БҚО-да балаларға арналған этно-лагерь ашылды
Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында балаларға арналған этно-лагерь ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жазғы демалыс кезінде 7-14 жас аралығындағы оқушылар қазақ халқының салт-дәстүрлері мен тұрмысын жетік меңгеретін болады.
Лагерьде балаларға ата-дәстүрді үйретіп, тұрмысқа бейімдейді. Мысалы, ұлдарға «бата беру» үйретіледі. Ал соңғы күні ер балаларға мал сою, оны мүшелеу бойынша мастер-класс өткізіледі. Қыз балалар ұлттық тағамдар дайындауды үйренеді.
Жобаның мақсаты – өскелең ұрпақ бойына қазақтың төл мәдениетін, ұлттық құндылықтарын сіңіру, олардың денсаулығын нығайту, сондай-ақ топтасып бірге жұмыс істеу секілді адами қасиеттерді дамыту, - делінген мәліметте.
Мәдени демалыс бес күнге созылады. Бағдарламада ұлттық спорт ойындары, атқа міну, садақ ату, еркін күрес сабақтары бар.