Жаңалықтар

Британия қазақтың көзімен

Ұлыбритания – болашағы күмәнді көптеген шенеуніктердің киелі қорғаны саналатын тұманды Альбион елі. Қазіргі күні өз құрамына төрт елді біріктіретін мемлекет, кезінде әлемнің тең жартысын жаулаған үлкен өркениеттің орталығы болатын.
01.10.2014 04:43 6657

Ұлыбритания – болашағы күмәнді көптеген шенеуніктердің киелі қорғаны  саналатын тұманды Альбион елі. Қазіргі күні өз құрамына төрт елді біріктіретін мемлекет, кезінде әлемнің тең жартысын жаулаған үлкен өркениеттің орталығы болатын.

Бұл мемлекеттің өркениет дамуына қосқан үлесін спорттан-ақ байқауға болады: жаһанда ерекше мәртебеге ие спорт түрлері футбол, бокс, теннис, бильярд ойындарының отаны дәл осы Ұлыбритания. Соған қарамастан осы спорт түрлерінен британдықтардың  өзі айқын фаворит емес. Алайда, олар өзге нәрседен фаворит. Британдықтар тарихты қатты қадірлейді, дәстүр мен мәдениетті сақтауда алдына жан салмайды. Осы сөзіме Мысыр патшасы Фарухтың жылдар бұрын айтып кеткен болжамы дәлел болса керек: «Бір замандар келеді, дүниеде бес король қалады. Төртеуі ойын карталарында, қалған біреуі Англияда!»  Расымен де, бүгінде 62 жыл тақта отырған 88 жастағы Британия патшайымы ІІ Елизавета, бас тәжін ең ұзақ қорғаған билеушілердің бірі.

Патшайымның билігі бүгінде тек символикалық жағдайда, бірақ монархияны алып тастау ешкімнің ойына да кірмейді. Өйткені, бұл көбінесе саяси және әлеуметтік құлдыраулардың алдын алатын керемет құрылым. Оның үстіне туризмге де айтарлықтай үлесі бар. Мысалыға, осы патшайымның резиденциясың және оның күзетшілерінің қалай оны қорғап жатқанын тамашалау үшін жыл сайын әлемнің әр түкпірінен миллиондаған туристер келеді.

Британия қазақтың көзімен

Алайда менім бөліскім келіп отырған нәрсем басқа. Өркениеттің шарықтау шегіне жеткен  осы мемлекетте нешетүрлі ақылға қонбайтын дүниелерді кездестіруге болады. Соның бірі – күнделікті үйде шомылуға қолданатын құбыр краны. Шомылу үшін екі: ыстық және суық сумен қамтамасыз ететін құбыр крандар жасалған. Осы крандар әлі күнге дейін қолдануға өте ыңғайсыз болып жүр. Дегенмен, соңғы күндері таңертең тұрып екі кранды бірдей қосып, қолымды алма кезек екі жаққа жүгіртіп жуудан хас шебер бола бастадым. Бірақ та ойымда әлемнің өзге мемлекеттеріндегідей неге екі кранның орнына біреу қойылмайды деген сұрақ жүр. Осы сауалыма біраз жергілікті ағылшындар білмейтінін, көзін ашқалы соны көріп келе жатқаннан бұл сұраққа әлі ойланбағанын айтып жауап қатты. Қуанышыма орай, жақында лауазымды ағылшын мұғалімінің пікірінен кейін екі кран жұмбағының жауабын тапқандай болдым. Ол кісінің айтуы бойынша, ағылшындар соншалықты консерватор, дәстүрі мен тарихи объекттерін сақтаудан алдына жан салмайды. Бәлкім, соның әсері болар озық түгілі, тозық дәстүрлерін көздерінің қарашықтарындай осы күнге дейін сақтап отырғандары деген маған ой келді.  Осындай болмашы нәрсенің өзі британдықтардың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүріне деген көзқарасын түсінуге үлкен себеп болып табылады.

Британия қазақтың көзімен

Екінші таң қалдырған нәрсе жергілікті ауа райы болды. Елдің ауа райына Атлант мұхитында жатқан Гольфстрим жылы ағысының әсері орасан. Осы ағыстың арқасында басқа да Еуропа елдері сияқты Ұлыбритания жұмсақ климатқа ие. Жылдың 220  күні жаңбырлы болғанынан болар, аспанға күн шыққан күні лондондықтардың жүзіне шаттық үйіріліп күлімсірей бастайды.  Ал Ақтөбенің ыстық күнінің астында өскен мен үшін, жаңбырлы күндер әзірше ерекше қызықты сәттер болып өтуде. Бұл жақта қыс мезгілін сезіну өте қиын. Күннің жылы болуы мен қардың сирек жаууы, кейде 4 жылда бір түсуі, ағылшындықтарға, әсіресе оңтүстік өңірдегі тұрғындарға қысты күту әлемдік Олимпиада күткендеймен тең.  Мысалыға айтатын болсақ, оңтүстіктегі Рединг қаласының тұрғындары соңғы рет 2012 жылы жауған қарларын әлі күнге дейін сағынышпен айтып келеді.

Британия қазақтың көзімен

Тағы да бір қызықты жәйт - адамдардың киінуі. Мысалы, Қазақстанда адамдардың киімінен қандай жыл мезгілі болып жатқанын ажыратуға болатын болса, Британияда ол мүмкін емес. Өйткені, қыс мезгілінің өзінде қалың күрте киіп жүрген адамдардың қасында футболка киіп кетіп бара жатқан азаматтарды көріп таң қалудың қажеті жоқ. Менім пікірімше, бұл ауа райының тез құбылмалығына байланысты болса керек. Жергілікті ағылшындардың «Егер сізге ауа райы ұнамай жатса, 5 минут күтіңіз» деген мәтелі менім осылай ойлауыма әсер етті.

Британия қазақтың көзімен

Ең ерекше таң қалғаным Ұлыбритания мен Қазақстан аспан мен жердей ерекшеліктер болса да, ұқсастықтар кездестіресіз. Біздің елде бәрі Нұр болып нұрланып жатса Британияда бәрі Royal (патшайымдық) болып жатыр. Бізде Нұрбанк болса, бұл жақта Royal банк, бізде Нұр колледж болса, Англияда Royal college, оған қоса Royal Mail мен Royal Park кездестіруге болады. 

Британия қазақтың көзімен

P.S. Бұл пікірімді ағылшындық сарказм деп қабылдамаңыздар, ағылшындардың бұл қасиетіне жазбамның жалғасында тоқталатын боламын.

 Жасулан Кушебаев

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға