Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты алдын ала сот тыңдауы басталады

Бүгін, 10 сәуірде, Талдықорған қаласында былтыр қазан айында Талғар қаласында қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты қылмыстық істің алдын ала сот тыңдауы өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс Алматы облыстық сотының қарауында болғанымен, тыңдау Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтеді. Жоғарғы сот бұл шешімді айыпталушылардың қазіргі уақытта Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында қамауда отыруымен түсіндірді. Тергеу барысында 11 күдікті ұсталып, қазір олардың тоғызына айып тағылып отыр.
Сот отырысы бейсенбі күні, 10 сәуірде, сағат 12:00-де басталады. Процесс ашық форматта өтеді. Істі судья Е.С. Жанұзақов жүргізеді.
Қылмыстық іс «Адам өлтіру», «Бұзақылық», «Қорқыту» және «Қылмыс туралы хабарламау» баптары бойынша қозғалған. Тергеуді Алматы облыстық полиция департаменті жүргізді. Іс 62 томнан тұрады, оның құрамында 40 сот сараптамасы, 200-ге жуық куәгердің жауабы және сегіз бейнематериал бар.
Жәбірленуші тараптың мүддесін сотта адвокат Мейірман Шекеевтің кеңсесі қорғайды. Қорғаушылар қатарында Жандос Палманов, Әлім Мұстафаев, Дина Досаева, Нұрболат Ыбраев, Бағдат Амандосұлы және Бекзат Мязов бар.
