Жаңалықтар

БҚО-да өзендеріндегі су қоймалары қысқы кезеңге көшірілді

БҚО-да өзендеріндегі су қоймалары қысқы кезеңге көшірілді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі 04.11.2024 23:16 571

Батыс Қазақстан облысында суару маусымы аяқталғаннан кейін келесі су тасқынын өткізуге дайындық үшін пайдалану ережелеріне сәйкес өзендердегі су қоймалары қысқы жұмыс режиміне ауыстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап. 

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Хұсайыновтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, Орал қаласындағы Шаған су қоймасы қашыртқы имаратының барлық шандорлары кезең-кезеңмен көтеріліп, жоғары бекітілді.

Рауан Ерланұлының сөзіне қарағанда, сонымен қатар су тасқынын апатсыз өткізуге дайындау мақсатында Шолақаңқаты, Ембулатовка, Сұлусай өзендеріндегі су қоймалары қысқы жұмыс режиміне көшірілді. 

Су ресурстарын тасымалдау кезіндегі шығындарды азайту, суды ұтымды әрі тиімді пайдалану, нысандарды қалыпты ұстау мақсатында жыл сайын филиалдың өз күшімен механикаландырылған тазарту және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл ұзындығы 73,6 км каналдарды іріктеп механикаландырылған тазарту және 8 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Көктемгі су тасқынынан кейін 6 нысан қалпына келтірілді. Осындай жұмыстар жалғасуда, - деді Р.Хұсайынов.

Филиал басшысының айтуынша, өңірде Киров су қоймасын қайта жаңғырту, Шаған өзені тармағы мен Көшім магистралдық каналын механикаландырылған тазарту бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Жайық-Көшім жүйесі су қоймаларының каскадын, Жәнібек суландыру-суармалау жүйесін және 7 магистралдық каналды қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Тасқын суларды жинақтау мақсатында Казталов ауданы Жалпақтал ауылында көлемі 28 млн текше метр су қоймасын салу үшін қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Ал осы ауданның Сексенбай ауылында жоспарланған 10 млн текше метр су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалуда.

Бұдан бөлек қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін дайын жобалық-сметалық құжаттамасымен Жайықбай суландыру каналы коммуналдықтан республикалық меншікке берілді.

Р.Хұсайынов биылғы су тасқыны кезінде филиалдың су шаруашылығы жүйелері бойынша 1,087 млрд текше метр су алынып, нәтижесінде көлдете суарылатын 146 мың га жерлерге су шығарылғанын жеткізді. 

Облыста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге суармалы су толық көлемде берілді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша көрсетілген қызметтер көлемі су берудің алдын ала жоспарына сәйкес келеді. Жылдық жоспар 20,6 млн текше метр болса, қазірдің өзінде 99,1 пайызға (20,4 млн текше метр) орындалып отыр. Сондай-ақ техникалық мақсаттарға 0,25 млн текше метр (жылдық жоспар – 0,27 млн текше метр) су берілді. Күні бүгін күзгі-қысқы кезеңде Жәнібек, Бөкей ордасы, Бәйтерек, Тасқала, Ақжайық, Казталов, Жаңақала аудандарының елді мекендерінде қолайлы санитарлық-экологиялық жағдайды ұстау және мал суатын ұйымдастыру үшін су берілуде. Осы кезге дейін санитарлық-экологиялық мақсаттарға 90,0 млн текше метр су жіберілді. Бұл да жыл қорытындысы бойынша толық орындалмақшы, - деді Р.Хұсайынов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға