Бүгін Астана күні тойлануда

Биыл бас қала Астанаға 26 жыл толды. Аталмыш мереке қарсаңында елордада 100-ден астам іс-шара өткізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елордадағы орталық саябақта «Театрлы Еуразия» халықаралық театр форумы аясында Ресей, Польша, Эстониядан келген әртістер өнер көрсетуде.
Суреттер: El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА
Саябаққа көпшілік қауым жиналды. Елордалықтар мерекені ерекше көңіл күймен атап өтуде.
Суреттер: El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА
Бүгін сондай керемет мерекенің куәсі болып отырмыз. Астана - біздің елордамыз. Оны ерекше жақсы көреміз. Мереке қарсаңында шетелден әртістер келіп, өз өнерін көрсетіп жатыр. Біз оларға өте ризамыз және шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша жандарға алғысымызды білдіреміз, - дейді қала тұрғыны Жанна Серкебаева.
Айта кетейік, фестиваль қатысушыларының театрландырылған қойылымдары 7 шілде күні де жалғаспақ.
Сондай-ақ бүгін сағат 20:00-де Амфитеатрда Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония әртістерінің қатысуымен «Астана - арман қала» мерекелік концерті өтеді. Іс-шараға белгілі өнер қайраткерлері мен эстрада жұлдыздары Майра Ілиясова, Қанат және Света Айтбаевтар, Арайлым Рахимқызы, Гүлнұр Оразымбетова, Зарина Омарова, Мұратбек Хайролда, Фарида Жолдасова, Әкімхан Мәженов, Алтыншаш Мұқатаева, сондай-ақ DJ Dake және «ALEM»
заманауи би балеті қатысады.
