БҚО-да фельдшерлер ауыр халдегі науқасты аман алып қалды
Батыс Қазақстан облысында жедел медициналық жәрдем станциясының бригада қызметкерлері клиникалық өлім жағдайындағы пациентті аман алып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Диспетчерлік бөлімшеге 1964 жылы туған ер адамға шұғыл көмек қажеттігі туралы шақырту келіп түскен. Пациенттің шағымынша, жүрегі ауырған. Ақ халаттылар шақырту бойынша мекенжайға дереу жеткен. Медициналық көмек көрсету кезінде науқас кенеттен клиникалық өлім жағдайына түскен. Фельдшерлер Н.Ешімов пен Д.Семғалиева дереу жүрек-өкпе реанимациясын жасаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандардың дұрыс және уақытылы әрекет етуінің арқасында пациенттің өз бетінше тыныс алу жүйесі және жүрек қызметі қалпына келтірілгенін айтты. Бұдан соң науқас жедел жәрдем бригадасымен облыстық кардиологиялық орталыққа аман-есен жеткізілген.
Қазіргі таңда пациент тиісті ем қабылдап жатыр, жақын арада ауруханадан үйіне шығарылатын болады.