегі құқықтық сауаттылық өте төмен деңгейде. Алдымен, заң мектепте оқитын балалардан басталып үйретілуі керек. Ол Ата Заңымыздан бастау алады. Мектепті бітірген кезде тиісті дәрежеде заңды біліп шығуы қажет. Заңды бүге-шігесіне дейін жаттап, білу мүмкін емес. Оны тіпті кейде заңгерлердің өздері де біле бермейді.

Заң туралы жазылған неше түрлі интернет ресурстар, сайттар кез келген адамға қолжетімді. Көбісі оны тек қажет кезінде ғана іздеп, оқиды. Соның өзінде заңды қарамай жатып бәлеге ұрынатандары бар. Мысалы елімізде көпшілігі несие алады. Оның қағидалары мен ескертпелерін аяғына дейін қарамай, қандай мәселелер бар екенін толық зерттемейді, заңгерлерге жүгінбейді. Нәтижесінде несиеге төлейтін қаржыны екі есе етіп өсіреді. Кейде өзара дұрыс келісімшарт жасаспағандықтан, көп нәрседен ұтылып та жатады. 

Қазақстан бойынша 12 000 заңгер кеңесші бар. Неге олардың көмегіне жүгінбеске? Неге заңға бағынып, үйренбеске? Әр дамыған елде бір отбасының заңгері бар. Сондықтан да заңды оқу керек.

- Ата заңымыздың, басқа да құқықтық кітаптардың тілі өте күрделі жазылады. Қарапайым тілмен айтқанда жалпы халық үшін түсініксіздеу. Осыны түсінікті тілмен жазуға болмай ма? Әлде заңның тілі солай жазылу керек пе?

- Заң түсініксіз жазылған деген мүмкін рас шығар. Дегенмен де орыс тіліндегі заң терминологияларының өзін маман еместер түсінбей қалып жатады. Егер қандай да бір мәселе туындап жатса, оны заңгермен келісіп, кездесіп шешкен дұрыс. Әрине қазақ тіліндегі заңдар күрделі жазылған. Себебі қазақ тіліндегі ғалым заңгерлер өте аз. Тіпті кейбіреулерінің білімі төмен болады. Көбісі орысша ойлап, қазақшаға аударады. Бұл баяғыдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Қазіргі уақытта кейбір жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі заң кафедралары ашылып жатыр. Өте білікті, білімді заңгерлерді ЖОО-ы іздеп, жұмысқа алуы керек. Сонда олар жастарға таза қазақ тіліндегі заң терминологияларын үйретуге тырысатын болады. Бұл болашақтың мәселесі.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға