Жаңалықтар

Бүгін қазақ вальсінің королі туған күн: композитор жайлы қызықты деректер

Бүгін қазақ вальсінің королі туған күн: композитор жайлы қызықты деректер
Фото: Шәмші Қалдаяқов 15.08.2023 12:35 2340

Бүгін, 15 тамыз, композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әнұран авторларының бірі, қазақ вальсінің королі Шәмші (Жәмшид) Қалдаяқовтың туған күні, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шәмші (Жәмшид) Қалдаяқов қазіргі Түркістан облысының Қызылқұм ауданында 1930 жылы 15 тамызда дүниеге келген.

Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы әндері халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алған.  

Композитордің туған күнінде қызықты деректер жайлы жазғымыз келді.

* Шәмші Қалдаяқов өнерлі отбасында туған. Әкесі он саусағынан өнер тамған ұста болса, анасы ән шырқағанда жиылған жұрт көзін жұмып , аузын ашатын көрінеді. Әкесінің ақындығы да болған. Шәмшінің өзі бала күнінен мандолинде ойнаған.

* Композитордың туғанда азан шақырып қойған есімі – Жәмшид. Бірақ бәрі оны Шәмші атап кетіп, кейіннен құжатқа да осы аты жазылған.

* Соғыс жылдары болашақ композитор трактор айдап, кейіннен Қапланбек зооветеринария техникумына түскен. Ал оқу орнын тәмамдаған соң Ақтөбе облысына зоотехник болып жұмыс істеуге жіберілді.

* Шәмшінің соғыстан кейінгі ашаршылық жылдарында жасаған жақсылығы жайлы да ел арасында айтылатын аңыз көп. Ол жағдай түзелгенде қайтарарсыңдар деп есептегі отардың бір бөлігін аш-құрсақ отырған жандарға таратқан. Осылайша талай жанды аман алып қалған. Бұл әрекеті үшін жазаға тартыла жаздаған, әйтеуір түгел халық көтеріліп, ұлын жамандықтан сақтап қалды. Әйтпесе тағдыры не болары белгісіз.

* 26 жасында Шәмші Қалдаяқов 21 жастағы ақын Жұмекен Нәжмеденовтің сөзіне еліміздің қазіргі әнұраны «Менің Қазақстаным» әнін жазды. 2006 жылғы қаңтарда бұл патриоттық ән Қазақстанның гимніне айналды.

* Композитор жазған әр әннің тарихы бар. Айталық, «Қыз сағынышы» Асанәлі Әшімовтің сол кездегі жары Майра Аймановаға арналса, Қадыр Мырзәлінің сөзіне жазылған «Тамды аруы» Өзбекстандағы қазақтарға арналған. «Ақ ерке – Ақ жайық», «Сыр сұлуы», «Арыс жағасында», «Арайлым ақ Келес» секілді әндердің көбісін композитор ел аралап жүріп жазған. «Қуаныш вальсі», «Қайдасың?», «Бақыт құшағында» әндері – оның қазақ вальсінің королі атануына себеп болған туындылар.

* Көзі тірісінде Қалдаяқовты сол кездегі билік талай рет қыспағына алған. Себебі оның әндері партия идеологиясына қауіпті деп топшыланған. Сұрқия саясат күн бермеген соң Шәмші 1974 жылы Алматыдан кетіп, сүйікті қаласына араға 18 жыл салып барып бір-ақ оралған.

* 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында Алматының орталық алаңына жиналған жастар Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін орындады.

* Өкініштісі, тірі кезінде Шәмші Қалдаяқов Композиторлар одағының мүшелігіне алынбады. Мәскеу оның кандидатурасын қабылдаудан үш рет бас тартты. Сондағы уәжі – Қалдаяқовтың консерваториялық білімінің жоқтығы. Бұл атақ тек Шәмші өмірден өткен соң ғана – тәуелсіздік жылдары берілді. Халық әртісі атағы танымал композитордың өмірден өтуіне екі ай қалғанды берілді. Бұл Шәмші төсек тартып қалған кез.

* Шәмші Қалдаяқовтың жарының есімі – Жәмила Қалдаяқова. Екі ұлы да музыкант болды: тұңғышы Мұхтар Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында дирижер болса, кенжесі Шалқар пианинода ойнайды.

* 1992 жылдан бастап Қазақстанда композиторлар мен әншілер арасында Шәмші Қалдаяқов атында халықаралық байқау ұйымдастырылады.

* Қалдаяқовтың есімі Шымкент, Астана, Алматы көшелеріне берілген. Сонымен қатар Алматыдағы Орталық концерт залы да композитордың атында. 2006 жылы Шымкентте ескерткіш орнатылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға