Жаңалықтар

БҚО су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды

БҚО су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды
Фото: ©Pixabay.com 31.03.2024 02:16 676

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының қарамағында Шаған су қоймасы бар. Пайдалану ережесіне сәйкес, күзде көктемгі су тасқынына дайындық үшін су қоймасында бос орын дайындалды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазіргі таңда су тасқынының белсенді кезеңі жүріп жатыр. Шаған су қоймасындағы су деңгейі 26,66 метр.

11 наурыздан бастап Шаған су қоймасында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Орталық аппаратқа сағат сайын ақпарат беріледі.

Қазіргі уақытта Жайық өзенінің деңгейі - 225 сантиметр. Әр секунд сайын 32 текше метр тасқын суы келеді, ал Орал-Көшім суару жүйесінің су өткізу мүмкіндігі секундына 125 текше метрді құрайды.

Жүйе төрт су қоймасының каскадын қамтиды. Олардың жалпы жобалық көлемі 260 млн текше метр. Су қоймалары 55%-ға толды.

Тасқын суы көп көлемде келген жағдайда артық су Жайық өзеніне жіберілетін болады.

Орал-Көшім суару жүйесінің рұқсат етілген су алу көлемі - 607 млн текше метр. Биыл суару жүйесі шамамен 500-600 миллион текше метр су қабылдайды деп күтілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға