Жаңалықтар

Бүкіләлемдік көрмелердің адамзатқа тигізген пайдасы

Expo немесе Бүкіләлемдік көрмелер 1844 жылдан бері өткізіліп келеді
Бүкіләлемдік көрмелердің адамзатқа тигізген пайдасы
16.05.2017 16:32 10909

Expo немесе Бүкіләлемдік көрмелер 1844 жылдан бері өткізіліп келеді. Бір жарым ғасырдан аса тарихы бар бұл айтулы шарада адамзат тіршілігінің қарқындап дамуына сүбелі үлесін қосқан түрлі өнертабыстар таныстырылған. «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесінің тақырыбы: «Болашақ энергиясы». Энергия үнемдеу, жаңа энергия көздерін іздеу әлемнің көптеген елін алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан біз алдағы уақытта жаңа өнертабыстардың куәгері болатынымызға шүбәміз жоқ. Көрмеге келетін қонақтардың қандай тосынсый дайындап отырғаны әзірге құпия. Әзірге біз бір жарым ғасыр ішінде Бүкіләлемдік көрмелерде қандай жаңалықтар ашылғанын біле отырайық.

Телефон аппараты

1876 жыл. Филадельфияда өтіп жатқан Бүкіләлемдік көрмеде Александр Белл есімді ғалым «сөйлейтін телеграфты» таныстырды. Ол басқа бөлмеде тұрып Дат ханзадасының «болу, я болмау»  деген монологын оқыған кезде тұтқаның арғы бетінде естіп тұрған жұрт таңданыстан жағасын ұстады. Телефонның пайда болуына қатысты көптеген алыпқашпа әңгімелер жүрсе де, дәл осы Александ Белл есімді өнертапқыш алғаш болып Бүкіләлемдік көрмеде телефонды көпшілік назарына ұсынған адам ретінде тарих сахнасынан орын алды.

Фонограф

1878 жыл.  Араға екі жыл салып Франция астанасы Парижде өткен Бүкіләлемдік көрмеде фонографты таныстырды. Дыбыс жазуға және оны жаңғыртуға арналған құрал өз уақытында сиқырлы қорап секілді көрінген. Тіпті дауыс шығып жатқан қорапшаны көрген Буйо есімді профессор мұны алаяқтық деп түсініп өнертапқышты көрмеден қуып жібермекші болған. Өнертабыс иесі әйгілі Томас Эдисон.

Айналаны шолу дөңгелегі

1893 жыл. Джордж Вашингтон Гейл Феррис есімді инженер Бүкіләлемдік көрмеде айналаны шолу дөңгелегін таныстырды. Бұл Америкалықтардың Париждегі Эйфель мұнарасына жауап ретінде ойлап тапқан өнертабысы еді. Дөңгелек шарға мініп қаланы алақандағыдай көруге мүмкіндік беретін бұл өнертабыс бірнеше жылдың ішінде-ақ әлемге кеңінен танылып кетті.

Сыдырма ілгек

1893 жыл. Чикагодағы Бүкіләлемдік көрмеде Уитком Лое Джатсон есімді азамат сыдырма ілгекті көпшілік назарына ұсынды. Алғашында аяқ киімнің бауының орнына арналып жасалған сыдырма ілгектер бірден танымал бола қойған жоқ. Алайда арада жиырма жыл өткеннен кейін ғана мұндай сыдырма ілгектердің жеңіл қолданылатын түрі ойлап табылды. Мұндай сыдырма ілгектер бүгінде адам баласының күнделікті өмірін жеңілдететін бірден-бір құрал екені сөзсіз.

Рентген аппараты

1901 жыл. Буффалода өткен Бүкіләлемдік көрмеде гентген аппараты таныстырылды. Алғашында көрмеге келушілер бұл өнертабысқа сенімсіздікпен қараған. Тіпті сол уақытта оқ құшып жатқан Америка президенті Уильям Мак-Кинлидің денесіндегі оқты табуға осы құрылғыны қолдануды ұсынған екен. Алайда дәрігерлер жаңа затты науқасқа қолдануға рұқсатын бермеген. Көп ұзамай ауыр жарақаттың кесірінен Уильям Мак-Кинли көз жұмды. Гентген аппараттарын қазіргі кезде барлық ауыруханалардан кездестіруге болады.

Нейлон

1939 жыл. Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік көрмеде жаңа синтетикалық мата таныстырылды. Бұл матаны неліктен «нейлон» деп атағандығы жайлы алып-қашпа әңгімелер көп. Солардың бірі әйгілі екі қаланың қосындысы (NYLON = New York + London) деген болжам бар. Нейлонды әсіресе әйелдер қауымы ыстық қарсы алды. Матаны бірнеше есеге төзімдірек және созылмалы ететін бұл өнертабысты бүгінде адамзат кеңінен қолданып жүр.

Тікелей эфир

1939 жыл. Тікелей эфир тұрмақ теледидардың өзі тансық дүние деп есептелетін заман. Нью-Йоркте өтіп жатқан Бүкіләлемдік көрменің ашылу салтанатын тікелей эфирден көрсетті. Жиналған жұрт «бұл алдын-ала жазылып алынған шығар» деп сенбеген. Алайда уақыт өте болып жатқан оқиғаны қаз-қалпында көрсететін құрылғы әлем жұртшылығының көңілінен шығып, тез танымалдық тапты. Бүгін телеарналарды тікелей эфирсіз елестету мүмкін емес.

Ұялы телефон

1970 жыл. Жапонияның Осака қаласында өткен Бүкіләлемдік көрмеде ұялы телефон таныстырылды. Бұл технология әлемінде орын алған үлкен төңкерістердің бірі еді.  Осакадағы таныстырылымнан кейін алпауыт компаниялар бірнеше жылдың ішінде-ақ қалта телефондарын сатылымға шығарды.  Бір қызығы, 1910 жылы америкалық журналист Роберт Слосс ұялы телефондар пайда болатынын алпыс жыл бұрын болжаған екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға