ӘБУ ӘЛИ ибн СИНА
ӘБУ ӘЛИ ибн СИНА, Әбу Әли Хусейн ибн Абдаллах (лат. транскрипциясы — Авиценна; 980, Бұхара қ. жанындағы Афшана а. — 18. 6. 1037, Хамадан) — ортағасырлық ғалым, философ, дәрігер. Орта Азияда және парсы жерінде (Иранда) өмір сүрген; түрлі әмірлер тұсында дәрігерлік және уәзірлік қызметтер атқарған. Басты филос. еңбектері — “Дауа кітабы” (“Іұтқару кітабының” қысқаша мазмұндамалық нұсқасы), “өсиеттер мен кеңестер кітабы”, “Білім кітабы” (парсы тілінде, “Даныш-намэ”). Ә. Ә. ибн С. философиясы метафизика, гносеология және логика салалары бойынша шығыс аристотелизмі дәстүрін, бір жағынан неоплатонизмнің онтологиялық концепцияларын дамытады. Ә. Ә. ибн С. пікірінше тек құдай ғана абсолютті тіршілікке ие, қалғандардың бәрі де өздігінше тек мүмкін нәрселер ғана, олардың болмысқа енуі тек құдайдың құдіретімен болатын жәйт. Әйтсе де құдай жаратқан табиғат уақыт пен кеңістік ішінде бола тұрып, эманациялар иерархиясы арқылы мұнан әрі өзіндік қозғалыс принципі бойынша дамиды. Ә. Ә. ибн С-ның әлеуметтік ілімінде әділетсіз қоғамға қарсы қарулы көтерілістер жасауға дейін баруға болатыны туралы ой бөлекше есте қалады.
Мұсылмандық дін ілімі өкілдері (әсіресе, Әбу Мұхаммед Ғазали) Ә. Ә. ибн С-ны “дін бұзарлығы” мен “атеизмі” үшін айыптаса, Әбу-л-Уәлид Мұхаммед ибн Рушд оны натуралистік көзқарастары үшін сынға алады. Ә. Ә. ибн С-ның филос. және жаратылыстану ғылымына арналған трактаттары бірнеше жүздеген жылдар бойы Шығыс пен Батыста кең таралған тарихи мәні зор мәшһүр еңбектер қатарында келеді. Ә. Ә. ибн С-ның араб және парсы тілдерінде азын-аулақ өлеңдері сақталған. Оның поэтикалық шығармаларына арқау болған тақырыптар — материяның мәңгілігі, ағартушылық пен ғылымды уағыздау. өлеңдерінің өзіндік белгілері — афоризмге толылығы, көркемдік бейнелеу әдістерінің қарапайымдылығы. Парсы тіліндегі өлеңдерінің басым бөлігі рубаяттар түрінде жазылған. Ә. Ә. ибн С. шығармалары классикалық парсы, араб, өзбек және орта ғасырлық еврей әдебиетіне елеулі ықпал жасаған. Ә. Ә. ибн С. дәрігерлік кәсіппен 16 жасынан бастап шұғылданды. жергілікті тәбиб әдістерін үйренген соң, ол кітаптардан ескі грек, руми, үнді, парсы, қытай мед. негіздерін өңдеп жетіктірді. Әсіресе, ескі юнан жұртының атақты дәрігерлері Гиппократ пен Галеннің еңбектерімен толық танысты, олар айтқан қағидаларды толықтырды, қатесін түзетті, ескірген ұғымдарын алып тастады. Ә. Ә. ибн С. арқасында Гиппократ пен Галеннің даңқы қайта жайылды, әйтегенде Еуропада олардың еңбегі түгіл есімі де ұмытыла бастаған еді. Оның күрделі туындысы — “Дәрігерлік ғылымның каноны” (“Китаб әл-канун фи-т-тибб”), бұл — көл. 200 баспа табақ, 5 кітаптан тұратын мед. энциклопедия. Араб тілінде сан рет көшірілді. Латынша аудармасы 12 ғ-да жарық көріп, аз уақытта бүкіл дүние жүзіне таралды. Күллі Шығыс пен Батыста Ә. Ә. ибн С. осы кітап арқылы 5 — 6 ғ. бойы мед. ғылымының дара жетекшісі, дәрігерлердің ұлы ұстазы болды, “Медициналық ханзада”, “Шейх-ур-райс” деген ұлы есімге ие болды. Баспа әдісі пайда болғаннан кейін “Канонның” басылуы Інжілмен бәсекелес өтті. Араб тіліндегісін санамағанда лат. аудармасы 30 шақты рет басылды. “Канон” орыс, өзбек тілінде ғалымның 1000 жылдық салтанатына байланысты Ташкентте (1954 — 56) басылып шықты. “Медицина — саулықты сақтау, науқасты кеселден айықтыру үшін адам тәнін зерттейтін ғылым”, — дейді автор. “Медицинаның бір бөлігі — білім, екіншісі — амал, мұның екеуі де ғылым, біреуі медицинаның түп негізі болса, екіншісі — амал жасау ережелері”. Ә. Ә. ибн С-ның ең негізгі насихаты — саулықты күні бұрын сақтау. Бұл жөнінде оның қоятын шарттары: тағамды талғай білу, денені шынықтыру және таза ұстау. Бұл ережелер осы күнге дейін маңызын жойған жоқ. Ал ғасырлар бойы бұған еліктеп жазылған кітаптар да өте көп. Саулық сақтау жолдарын Ә. Ә. ибн С. былай деп көрсетеді: “Дене құрылысының гармониясын бір қалыпты ұстау, тағам мен ішімдікті талғау, дәрет тәртібін мұхияттау, киім мен ауа тазалығын ұстау, дене мен рух бірлестігін көздеу, ол үшін ұйқы тәртібін бұздырмау. Дене шынықтыру үшін жаттығулар әр адамның жасына, күшіне сәйкес әрқилы болуы қажет. Орта жастағыларға салт қыдыру тиімді болса, қуаты азайған кекселерге жаяу жүрген пайдалы. Сол сияқты бозбалаға шарт тағам қарттарға зиянды болуы ықтимал. Жасы келіп қартайған шақта ұйқыны көбейту, жылы сулы бұлау қабылдау, қышқыл, тұзды тағамды азайтып, сүт қоректерін, өсімдіктерді әсіресе сарымсақ, қызылша мен капустаны көбірек пайдалану керек”, — дейді. “Канондағы” саулық сақтау үшін дәрігерлер қолданатын ережелердің ең маңыздысы — қанағат. Тамақтануда, шарап ішуде, дәрі пайдалануда, нәпсіге де, қомағайлыққа да жол бермей, қанағат ету. Ә. Ә. ибн С. қалдырған соны мұраның ішіндегі ізгісінің бірі — ауру-кеселді қоздырмас үшін күні бұрын шаралар қолдану. Бұл жөніндегі ережелер тек дәрігерлерге арналған уағыз ғана болған жоқ, ғасырлар бойы қоғамға пайдалы ережеге айналды. Мыс., сол дәуірде Үргеніш, Самарқан, Отырар, Тараз сияқты қалаларда мал сою, сүт сату, балық сақтау, ауыз су тазарту тәртіптері өкімет тарапынан қадағаланып отырды. Бұл тәртіптер Ә. Ә. ибн С-ның және оның шәкірттерінің ықпалымен жүзеге асырылды. Таң қаларлық жағдай: Ә. Ә. ибн С. кесел-аурулардың жұғуы көзге көрінбейтін өте ұсақ нәрселермен байланысты деген пікір айтты. “Бұзылған, иістенген су ішті бұзады, ал бұзылған ауа шешек, оба кеселдерін қоздырады. Аурудан сақтану үшін ауыз суды сүзіп, қайнатып ішу шарт”, — дейді ұлы ғалым. Ә. Ә. ибн С. ауру-кеселдің түрін анықтауға, жалпы оташылыққа аса көп көңіл бөлді. Әр түрлі мүшенің зақымдануы, жара, жарақат, қызба ауруларын толық сипаттап жазды. Науқастың реңі, бет-әлпеті, тамыр соғуы, зәрдің түсі мен түрі арқылы ауру кезеңін байқауды замандастарына үйрете білді. Кеудені түрткілеу арқылы өкпе нұқсанын аңғару әдісін кең пайдалана білген. Бұл диагностикалық әдіс Еуропада 18 ғ-да қайта табылып, кең өріс алды. Ә. Ә. ибн С. келтірген көптеген ауру-кеселдер сипаты осы уақытқа дейін маңызын сақтауда. Мыс., өткен 1000 жылдың ішінде құтыру ауруының жұғу жолдары, бастамасы, қозуы тіпті өзгеріссіз деуге болады. Ал Еуропада бұл кеселдің толық белгісі тек 18 ғ-да ғана сипатталып жазылды. Көздің құрылысы мен қалай көретіндігіне оның берген ұғымы осы күнге дейін қалпында. Ә. Ә. ибн С. келте кесу (ампутация), шекебұрғылау (трепанация), қуықтан тас алу, онымен қатар жара таңу, білтелеу, сынық салу амалдарын да үйретіп кетті. Ә. Ә. ибн С. ауруды емдеуде дәріні кең қолданды, Гиппократ дәрінің 200 түрін, үнді тәбибтері 800 түрін пайдаланған болса, Ә. Ә. ибн С. дәуірінде 2600 түрлі дәрі қолданылып, оның жартысынан көбі өсімдіктерден алынған, Ә. Ә. ибн С. көптеген дәрілерді жасау, дайындау, сақтау әдістерін ұсынды.
Шығ.: Канон врачебной науки, кн. 1 — 5, Таш., 1954 — 60; Данишнамэ, Душанбе, 1957; Диван, Тегеран, 1957; Четверостишия, “Литературный Таджикистан”, 1953, кн. 5; Математические главы “Книги знания”, Душанбе, 1967.
Әдеб.: Терновский В.Н., Ибн Сина (Авиценна), М., 1969.
"Қазақстан энциклопедиясы"