ҰБТ-ның алғашқы легінде үш түлек 125 балл жинады
Кеше биыл мектеп бітіретін түлектердің алғашқы легі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Сындарлы емтиханның алғашқы күні қорытындыланып, түлектердің ұпай саны белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша алматылық үш түлек 125 балл жинаған.
Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 125 ұпай жинаған екі түлек Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясынын тәмамдаса, біреуі №12 гимназия түлегі.
3 834 (21,3 %) бала 100-ден астам балл жинапты. 2015 жылы бұл көрсеткіш 18,1% (3 409 түлек) пайызды құраған болатын.
ҰБТ 44 пункте өтті. Тестілеуге өтініш білдірген 18 599 түлектің 17 934-і (96,4%) қатысты: қазақ тілінде – 13 026, орыс тілінде – 4 908.
2016 жылы ел мектептерін 121 092 түлек бітіргенін естеріңізге сала кетейік. Оның 83 330 қазақ, 37 762 – орыс тілді мектептерде білім алған. ҰБТ өтуге 86 991 адам өтініш білдірді. Бұл биылғы мектеп түлектерінің жалпы санының 72% құрайды (63021 – қазақ, 23970 – орыс тіліндегі оқытатын мектептердің түлектері).
Әзірлеген Тұмар АСЫЛ