БҚО-да көктем су тасқынына қарсы әзірлік қай деңгейде жүргізіліп жатыр
![БҚО-да көктем су тасқынына қарсы әзірлік қай деңгейде жүргізіліп жатыр БҚО-да көктем су тасқынына қарсы әзірлік қай деңгейде жүргізіліп жатыр](/storage/storage/element/2025/02/08/mainphoto/141700/1200xauto_FAtOH4BWyRgpdr37eFTM4C1YVdcgLCqk4sgcgsOh.jpg)
Батыс Қазақстан облысында Қаратөбе және Сырым аудандарында су тасқынына қарсы атқаралып жатқан жұмыс барыстары тексерілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қаратөбе ауданының 9 елді-мекені (Қаратөбе, Шөптікөл, Үшағаш, Қоржын, Егіндікөл, Шалғын, Сәуле, Сулыкөл, Үшана ауылдары), сонымен қатар көршілес орналасқан Сырым ауданының да 9 елді-мекені (Жымпиты, Өлеңті, Бұлдырты, Қособа, Жырақұдық, Тоғанас, Аңқаты, Жетікөл, Қызылағаш) облыстағы су басу қаупі бар елді-мекендер тізіміне енгізілген.
Облыс әкімі қауіпті елді-мекендердегі бөгеттердің жай-күйін қарап, техникалар мен эвакуациялық пункттердің әзірлігіне көз жеткізді.
Аймақ басшысы Қаратөбе ауданының Үшана, Сулыкөл, Үшағаш ауылдарына және аудан орталығына барып су тасқынына әзірлік барысын қарады. Нариман Төреғалиев ауылдардағы қорғаныс бөгеттерін күшейту, өзен арналарын бекіту жұмыстарын сапалы жүргізу қажеттігін айтты.
Қаратөбе ауданында жалпы алғанда, 9,8 км (Қоржын, Қаратөбе, Үшағаш, Сулыкөл, Үшана) қорғаныс бөгеттері орнатылған. Аудан бойынша 30-дан астам техника бар.
Қаратөбе ауданы бойынша 1430 адамға арналған 19 эвакуациялық пункт ұйымдастырылған.
Өңір әкімі Сырым ауданының Қособа ауылының маңында және Жымпиты ауылында салынған қорғаныс бөгеттеріне барып, сондай-ақ жаңадан салынып жатқан Төтенше жағдайлар бөлімінің ғимаратын көрді.
Сырым ауданында су қаупі бар елді мекендерді қорғау бағытында 15 км қорғаныс бөгеттері тұрғызылған. Су тасқынының салдарын жоюға 83 техника қарастырылған. Ауданда 430 орынға лайықталған 9 эвакуациялық пункт бар.
Біз су тасқынының алдын алуға мұқият дайындалуымыз керек. Барлық жұмыстар уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол үшін қажетті құралдар мен техникаларды толық дайындап, су деңгейінде өзгеріс болғанда, ауа райы жыли бастағанда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру қажет, - деді облыс әкімі.
Облыс әкімі салаға жауапты орынбасары Б.Нарымбетовке, аудан әкімдеріне және жауапты мекемелерге су тасқынына қарсы сақтық шараларын күшейтіп, жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)