Жаңалықтар

Бүгін «Күш лекциясы» жалпыреспубликалық жобасы басталды

Бүгін «Күш лекциясы» жалпыреспубликалық жобасы басталды
Фото: El.kz 15.04.2025 18:11 486

Бүгін елімізде «Күш лекциясы» жалпыреспубликалық жобасы басталды. Оның алғашқы апробациясы Түркістан облысында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы Farab кітапханасында қоғам мен жастарға арналған тың форматтағы «Күш лекциясы» сыннан өтті.

Жобаның авторы әрі жетекшісі – ұлттық спорт түрлері мен күш мәдениетін зерттеуші, «Baluan tas» құрылымының негізін қалаушы Абылайхан Қалназаров.

«Күш лекциясы» – жастардың рухын көтеріп, өмірлік ұстанымын нығайтуға, ұлттық болмыс пен батырлық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жаңа мотивациялық платформа. Жоба азаматтық бастама ретінде жүзеге асып отыр және Қазақстанның 20 өңірін қамтуды көздейді. Ол «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының іске қосып отырған екінші жобасы.

Бүгін «Күш лекциясы» жалпыреспубликалық жобасы басталды

Бұл – қоғамға, әсіресе талапты әрі спортпен шұғылданатын жастарға арналған бұрын-соңды болмаған ерекше жоба. Басты мақсатымыз – қазақ тарихындағы мемлекетшіл тұлғалар мен батыр-балуандардың тағылымды өмір жолын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету. Бұл – шынайы ерлік пен еңбектің, ұлттық рух пен табандылықтың дәрісі, – деді Абылайхан Қалназаров.

Жобаның негізгі міндеттері:

◉ Ұлттық батырлық пен күш мәдениетін жаңғырту;

◉ Жастарға шынайы мотивация беру;

◉  Спортшы буынға бағытталған арнайы дәрістер өткізу;

◉ Ұлттық құндылықтарды қазіргі заманмен сабақтастыру;

◉ Ашық диалог алаңын қалыптастыру;

◉ Цифрлық және медиа-контент жасау арқылы кең аудиторияны қамту.

Алғашқы нәтижелер мен алдағы жоспарлар:

Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін:

20 өңірде мотивациялық лекциялар ұйымдастырылады;

◉ 300 мыңнан астам жас қатысатын болады;

◉ 100-ден астам танымал тұлға спикер ретінде шақырылады;

◉ Әлеуметтік желілер мен медиа арқылы миллионға жуық аудиторияны қамтитын контент ұсынылады.

Айта кетейік, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы – қазақ халқының барлық дәстүрлі спортын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған инновациялық орталық. Бұл ұйым ұлттық спорт түрлерінің физикалық, рухани-мәдени және зияткерлік құндылықтарын зерттеп зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді және спорт арқылы елдік рухты күшейтуді көздейді. Ол 2025 жылы 17 наурызында ұлттық спорт түрлері зерттеушілері мен ғалымдарының бастамасымен Астана қаласында құрылып, өз жұмысын бастады. Құрылтайшысы және жетекшісі Абылайхан Қалназаров.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға