Жаңалықтар

БҚО-да су тасқыны басталғалы 13 614 адам эвакуацияланды

БҚО-да су тасқыны басталғалы 13 614 адам эвакуацияланды
Фото: t.me/ortcom_kz 16.04.2024 11:39 587

БҚО әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткеннің мәліметінше, су тасқыны басталғалы өңірде 13 614 адам эвакуацияланса, оның ішінде 5653-і бала бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су басқан учаскелерден эвакуацияланған тұрғындарды орналастыру үшін сыйымдылығы 9 мыңға жуық орынға лайықталған 161 уақытша орналастыру пункті дайындалды. Бүгінгі таңда 15 эвакуациялық пунктте 2 189 адам бар.

Оның мәліметінше, өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шараларға 6478 адам, 1574 техника жұмылдырылды.

Батыс Қазақстан облысындағы жағдай әлі де күрделі. Мамандардың мәліметіне сәйкес, Ресейдің Орынбор облысынан бастау алған көлемді су өңірге 20 сәуір күндері келеді деп болжануда. Таңертеңгі ақпаратқа сәйкес, Жайық өзеніндегі судың деңгейі 776 см құраған. Яғни, кешегі көрсеткішпен салыстырғанда 8 см артқан. Осыған байланысты, Жайық өзеніне жақын орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласындағы қауіпті аймақтардан тұрғындар эвакуациялануда, - деді спикер.

Бұдан бөлек, облыста тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ететін стратегиялық нысандарды қоршау шаралары күшейтілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға