Жаңалықтар

БҚО-да буллингке байланысты мектеп директоры қызметінен босатылды

БҚО-да буллингке байланысты мектеп директоры қызметінен босатылды
Фото: © iStock 15.12.2023 08:26 863

Оралда буллингке байланысты №38 мектеп-лицейінің директоры Райхан Биғазиева қызметінен босатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Хабарламаға қарағанда, 7 желтоқсан күні Орал қаласы білім беру басшысының міндетін атқарушы Индира Әміртаеваның қабылдауында болған ата-ана мектепте баласын ұрғанын және бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге орналастырғанын мәлімдеген.

Арыз бойынша мектеп әкімшілігі шақыртылып, мәжіліс өткізілді. Мәжіліс барысында мектеп директоры Р.Биғазиеваға ата-анаға педагогикалық қолдау көрсету, кәмелетке толмаған ұлына психологиялық көмек беру тапсырылды. Сондай-ақ ата-ананың сұрауы бойынша «Жас ұрпақ» орталығы, орталық психологының байланыс нөмірі берілді. Мектепте ата-аналар жиналысы өткізілген.

Оқушылар арасында құқық бұзушылыққа жол бергені үшін сол күні сынып жетекшілеріне, пән мұғалімі мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына және мектеп басшысына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілді.

«12 желтоқсан күні облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия отырысы болды. Орал қаласы білім беру бөлімінің 12 желтоқсандағы бұйрығымен мектеп директоры Р.Биғазиева ҚР Еңбек кодексі 49-бабының 5-тармағы негізінде жұмыстан босатылды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында балалардың арасында құқық бұзушылықтың, буллингтің алдын алуға қатысты жұмыстар күшейтілді.

«Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы» жоспары дайындалып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №506 бұйрығымен бірге білім беру ұйымдарына жыл бойына жұмыстану үшін жолданды. Жоспар негізінде іс-шаралармен ата-аналар, оқушылар және педагогтарды қамту көзделген», - деп хабарлады ведомстводан.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға