Жаңалықтар

ҰБТ-2021: түлектерді қандай өзгеріс күтіп тұр?

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловпен сұхбат
ҰБТ-2021: түлектерді қандай өзгеріс күтіп тұр?
Фото: © El.kz 29.04.2021 12:35 10606

 

Биыл Қазақстан Республикасында ұлттық бірыңғай тестілеу тұңғыш рет электронды форматта өткізілмек. Жаңа форматқа сай тәжірибе 2021 жылдың наурыз айында жүргізілді. Түлектер арнайы мамандандырылған орталықтарда компьютер алдында отырып тест тапсырды. Ал негізгі ҰБТ жақын күндері басталып, маусым айының соңына дейін жалғаспақ. Тестілеудің жаңа форматы сыннан қалай өтті, тағы қандай өзгерістер болмақ? Осы және өзге де сұрақтарды білу үшін біз Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловпен сұхбаттасқан едік.

fcdf2dbfaea0ac8b4c99f59653558d95 (1).jpg

 

 – Дидар Нұркенұлы, ең алдымен электонды формат туралы толығырақ айтып өтіңізші. Оның дәстүрлі ұлттық бірыңғай тестілеуден ерекшелігі қандай?

 

– Биыл Қазақстанда алғаш рет электронды түрде ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Бұл форматтың негізгі ерекшелігі оқушылар бұрынғыдай кітапша ашып сұрақтарды оқымайды, жауаптарын қаламсаппен белгілемейді. Тестілеу компьютер арқылы жүргізіледі. Мұны кейбір кісілер онлайн форматпен шатастырып жатыр, бірақ олай емес. Оқушылар арнайы пунктерге келіп, тіркеліп, компьютермен тест тапсырады. 10 наурыздан 23 наурызға дейін барлық өңірлерде электронды форматта тестілеу өтті. Алғашқы тестілеудің нәтижесі жаман емес, жақсы десек те болады. Бірінші кезекте оқушылардың пікіріне сүйенетін болсақ, оларға ұнаған. Тестілеуден соң өздерінен бірнеше ұсыныс та түсті. Оларды сараптап бекітіп, негізгі ҰБТ-ға алып енгіземіз. Сондай-ақ ҰБТ-ның нәтижесі өскенін де қуанышпен хабарлаймыз. Бүгінгі таңда наурыз айының қорытындысы бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуді 116 мың түлектің 40 мыңы тапсырып, олардың 59 пайызы шектік балды алды. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда алты-жеті пайызға жоғары. Яғни нәтижесі жақсы. Бұдан орташа балл да өсті. Өйткені түлектер немқұрайды қарамай, бар ынтасымен дайындалып жатыр. Алайда кейбір оқушылар өзімен бірге тыйым салынған заттарды алып келген. Өкінішке қарай Қазақстан бойынша 200 түлектен түрлі техника, смартфондар, жазба қағаздар табылып, олардың нәтижесі жойылды. Қанша айтып, ескерту жасасақ та, жасыратыны жоқ, мұндай жағдайлар қайталанып жатыр.

 

– Енді осы жерде мынандай сұрақ туындауы мүмкін. Егерде оқушы наурыз айындағы ҰБТ-ға өзімен бірге тыйым салынған заттарды алып кірсе, ол сәуір мен маусым аралығындағы тестілеуге кіре ала ма?

 

– Қазіргі қолданыстағы ережеге сәйкес айтсақ, кіре алады. Өйткені жаңа ереже әлі қабылданған жоқ. Жаңа ережеде біз арнайы шарттарды енгізуге тырысамыз. Бірақ біздегі ережелер барлық мемлекеттік органдардан өтеді. Алдымен солардан келісім аламыз. Заңнама бойынша шектеу болмауына байланысты, наурыз айында нәтижесі жойылған түлектер сәуір-маусым айлары аралығында ҰБТ-ға қатыса алады. Жаңа ереже шыққаннан кейін өзгеруі де мүмкін. Біз «егер оқушы тыйым салынған заттармен ұсталса, екінші мүмкіндіктен айырылуы керек» деген ұсыныс айттық. Ешқандай өзгеріс болмаса да, наурызда нәтижесі жойылған оқушылардың интерфейсін алып, міндетті түрде өзім қадағалайтын боламын.

 

f5c055a5-e924-4f34-bc31-86a0f2ba827b.jpg

– Тәртіп бұзған оқушыларды аудиториядан шығару қалай жүзеге асырылады?

 

– Жалпы статистикаға назар аударсақ, наурыз айында 116214 өтініш келіп түсті, оның ішінде 36388 оқушы тест тапсырды. Ал шектік балл алғандар саны 21388. Яғни олардың 59 пайызы өтсе, 41 пайызы өткен жоқ. 202 баланың нәтижесі жойылды. Тестілеуге кіргізу барысында тәртіп бұзғандар да, пайдаланып отырғанда ұсталған балалар да бар. Сіздер үшін қырық мыңның ішінде екі жүз оқушы аз сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл біз үшін бұл өте көп көрсеткіш деп айтсам болады. Өйткені Ұлттық тестілеу орталығы түлектерге ешқандай көшіріп жазуға мүмкіндік болмайтынын алдын ала ескертті, түсіндірді. Әр оқушының қасында бір камера бар. Ол өздігінен тұрған құрылғы емес, бақылау үшін орнатылған, қосулы камера. Қандай жағдай болса да, міндетті түрде анықтап көрсетіп береді. Нұр-Сұлтан қаласында ахуалдық орталық жұмыс істейді. Республика бойынша орнатылған барлық камера осы жерде бақыланады. Қызметкерлер өзі отырып қарайды. Екіншісі прокторинг бағдарламасы. Онда тәртіп бұзылған жағдайда интерфейс арқылы сигнал келіп түседі. Ахуалдық орталықта отырған қызметкерлер мониторға қарап, тыйым салынған заттарды көрсе «Иә, тәртіп бұзылды» деген батырманы басады. Сол уақытта нәтиже жойылады. Бұдан кейін тест тапсырушы отырған аудитория қызметкері оны шығарып жібереді. Әр орталықта жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері, арнайы мониторинг топтары, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері, БАҚ өкілдері бар. Осы құралдар арқылы біз жүйені жоғары деңгейде қалыптастырдық деп айтуға болады. Ендігі бір негізгі бағытымыз – санитарлық талаптарды сақтау. Өздеріңіз білетіндей, коронавирус пандемиясына байланысты санитарлық ережелер қатаң қадағаланады. Қазіргі таңда ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін компьютермен жабдықталған пункт саны – 51. Оның ішінде республикалық маңызы бар қалада – 4, облыс орталықтарында – 14, моноқалаларда – 4 және аудан орталықтарында – 29 пунт орналасқан. Олардың әрқайсында баланың дене қызуын, бетперде бар-жоғын, базадағы аты-жөнін, отыратын орнын анықтап беретін Face ID бар. Ол планшетте көрсетілетін болады. Сондай-ақ барлық орталық санитарлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі

 

– Негізгі ҰБТ-ға тіркелу қашан басталды?

 

– Пандемияға байланысты елімізде коронавирустың таралуына қарсы вемомоствоаралық комиссия бар. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу аталған комиссияның рұқсатымен өткіземіз. Наурыз айындағы ҰБТ-ны өткізу үшін де комиссияның рұқсаты алынды. Олар бізге бірнеше талаптар қояды. Мысалы, арақашықтық болу керек, бетперде режимі сақталуы керек, дене қызуы өлшенуі керек деген сияқты әртүрлі талаптар бар. Осыған сәйкес оқушыларды тіркеу 15 сәуірден бері жүргізіліп жатыр. Ол үшін ҚР Білім және ғылым Вице-министрінің төрағалығымен барлық білім басқармалары мен бөлімдері қатысқан жиналыс өтті. Ал негізгі ҰБТ сәуірдің соңында басталады деп ойлағанмын. Бірақ әлі белгісіз болып тұр. Пандемияға байланысты кейбір өңірлерде жағдай тіпті нашарлап жатыр. Қазіргі таңда комиссиядан рұқсат алу үшін жұмыстар атқарып жатырмыз.

 

ebd78aa9-3127-432c-85be-b9541ed7eb04.jpg

– Сәуір мен маусым айы аралығында түлектерге екі рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндік бар. Енді осы екі тестілеудің арасында қанша күн өтуі керек? Оқушылар тіркелу кезінде екі күнді де бірден таңдай ала ма? Сондай-ақ наурыз айындағыдай тестілеу күнін қалаған уақытқа ауыстыруға бола ма?

 

– Тіркелу кезінде кез келген күнді таңдауға болады. Бірақ өзгерту тек қана белгілі бір себептерге байланысты Ұлттық тестілеу орталығына өтініш жасау арқылы жүзеге асырылады. Оқушының денсаулығына байланысты мәселе туындауы, отбасылық жағдайлар немесе басқа қаладан келе алмауы мүмкін. Әртүрлі жағдайлар болады. Тест тапсырушы алдын ала тіркелген күні қатыса алмайтын болса, арнайы өтініш жазады. Ауырып қалса денсаулық сақтау мекемесінен анықтама алып өтінішпен бірге тіркейді. Бірақ жеке кабинетке кіріп өздігінен өзгерте алмайды. Бұл не үшін керек? Өйткені біз балаларға еркін түрде өзгертуге болады десек, 30 маусымға дейін бізде ешкім тапсырмайды. Бүгін барамын, жоқ бармаймын, өзгертемін, бір аптадан кейін тапсырайын деп тағы да жүреді. Осылайша есептегі 120 мың бала екі рет тапсыра алмайды. Осыны түсіну керек. Жалпы компьютерлік орындар бізде жеткілікті. Қазір осы жөнінде ақпарат берейін. Бізде 51 компьютерлік орталық болса, олар 5765 компьютермен қамтылған. Барлық түлек екі реткі мүмкіндікпен тест тапсыру үшін бізде 240 мың мүмкіндік болу керек. Сонда елу бір күннің ішінде 555415 мүмкіндік бар. Бұл бәріне орын жетеді деген сөз. Әртүрлі жағдайлар болады, біз оны түсінеміз. Сондықтан оқушыларға мұқият қарап, өз жоспарларын анықтап құрып, нақты екі күнді таңдауға кеңес береміз. Тестілеудің екінші мүмкіндігіне тіркелу 1 мамыр басталады. Тіркеу жүргізілетін, өтініш берілетін басты сайт – аpp.testcenter.kz. Осында әр күні қанша орын бос екені жазылып тұрады

– Сәуір-маусым аралығындағы ҰБТ-ның базасы наурыз айындағыға қарағанда қаншалықты өзгереді?

 

– Сұрақтардың 30 пайызы жаңартылған. Яғни база бөлек. Бірақ арасында қаңтар мен наурыз айындағы ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтары келуі мүмкін. Оны компьютерлік рандом өзі шешеді. Бәрі сұрақтардың деңгейіне қарап автоматты түрде беріледі

 

– Сәуір айында басталған ҰБТ маусымда аяқталмай, шілде айына дейін созылып кетуі мүмкін бе?

 

– Негізі бізде жоспар бойынша грант конкурсы 13-20 шілде аралығында өтуі керек. Яғни бізде 13 шілдеге дейін уақыт бар деген сөз. Сәуірдің соңынан маусымның соңына дейін ҰБТ-ға орындар жеткілікті. Сондықтан шілдеге созылмайды деген ойдамыз

 

– Жоспар бойынша сәуір мен маусым аралығындағы ҰБТ-да оқушылардың қанша пайызы тапсыруы мүмкін?

 

–  Жаңа ғана айтып өткенімдей, жоспар бойынша 120 мыңнан астам бала қатысады. Тестілеуге тіркелу қиын емес, ешқандай анықтама талап етпейміз, оған өткен жылғы түлектер де қатысуына болады. Колледж студенттері де қатыса алады. Барлығын есепке алғанда екі рет тапсыру мүмкіндігімен 240-250 мың тестілеу болатын шығар. Өйткені қазіргі ақылы ҰБТ-ға 116 мың өтініш түссе, тегініне одан көп түсетіні белгілі. Былтырғы жылдарда да солай өткен. Биыл шқандай шектеулер жоқ. Тест тапсырушылар таңертең кіре ме, түстен кейін кіре ме өздері таңдайды. Қай қалада, қай облыста тапсырса да өзі біледі. Өз басым наурыз айының басында он шақты орталықта болдым. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарындағы орталықтарды аралап көрдім. Барлық облыстарда, аймақтарда мүмкіндік бір. Біздің негізгі мақсатымыз тиімділік жағынан да, әділдік жағынан да, ашықтық және бақылау тұрғысынан да түлектерге бірдей жағдай жасау. Қазір ҰБТ жүз пайыз әділ өтеді деп нақты айта аламыз. Өйткені оған біздің көзіміз жетті. Мен әлеуметтік желілерде түлектерге арналған топтардың бәріне тіркелгенмін. Біздің қызметкерлеріміз де бәрін бақылап отырады. Бұрын оқушылар ҰБТ кезінде телефон пайдаланып, фотоға түсіру арқылы сұрақтарды таратып жатса, қазір ондай жағдай мүлде жоқ. Бүгінде олар тек қалай дайындалған тиімді деген сұрақтарды талқылайды.

 

7801a1d0-8894-4560-a673-0ef1122b84cc (2).jpg

– Қазір түрлі ютуб, телеграм арналарда «ҰБТ-да мынандай сұрақтар келеді» деген ақпараттар көп тарап жатыр. Оларға сенуге бола ма?

 

– Наурыз бен негізгі ҰБТ-дағы сұрақтар мемлекеттік құпия саналады. Оны мен емес, менің қызметкерлерім емес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қадағалайды. Ұлттық тестілеу орталығының директоры болғаныма екі жыл толды. Осы уақыт ішінде сервер бөлмесіне бір рет те кірмегенмін. Өйткені ол бөлмеге тек үш адам ғана кіре алады: IT маманы, ҰҚК қызметкері, тест құрастырушы. Үшеуінде үш құпиясөз бар. Бір уақытта бірге кіргенде ғана база ашылады. Кіріп, керек жұмыстарды жасап үшеуі бірге шығады. Мұның барлығы Face ID арқылы жүзеге асады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге ол биыл енгізілгенмен, біз орталықта 2019 жылдан бері қолданамыз. Сондықтан сұрақтар мемлекеттік құпия болғандықтан, артында қылмыстық жауапкершілік тұр. Егер база сұрақтары таралып кетсе, біз үшін ол төтенше жағдай. Осындай жағдай бір рет 2008 жылы Қызылорда облысында болған. Алаяқтықпен айналысқан кісілер сотталды. Мұндай алаяқтарға сенгенше оқушыларға кітап оқып, дайындалып білімдеріңізді көтеріңіздер дегім келеді. Біз 25 тамызға дейін тестілеудегі барлық бейнежазбаны қайтадан талдап, қараймыз. Былтыр барлық бейнежазба қырық мың сағатқа созылып, оны талдау қиынға соққан. Өйткені кейбір ауылдағы камералардың сапасы нашар болды. Спорт залда тапсырған түлектер бар, оның барлығын білеміз. Жасыратыны жоқ, сол камералардан ештеңе дұрыс көрінбеді. Бірақ соған қарамастан екі жүздей оқушының тәртіп бұзғаны анықталды. Ал қазір әр тест тапсырушыда бір камера тұрады. Егер тыйым салынған заттарды пайдаланса, біз 100 пайыз анықтаймыз. Ол қиын емес. Көзбен көрмесек те, арнайы бағдарлама түнімен жұмыс істейді. Анықтайды және нәтиже шығарады. Ол машиналық оқыту. Мысалы бір күнде 98 пайыз ықтималдықпен анықталса, бес күннен кейін күні бойы жұмыс істеп, видеоны қарап, жүз пайыз анықтайды. Оған тиісті серверлер бар. Сондықтан түлектерге ешқандай смартфонды пайдаланбаңыздар деген өтініш айтар едім.

 

2a34f161-e235-4c38-8d46-dc43c05f69f0.jpg

– Былтыр жоғары балл жинаған түлектерге арнайы барып, сыйлық табыстадыңыз. Биыл бұл дәстүр жалғасын таба ма?

 

– 2020 жылдың қараша айында Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылындағы лицейдің түлегі Кульджанова Салтанатқа ноутбук сыйладық. Қызымыз болашақ математика мұғалімі, Сүлеймен Демирел универвитетінің студенті атанды. Сосын Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы төрт түлекке ноутбук табыстадым. Олар 138 және 139 балл алды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары балл – 140. Алайда былтыр бұл межеге ешкім жетпеді. Сол себепті 139, 138 балл алған оқушыларды марапаттадық. Биыл да түлектерден үлкен үміт күтіп отырмыз. Жоғары балл алған оқушыларға ноутбук сыйға тартатын боламыз. Өйткені ноутбук қазіргі қашықтан оқу, онлайн оқу кезінде пайдалы сыйлық болмақ.

– Енді сіздің оқушы кезіңізге оралайықшы. Білімге талпыныс, мотивацияны қайдан алатын едіңіз?

 

– Мен 1990 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келдім. Үйде менен екі жас кіші інім болды. Сосын әкемнің қарындасының балалары, яғни екі жиен інім бар. Сол үш інім мен үшін мотивация болды. Әжем, әке-шешем «алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда барады» деген сөзді үнемі айтып отыратын. Сондай-ақ «Інілеріңе сен үлгісің, сен қалай оқысаң, олар да солай оқиды» дейтін. Сосын өзімнің ішкі мотивациям болды. Егер мектепте жақсы оқымасам, грант иеленіп, жоғары оқу орнына түсе алмайтынымды білдім. Өйткені ол уақытта отбасымда мені ақылы түрде оқытатын қаражат болмады. 2008 жылдары заң факультетінде оқу қымбат еді. Сондықтан өз-өзімді ынталандырып, жақсы оқуға тырыстым. 7-сыныпқа дейін үздік оқыдым, ал 8-сыныпта химия пәнінен төрт алып, содан кейін екпінді қатарында болдым. 10-11 сыныптарда қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде қатыстым. Сөйтіп ҰБТ жақындап қалғанын сезінгенде, сахнадан түсіп, дайындыққа кірістім. Алғашында таңдау пәнім физика еді, кейіннен үшінші тоқсанда дүниежүзі тарихына ауыстырдым. Мұнымен қай уақытта да тыңғылықты дайындалуға кеш емес екенін айтқым келеді. Есімде қалғаны, сол жылы бақылау өте қатаң болды. Сөйтіп құрдастарымның көбі шектік балл ала алмай, көрсеткіш 50-ден 45-ке дейін төмендеді. Алғашында 86 балмен Қарағанды мемлекеттік университетінің заңгер мамандығына грантпен оқуға түскеніме сене алмадым. Содан өзіме осындай мүмкіндіктің берілгеніне шүкірлік айтып, университет қабырғасында кітаптан бас алмай оқыдым. Кітапхана сөрелеріндегі қай кітап қай жерде тұрғанын, ондағы қызметкер апайлардың есімдеріне дейін жатқа білетінмін. Кейін іссапармен университетке барсам сол апайлар әлі жұмыс істеп жүр екен. Бірден «Дидар балам ғой» деп танып жатыр. Таныстарымның бәрі төрт жыл бойы университеттен шықпағаныма куә. Мұнда да барлық қоғамдық шараларға араластым. Өз қаламдағы университет болғандықтан студенттік емін-еркін өмір көрген жоқпын. Өйткені білімнің маңыздылығын сол 11-сыныпта түсінген едім. Адамды қандай биікке болсын тек білім ғана көтереді. Ешкімге емес өз басыңа және сол бастағы білімге сену керек. Жоғары оқу орнындағы жетістіктерімнің арқасында 3-курс оқып жүргенде Қарағанды облыстық Мемлекеттік істер агенттігінің департаментіне шақырды. Мен ол жерден тек тәжірибеден өткен болатынмын. Сосын олар екі жыл мені күтті. Неге? Өйткені мен ол жерде өзімнің білімімді көрсеткен едім. Білімге ден қойса, түлектердің алдында да осындай мүмкіндіктер ашылады.

 

3cdb6f55-4e4e-4370-8e2b-6c15b2e22d00.jpg

– Өзіңіздің ҰБТ-ға дайындалу тәжірибеңізді бөліссеңіз.

 

– Мен көбінесе оқулықтармен дайындалдым. Қазіргі ұлттық бірыңғай тестілеу мен біздің уақытымыздағы екеуі мүлдем басқа. Ол кезде жоғары балл жаттау қабілетімен анықталатын. Біз сол тестерді кітаптардан алып, бірнеше нұсқаларды жаттап алатынбыз. Қазір бұлай дайындалуға болмайды. Өйткені функционалдық сауаттылық сұрақтары жетпіс пайыз, ал отыз пайызы ғана жаттау қабілетіне қарай қарастырылған. Яғни білімдеріңізді қалай пайдалануға болады деген түсінік бар ма, сол анықталады. Сұрақтарды жаттап алу мүлде көмектеспейді. Одан да оқушылар есептің шығару жолын түсініп, формулаларды қайда қою керек екенін үйренген жөн. Ертең ҰБТ-да дәл осы сұрақ келмесе, формула бойынша дұрыс шешімді табуға болады. Ал егер «осы сөзден басталатын есептің жауабы мынандай» деп жаттаса, оқушылар міндетті түрде қателеседі. Бізге сол нәрсені жаттағаны емес, түсінгені қажет. Сол үшін оған балл беріп, грантқа түсіп, студент атанады

 

–  Шектік балл қалай өзгереді? Қанша грант бөлінеді және ол туралы ақпаратты қайдан аламыз?

 

– Шектік балл өзгермейді. Біз оны өткен жылы да айттық. Тек қана педагогикалық мамандықтарда шектік балл 75-ке өседі. Мысалы, қазір жалпы шектік балл 50, ұлттық жоғары оқу орындары мен медицина мамандықтарына 65 болса, педагогика өткен жылдан 5 балға өсті. Сол жолдан таймаймыз. Басқа бағыттар бойынша балл көтерілмейді. Бірақ мен естеріңізге сала кетсем, әр жоғары оқу орнының өзінің шектік балын қою құқығы бар. Ол бір жоғары оқу орнына абитуриенттер көп өтініш бергенде жүзеге асады. Яғни шектік балын көтеріп, талабын өзгертуі мүмкін. Ұлттық тестілеу орталығы оны міндетті түрде конкурсқа дейін жариялайды. Екінші сұрақ, грант саны туралы ақпаратты да түлектердің, ата-аналардың өтініштерін ескере отырып, алдын ала жариялауға тырысамыз. Бірақ бұл тек Білім және ғылым министрлігіне қатысты сұрақ емес. Бірнеше министрлік бірігіп, талдау жасайды. Содан кейін мемлекеттік тапсырыс бойынша анықталады. Қазіргі таңда педагогикалық мамандықтарға бөлінетін грант саны өсетіні белгілі. Яғни былтыр 54 мың грант бөлінесе, биыл ол көбеюі мүмкін. Мемлекеттік грант конкурсы 13 шілдеде ғана болады. Ұлттық бірыңғай тестілеу 30 маусымда бітсе, бізде ар жағында екі апта уақыт болады. Сол уақыт ішінде ақпаратты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Балаларға толық ақпаратты жеткізуге тырысамыз. Сондай-ақ мемлекеттік грант конкурсының уақыты шегерілмесе, 1 тамызда жарияланады

 

– Былтыр тексерістен соң грантқа түскен түлектердің өзі оқудан шығып қалған еді? Биыл да сол жағдай қайталана ма?

 

– Бейнебақылау камераларын қарау 25 тамызға дейін жалғасады деп жоғарыда айтып өттім. Ол кезде әрине мемлекеттік грант конкурсының нәтижесі жарияланып қояды. Бірақ соған қарамастан, біз оқушының тәртіп бұзғанын анықтасақ, оған берілген грантты қайтарып аламыз. Сөйтіп ол келесі, өз күшімен жоғары балл алған оқушыға беріледі. Бұл біз үшін өте қиын тәжірибе. Өйткені бір ғана гранттың артында бір жанұя тұр, олардың үміті мен сенімі тұр. Алайда басқа амал жоқ. Бәріміз тәртіпке бағынуымыз керек. Тек қана осындай жолмен біз әділдікке жетеміз. Тағы айта кетсем, былтыр осындай жағдайға байланысты үш-төрт бала бізді сотқа берді. Алайды барлық сот ісі біздің пайдамызға шешіліп, жеңіп шықтық. Өйткені сотта барлық бейнежазбаны көрсетіп, дәлелдеп бердік

 

c9bb232d-0f84-4583-88ab-a332abf5f808.jpg

– Тағы бір қойылатын көп сұрақтың бірі шетелдегі қандас-түлектерімізге байланысты. Оларға қандай мүмкіндіктер беріледі?

 

– Шетелдегі қандастарымызға да екі тегін мүмкіндікті береміз деп шештік. Бірақ қазір өзіңіз білетіндей, өзге мемлекеттермен шекаралар жабық. Біздің ақпаратымыз бойынша 30 маусымға дейін ашылуға тиіс. Сол уақытқа дейін ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыра алады. Оларда да тіркеу онлайн болғанымен, тестілеу офлайн форматта өтеді. Өйткені былтырғы жылы біз тестілеуді онлайн ұйымдастырған едік. Өкінішке қарай Өзбекстан мемлекетіндегі интернет жылдамдығы жоғары деңгейдегі тестілеуді өткізуге мүмкіндік бермеді. Бізде тест ұйымдастыру үшін кем дегенде 1 МБит жылдамдығы бар интернет болуы керек. Прокторинг, бейнежазбалар бар, барлығының анық көрсетілуі үшін сапалы интернет керек. Бұл жағдайдан сабақ алып, биыл офлайн өткіземіз деп шештік. Осы жолы барлық қандастарымызға келіп тапсыруға мүмкіндік береміз. Егер маусымда шекара мәселесімен үлгере алмайтын болса, сол кезде басқа жолын қарастыруға тура келеді. Ал қазір тек жоспар осындай ғана

 

– 2021 жылғы түлектерге қандай кеңес бересіз?

 

– Дәстүр бойынша бір ғана кеңес беремін. Тек қана өз білімдеріңізге сеніңіздер! Ешқандай тыйым салынған заттарға, сырттан келетін түрлі мүмкіндіктерге алданбаңыздар. Себебі қазіргі алған білім тек қана ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырғанда ғана емес, одан кейін жоғары оқу орнында да керек болады. Сіздерге беріліп жатқан мүмкіндік ешқашан болмаған. Грант үшін сіздер бір емес, екі рет тестілеуге кірейін деп отырсыздар. Сол үшін осы мүмкіндікті пайдаланып, ең жоғары балл алып, қалаған мамандық бойынша грантқа түсулеріңізге тілектеспін. Ертең осы білімнің арқасында Қазақстанның дамуына үлес қосып, халқымызға қызмет етіп, жарқын болашақ қалыптастыруға атсалысасыздар деп ойлаймын. Бәріңізге тек сәттілік тілеймін. Өз тарапымыздан, Ұлттық тестілеу орталығы болып, барлық тиімді де қолайлы жағдай жасап береміз. Ең маңыздысы әділ, ашық, бірдей деңгейдегі ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыруға уәде беремін

 

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

 

 

(Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
(Суреттер Дидар Смағұловтың жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға