Жаңалықтар

БРИКС пен ШЫҰ күш біріктіруі керек – Тоқаев

БРИКС пен ШЫҰ күш біріктіруі керек – Тоқаев
Фото: Akorda.kz 24.08.2023 16:28 749

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев XV БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан мемлекеттер басшыларының «БРИКС Плюс» диалогы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда, бұл саммит БРИКС-тің рөлін елеулі түрде күшейтіп, ашық диалог пен өзара түсіністік негізінде жаһандағы көптеген өзекті мәселені шешуге көмектеседі.

Бұл саммит халықаралық аренадағы жағдай шиеленіскен кезеңде өтіп жатыр. Оның сипаттары саяси қысым жасаудан, конфронтациядан және жаппай санкция салудан көрінеді.Сондықтан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде өңіраралық ынтымақтастықтың перспективасы мен ортақ мүдделері туралы көзқарасымызды жеткізгім келеді, - деді Тоқаев.

Президент сонымен қатар Үндістанның премьер-министрі Модиді Айдың Оңтүстік полюсіне таяу жерге үндістандық ғарыш аппаратының сәтті қонуымен шын жүректен құттықтап, оның тарихи оқиға екенін атап өтті.

Бұдан бөлек Қазақстанның өзінің төрағалық ету кезеңінде ШЫҰ-ны сын-қатерлерге төтеп беретін тиімді алаңға айналдыруды көздейтіні де сөз болды.

Президент БРИКС пен ШЫҰ-ға ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, бірқатар бағыт бойынша күш біріктіруді ұсынды.

Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтердім. Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған, - деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, «БРИКС және «БРИКС Плюс» құрамындағы серіктестер ортақ игілік үшін осы бастаманы жүзеге асыру ісінде бірлесе әрекет ете алады.

Сонымен қатар ШЫҰ, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы елдер өте маңызды саналатын цифрлық орта, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуеттерін біріктіріп, ақпарат алмасуды кеңейткені жөн.

Келесі жылы Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Цифрлық форумы өтеді. «БРИКС Плюс» аясындағы серіктестерімізді осы маңызды шараға қатысуға шақырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің сауда саласындағы маңызды рөлін де атап өтті.

Қазақстан барша серіктестерді «Солтүстік-Шығыс» пен «Шығыс-Батыс» көлік дәліздеріне қатысты экономикалық, сауда, көлік және инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырады. Аса маңызды «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толықтыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сауда саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндік ашады. Мұндай ықпалдастық өңіраралық сауда-саттықтың дамуына және біздің аймақтардың көлік-транзит әлеуетін толық танытуға септігін тигізеді, - деді.

Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі де жаһандық күн тәртібінде айрықша маңызға ие бола бастағаны айтылды. Осы орайда Президент азық-түлік теңгерімсіздігінің азайту үшін тиісті шаралар қабылдауды ұсынды.

Бүгінде әлемдегі азық-түлік өндіруші төрт ірі елдің үшеуі – БРИКС мүшелері. Ал БРИКС елдерінің ауыл шаруашылығы саласындағы ЖІӨ-нің жиынтық мөлшері әлемдік көрсеткіштің жартысынан асады. Елдеріміз арасындағы азық-түлік теңгерімсіздігін азайту үшін тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Біз әлемдегі азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмай, оларды кез келген санкциялар мен шектеулер ықпалынан босатуымыз керек, - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға