Жаңалықтар

Бүгін – дүниежүзілік бір күндік автокөліктен бас тарту күні

Бүгін – дүниежүзілік бір күндік автокөліктен бас тарту күні
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 22.09.2024 14:37 651

Жер шары тұрғындарын соңғы уақытта экология мәселелері жиі толғандырады. Себебі, Жер-анамыз аялы алақанымен пенде перзентін әлпештеуін әлпештегенімен өзі де ауық-ауық дімкәстанып қалады. Енді пенде-перзент «анасының» жағдайын жасауы тиіс. Алпауыт фабрикалар, зауыттар, қаптаған өндіріс орындары, қоқыс шығарындылары, көліктен шыққан улы газдар барлығы экологияның жаулары.

Әсіресе, көліктен шыққан улы газдың зардабы орасан. Бұл ретте адамзат енді электромобильдер мен экологияға зиянсыз көлік түрлерін шығара бастаса, кейбірі велосипед сықылды көлік түрлеріне аса зор мән беріп келеді. 22 қыркүйекте әлем жұртшылығы «дүниежүзілік бір күндік автокөліктен бас тарту күнін» атап өтеді. Алғаш рет Францияда пайда болған бұл атаулы күні табиғат жанашырлары халықты темір тұлпарларын велосипедтерге ауыстыруға шақырады. Осылайша жұртшылық жаяу жүру мен велосипед тебу арқылы ең болмағанда жылына бір рет экологияға үлес қосып, денсаулығына да көңіл бөле алады.

Бүгінде бүкіл әлемге таралып кеткен бұл атаулы күнді алғаш рет Францияның 20 шақты қаласы атап өткен екен.  21 ғасырдың басында бұл қозғалысқа тағы 35 ел қосылды. Осылайша жұртшылық ең болмағанда жылына бір рет бұл мәселеге назар аударатын болды, ал әлемнің ірі қалалары орталықта көлік мінуден бірте-бірте бас тартып, экологиялық  троллейбустар мен трамвайларды сонымен қатар велосипедтерді пайдалана бастады. Экологияның бұзылуының алдын алып, денсаулықты жақсартуда велосипедті пайдалануды насихаттау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы  2020 жылы 12 мамырда дүниежүзілік велосипед күнін атап өтуді мақұлдайды. Бұл өз кезегінде халықты қоршаған ортаға деген көзғарасын өзгертіп, әрі десе салауатты өмір салтының ұстануына да өз ықпалын тигізері сөзсіз.

Көл-көсір көліктер

Жалпы 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі статистика бойынша Қазақстандағы көлік саны 4 млн 378  мыңға жетсе, өткен жылы 5 миллионнан асып, бұл көрсеткіш былтырғы 1 тамыздағы жағдаймен салыстырғанда 15%-ға өскен екен. 2023 жылғы шілдеде 169,3 мың автокөлік құралы есепке қойылды, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 1,8 есе артып, оның ішінде жеңіл автомобильдер 1,8 есеге, автобустар – 2,2 есеге және жүк автомобильдері 1,8 есе артыпты. Көліктің мұнша өсуі экологияға да өз әсерін тигізбей қоймайды. Әрі көлік кептелісін де тудырады. Мысалы,  көлігі көп саналған мегополистер «Астана мен Алматыда кептеліс болмау үшін бір мезетте қанша көлік жүру керек?» деген сауалға сарапшылар былай деп жауап береді: Екі қалада да көлік саны ең көп жағдайлар таңғы 8:00 және кешкі 18:00-де байқалады. Осы уақытта жолдарда көлік саны көбейіп, жылдамдық ең төменгі деңгейге дейін түседі. Астана көшелерінде бір мезгілде 100 мың көліктен аспайтын жағдайда ыңғайлы қозғалыс болады. Қазір Астана жолдарында кептеліс кезінде шамамен 136 мың көлік қозғалады. Алматыда кептелісте 205 мың көлік жүреді. Ыңғайлы қозғалыс үшін бұл қалада көлік саны 170 мыңнан аспауы керек. Демек, жоғарыдағы статистикаға көз жүгіртсек, көлік саны жыл сайын көбейіп келеді, артпаса кемімейтіні аян. Енді қайтпек керек?! Мұндай мәселелер әлемнің барлық мемлекетіне тән. Дегенмен, олар бұның шешілу жолдарын жан-жақты қарастырып, тиісті жобалар мен жұмыстарды қолға алып жатыр. Соның бір мысалы -  халықты велосипед тебуге ынталандыру.

Велосипед тарихы 

Велосипедтің тарихы терең. Велосипедті ойлап табудың ресми күні - неміс профессоры барон Карл фон Дрез «жүгіретін машинаның» үлгісін жасаған 1817 жыл деп есептеледі. Бірақ ғажайып көлікті ойлап табушылар ішінде көптеген басқа адамда бар. Олардың ішіндегі ең танымалы - итальяндық Ренессанс суретшісі Леонардо да Винчи еді. Тек Карл Дрез Laufmaschine атты көлігіне ресми түрде алғаш болып патент алған. Бұл модельде педальдар болмады, ал қозғалу үшін аяқтарыңызбен итеру керек болды. Заманауи велосипедтердің алғашқы үлгілері екі доңғалақты ағаш скутерлер. Олардың қашан пайда болғаны белгісіз. Бірақ оларды көне суреттерден көре аламыз. 1761 жыл атпен жүруге және жерден аяғымен итеруге мүмкіндік беретін көлік құралының өндірісі туралы алғашқы деректер бар. Ағаш скутерді неміс вагон шебері М.Касслер жасаған. Бірақ кейбір деректер велосипедтің тарихы екі ғасырдан астам уақытты қамтиды деуге негіз жоқ екенін жазады. Мәселен, зерттеушілердің көпшілігі Леонардо да Винчиге немесе оның шәкірті Джакомо Капроттиге тиісті деп саналған  рульі мен шынжыр жетегі бар екі доңғалақты велосипедтің сызбасын жалған деп санайды.

Кейбір деректерге қарағанда, 1863 жылы Парижде 20 жастағы франциялық өнертапқыш Пьер Лалман қазіргі велосипедке ұқсайтын ең алғаш көлік құралын жасап шығарған көрінеді. Тағы бір жылдан кейін франциялық инженер Пьер Мишо бұл көлікке «велосипед» деген атау берген екен. Деректерде велосипед (ескі французша vélocipède, латын тілінен аударғанда vēlōx «жылдам» және pes «аяқ») — аяқ педальдары арқылы немесе қол рычагтары арқылы адам бұлшықет күшімен басқарылатын доңғалақты көлік (немесе спорттық құрал) дегенді білдіреді. 1866 жылдың қараша айында Пьер Лалман Америкаға барып, өзі жасап шығарған велосипедке патент алды. Сөйткен велосипед жылдар бойы техникалық жағынан жетіліп, бүгінгі күнге дейін адамзат кәдесіне жарап келеді. Бір қызығы, XX ғасырда велосипедке деген қызығушылық біресе артып, біресе төмендеп отырған. 1905 жылдан бастап АҚШ пен Германия сияқты дамыған елдерде автокөлік индустриясының дамуына байланысты велосипед сән болудан қалды. Жол полициясы велосипедшілерді автокөлік қозғалысына кедергі туындататындар деп санайтын. Алайда 1960 жылдың аяғына таман экологиялық мәселелерге алаңдаумен қатар, салауатты өмір салтын насихаттайтын дамыған елдерде велосипедке деген қызығушылық қайтадан артты.

Велосипедтің әлеуметтік рөлі зор болды. Еуропада бастау алған велосипед өндірісі автокөлік пен ұшақ құрастыру ісінің техникалық базасын құруға негіз беріпті. Велосипед қаңқасы мен басқа бөлшектерін жасауға бағытталған метал өңдеу технологиялары кейіннен көліктің өзге түрлерінде қолданыс тапты. «Ровер», «Шкода», «Пежо», «Опель» сияқты өткен ғасырдың басында құрылған автокөлік шығаратын көптеген компаниялар әуел баста велосипед зауытынан бастаған екен. Жүргізушінің жынысына қарамайтын велосипед гендерлік теңсіздікті жоюға да үлес қосты. Оның арқасында әйелдер еркін қимылдауға мұрша бермейтін тар корсетті тастап, велосипедтің арқасында сәнге айналған ықшам, әрі ыңғайлы шалбар кие бастады. Велосипедтің арқасында халық бір қалада шоғырланбай, қала сыртында өмір сүріп, алыс жерлерде жұмыс істеу мүмкіндігін алған.

Велосипедтің Қазақстандағы тарихы

ХХ ғасырдың басында елімізге велосипедтер келе бастады. Онымен бірге велоспорт түрі де пайда болды. Велосипед халық арасында кеңінен насихатталды. Қазақстанда велоспорттың дүниеге келген күнін 1914 жылы 6 шілдеде Ақтөбе қаласында жол велосипедінен жарыс өткен деп санауға болады.  1918 жылы Петропавл, Орал, Қызылорда және басқа қалаларда үйірмелер құрыла бастады. Сол уақыттан бері велосипед қалың еңбекшілер қауымының меншігіне айналды. Жалпыға бірдей білім беру органдары құрылғаннан кейін велосипед жастардың дене шынықтыруына қолданыла бастады және бірте-бірте халық өміріне енді. Қызылордада аңшылар топтары ұйымдастырылып, велосипедшілер алыс далаға сапар шекті. Өткен ғасырдың аяғына таман Кеңес Одағында адамның жас шамасына қарай сұрыпталған «Дружок», «Школьник», «Орленок», «Салют», «Кама», «Урал», «Уралец», «Украина», «Аист» сияқты велосипедтер кеңінен тарағанын алдыңғы буын өкілдерінен жақсы білеміз. Ал бүгінде қос дөңгелекті шайтан арюаны серік еткендердің қатары көбеймесе, азаяр емес. Бір ғана мысал, өткен жылдың  маусым айында шетелден 31,3 мыңға жуық велосипед әкелінсе, оның 27,4 мың данасы Қытайға тиесілі екен. Бұл ретте импорттың жалпы құны 1,4 млн. (біреуіне орташа есеппен 46 доллар). Сол маусым айында экспортқа елімізден  24 454 екі доңғалақты велосипед кеткен. Барлығы дерлік Тәжікстанға апарылған (23,5 мың бірлік). Тағы 889 дана Ресейге, Қырғызстанға (14), Хорватияға (5) және тіпті Нидерландыға (1) сатылды. Маусым айында Тәжікстанға экспорт ақшалай түрде 44,7 мың долларды құрады (сатылған бір велосипедтің орташа бағасы екі доллардан аз болды). Ресейге велосипедтер орта есеппен 107 доллардан сатылдыү Бір ғана айдың қорытындысы бойынша жалпы экспорт 95,6 мың долларды құрады.

Еліміз велосипедке қалай көңіл бөледі?

Сарапшылар айтуынша, ел үкіметінің бастамаларының күшеюіне және тұтынушылардың денсаулық туралы хабардарлығының артуына байланысты велосипед нарығы алдағы жылдары оның өсу қарқынына оң әсер етеді деп күтілуде. Экологиялық таза және тұрақты өмір салтына бейімділік Қазақстандағы тұтынушылар арасында экологиялық және электрлік велосипедтерге сұраныстың артуына әкелді. Бұл өзгеріс елдің көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға және экологиялық таза көлік нұсқаларын ілгерілетуге бағытталған үкіметтің жұмыстарына да қатысты. Сонымен қатар, урбанизация мен кептелістің артуы велосипедтердің ыңғайлы және қол жетімді көлік түрі ретінде танымал болуына ықпал етті. Нарықтағы үрдістерге келер болсақ, Қазақстанда велосипедтер нарығында электронды велосипедтерге сұраныстың күрт өсуі байқалады, өйткені үкімет тасымалдаудың экологиялық таза нұсқаларын ілгерілетуде. Сонымен қатар, әсіресе қалалық жерлерде велосипед қызметтерін пайдалану үрдісі артып келеді. Бұл үрдіс жалғасады деп күтілуде, өйткені үкімет велосипед инфрақұрылымын жақсартуға және салауатты өмір салтын насихаттауға инвестиция бөліп отыр. Ал макроэкономикалық факторларды атар болсақ,  Қазақстандағы велосипедтер нарығына жаһандық экономикалық үрдістер, ұлттық экономиканың жай-күйі, салық-бюджет саясаты және қаржылық көрсеткіштер сияқты макроэкономикалық факторлар да әсер ететінін атап өткеніміз жөн.

Жоғарыда ел үкіметінің велосипедке қатысты саясатын сөз еттік. Осы тұрғыда атқарылған шаралардан бір-екі мысал етелік. Мысалы велоинфрақұрылымға қатысты. Өткен жылғы республика өңірлерінің жергілікті атқарушы органы жүргізген аудит нәтижесінде велоинфрақұрылыммен жақсы жабдықталған өңірлер белгілі болды. Түркістан облысы елді мекендерінде веложолақтардың жалпы ұзындығы 105 шақырымды құраса, Астанада 80,4 км, Алматыда 70 км, Атырау облысында 24,2 км веложолақ бар. Бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың Мәжіліс депутаттарының сауалына жауабынан белгілі болды. «Ақтөбе (52 км), Атырау (34,7 км) Павлодар (40 км) облыстары мен Алматы қаласында (30,9 км) велоинфрақұрылым салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр. Ал Алматы қаласында 30,9 шақырым веложолақ салу жобасының сметалық құжаттары биыл жыл соңына дейін дайын болады», – делінген Роман Склярдың жауабында. Сондай-ақ, жауапта электр самокаттарға арналған тұрақтарды ұйымдастыру бойынша да айтылған. Атап айтқанда, 2022 жылы кикшеринг компанияларының есебінен электр самокаттарына арналған 700 тұрақ әзірленген. Алматы қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, қалада электр самокатын қолданатындардың орташа жасы – 16 мен 25 жас аралығы.

Қытайдағы жағдай

Қытайлық режиссёр Ван Сяошуайдың «Бейжің велосипедтері» деген фильмі бар. 2001 жылы Франция, Тайвань және Қытай бірігіп түсірген драмалық фильм.  Туындыда Қытай астанасы Бейжің қаласына елдің түкпір-түкпірінен,  «арман қуып» көптеген жастар оқуға, жұмыс істеуге ағылып келеді. Фильм солардың ішінде болған 16 жасар бозбала Гуенің курьерлік компанияға жұмысқа тұрған сәтімен басталады... Режиссер Ван Сяошуай қытайлық бозбаланың қарапайым тұрмысы арқылы велосипедтің құндылық ретінде танылғанын да аңғартады. Фильмде қара халықтың тұрмысы ғана емес, махаббат та суреттеледі. Гуе әлдебір аруға ғашық. Бірақ бақталас та бар. Қарапайым қытай азаматы үшін велосипедтің қаншалықты құнды екенін бұл фильм шынайы жеткізеді. Фильмде бір эпизод бар. Бір велосипедке екі адам таласып қалады. Ақырында бұзақы жігіттер Гуенің шайтан арбасын тартып алмақшы болғанда велосипедке жабысып алып, оны жібермей айқайлап жылауы денеіңзді шымырлатып қана қоймай, терең ойларға жетелейді.  Міне, осы фильмді көрген соң біз үшін Бейжің қалың велосипедшілер қаласы деген ұғым қалыптаса түседі. Бейжіңге келгелі бұған көзіміз жете түсті. Енді осыған тоқталсақ.

Қазір Қытайдың көптеген қалаларында көшелерде QR кодын сканерлеу арқылы кез келген жердегі  велотұрақтан велосипедтерді емін еркін пайдалана аласыз.Велотұрақтарды кез-келген жерден порттардан, метро станцияларынан кездестіресіз. Мұндағы ел үкіметінің тиімді саясатының арқасында қала көшелерінде веложолақтарды көптеп байқауға болады. Велосипедшілерге арналған жол үстіндегі көпірлер мен жер астындағы жолдарда да жағдайлар толық қарастырылған. Тіпті велосипедке арналған бөлек бағдаршам да бар. Бір жағынан, ортақ велосипедтердің пайдалану «энергияны үнемдеу және шығарындыларды азайту» бастамаларының талаптарына сәйкес келеді, ал екінші жағынан, оларға ыңғайлы және арзан жол жүру көптеген пайдаланушыларды тартуға көмектеседі.

Алғашқы велосипедтер Қытайда XIX ғасырдың соңында пайда болған деседі.Бірақ оларды тек еуропалықтар мінген. ХХ ғасырдың басында шетелден әкелінген және өте қымбат тұратын велосипедтерді тек ең бай қытайлықтар, негізінен Еуропаға барғандар сатып алды. Велосипедтерге деген қызығушылық 1920 жылдары аздап өсті: жаңа көлік құралының сәні жағалау аймақтарында тарала бастады. 1949 жылы ҚХР-ның жариялануы велосипед көлігі үшін шынымен бетбұрыс болды. Осы уақытта Орта Патшалықта велосипедтер шығарылып және оларды халықтық көлік құралы ретінде насихаттай бастады. Көптеген жұмысшыларды велосипедке ауыстыра отырып, Үкімет қоғамдық көліктің жетіспеушілігі мәселесін шешті.  Сол кезде қалалардың дамуы велосипедшілердің қажеттіліктерін ескерді. Яғни,  жолдар кеңейіп, екі доңғалақты пайдаланушылар қосымша жеңілдіктер алды. Велосипедтердің жаппай өндірісі ХХ ғасырдың ортасында басталды.

Статистика көрсеткендей, барлық велосипед өнімдерінің шамамен 80% Қытайда өндіріледі. Әрине, бәрі ішкі нарыққа бармайды – оның көп бөлігі басқа нарықтарға экспортталады. 2022 жылы велосипедтер метродан, автобустардан, таксилерден және автомобильдерден озып, Қытайда жұмыс істеуге арналған көлік нұсқаларының 44,3% құрады. Сол жылы Қытайдағы велосипед қолданушыларының көпшілігі 27 мен 39 жас аралығындағы болды, бұл елдегі велосипед тұтынушыларының бүкіл демографиялық көрсеткішінің 62,2% құрады. 2023 жылы Қытайдағы велосипед нарығы 31,08 миллиард АҚШ долларына жетті. Қытай әлемдегі ең ірі велосипед өндіру және экспорттау орталығына айналды, бұл әлемдік велосипед саудасының 60% құрайды. Велосипед экспорттау Қытайдың велосипед индустриясына зор ықпал етіп отыр.  2023 жылы Қытайда жасалған велосипедтер саны 48,83 миллионды құрады, оның 39,65 миллионға жуығы экспортқа шығарылған. Велосипед соңғы жылдары сән, спорт және озық технология сияқты факторларға байланысты қытайлықтардың күнделікті өміріне қайта кірді. Бұрын «велосипед патшалығы» атанған Қытай енді сол атаққа қайта ие болды. 2025 жылға қарай  20 миллион велосипед экспортталады деп болжануда. 2024 жылдың бірінші тоқсанында Қытайда велосипед экспорты өсті. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады. Қытай велосипед ассоцияциясының дерегінше қаңтар-наурыз айларында (өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда) велосипед экспорты 13,7 пайызға артып, 11 миллионға жуық данаға жеткен. Оның ішінде ең көбі АҚШ-қа шамамен 2,3 миллион велосипед экспорттады, бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 47,2 пайызға артық. Ал Ресейге велосипед экспорты 52,1 пайызға артып, 930 мың бірлікті құраған. Ал велосипед бөлшектері мен аксессуарларының экспорты 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 746 миллион долларға жетіп, 10,8 пайызға өскен.

Велосипед нарығындағы кіріс 2024 жылы 56,06 миллион АҚШ долларына жетеді деп болжануда. Кірістің жылдық өсу қарқыны 2,49% құрайды деп күтілуде, нәтижесінде нарықтың болжамды көлемі 2029 жылға қарай 63,39 миллион АҚШ долларын құрайды. Велосипедтер нарығында өнім бірліктерін сату 2029 жылы 231,20 мың велосипедке жетеді деп күтілуде.

Еуропада қай елде ең көп велосипед қолданылады?

Бірінші велосипедтер Еуропада 19 ғасыр пайда болып, одан бері әлемге кең тарап, қазіргі дағдылы кейіпіне дейін дамып келген. Халық санына шаққанда тіркелген велосипедтер саны бойынша әлемде Нидерланд көш бастайды. Одан кейінгі орындарға Дания, Германия, Швеция жайғасса, үздік бестікті Норвегия қорытындылайды. Бұл көрсеткіш бойынша Жапония жетінші орында тұр.  Иә, Нидерланд – велосипедшілер елі. Неге десеңіз, жер көлемі шағын ғана Еуропаның батысында орналасқан мемлекетте 35 мың шақырымнан асатын веложолақ төселген. Ал, 17,6 млн халық тұратын елде 22,1 млн велосипед тіркелген. Халықтың 99 пайызында велосипед бар. Оны халықтың 50 пайызы тұрақты қолданады. Еуропадағы ең «велосипедші» ел деп – Данияны да атасақ болады. Бұл елдің орташа тұрғыны жылына 893 шақырымды жүріп өтеді. Германия, Швеция мен Норвегия елдерінде де велосипедшілер саны өте көп. Осы қатарға жақында Франция да қосылып қалуы ғажап емес. Себебі, Данияда халықтың 15 пайызы велосипедпен қатынайтын болса, бұл көрсеткіш Францияда 3 пайыздан аспайды. Билік таяу жылдары осы олқылықтың орнын толтыру үшін, велосипедшілер санын 9 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Мысалы, 2,2 млн тұрғыны бар Парижде бес жыл ішінде 130 шақырым веложол төселеді. Оны іске асыру үшін бюджеттен 250 млн еуро бөлінеді. Екіншіден, билік велосипедке отырғандарды қаржылай ынталандырады. Билік ауаны ластайтын көліктен бас тартып, велосипедке отырған француздарға 4 000 еуро көлемінде өтемақы береді. Қазіргі курспен 1,9 млн теңге болатын төлемді табысы төмен отбасылар алады. Осы санатқа кіретін француздар бұл қаржыға велосипед сатып алулары керек. Ал, велосипеді бар болса, онда субсидия ретінде мемлекет берген қаржыны басқа мақсатқа жұмсауға рұқсат беріледі. Мұндай төлемнен көліктен бас тартқан жағдайы жақсы француздар да қалыс қалмайды. Осылайша, француз билігі Францияны да велосипедшілер еліне айналдырып, халықтың экосанасын арттырғысы келеді.

Жалпы велосипедтің Еуропадағы жоғары танымалдылығы үкіметтер жүргізетін саясатқа байланысты, өйткені велосипедтің маңыздылығын арттыру қала орталықтарын көліктерден босатуға, қоршаған ортаны жақсартуға, сондай-ақ адамдардың денсаулығын жақсартуға көмектеседі.

P.S. «Мемлекетке ең қауіпті адам -  велосипед тебетін адам. Себебі ол көлік салығын төлемейді,  Көлік алу үшін несие алмайды. Велосипед тебу -  спорт түрі болғандықтан ешқашан ауырмайды, яғни дәрі-дәрмек те алмайды»,- деген шындығы аралас әзіл бар. Яғни, велосипедтің пайдасы ұшан теңіз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) мәліметінше, қала тұрғындарының көпшілігін құрайтын жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге инвестиция салу өмірді сақтап қалуға, қоршаған ортаны қорғауға және кедейлікті азайтуға көмектеседі. Сондай-ақ 12 мамыр күні бүкіл әлемде Дүниежүзілік велосипед күні атап өтіледі. Ерекше мереке 2018 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясымен бекітілген. Бұл датаны атап өтуге арналған резолюцияда «екі ғасыр бойы қолданылып келе жатқан велосипедтің бірегейлігі, ұзақ мерзімділігі мен әмбебаптығы және оның қарапайым, қолжетімді, сенімді, және экологиялық таза көлік құралы екендігі» мойындалған. Велосипед – «тұрақты тасымалдаудың символы және климатқа оң әсер етеді. Тұрақты велосипедпен жүрудің денсаулыққа пайдасын мамандар жиі айтады. Әсіресе, велосипед айдаған адамның ұйқы мен зат алмасуы жақсарады, демек, ас қорыту, төзімділік пен бұлшықет тонусы артады, жүйке жүйесі нығаяды, стресс деңгейі төмендейді. Бұл тұрақты тасымалдау түрін пайдалану жүрек ауруы, инсульт, артрит, депрессия және қант диабеті қаупін азайтуға көмектеседі. Осылайша, қазіргі әлемде велосипедтің маңыздылығы артып жатыр.

Жер шарында миллиардтан астам велосипед бар екен. Бүгінде  экологиялық таза және салауатты өмір салтының кепілі болған бұл көліксіз өмірді елестету қиын. Сонымен қатар, болашақ велосипедке тиесілі. Көптеген мемлекет жолдардағы велосипедшілер санын көбейтуге, сол арқылы автомобильдер санын, олар арқылы шығатын атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға тырысып жатыр. Ендеше, осынау ұлы дүрмектен біз де қалыспауымыз қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға