БҚО-да анасын аса қатыгездікпен өлтірген жасөспірім сотталды

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен 56 жастағы анасын пышақтап өлтіру дерегі бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Істің мән-жайын заң бойынша жария ету мүмкін болмағандықтан, жабық сот отырысында қаралды.
Үкімді шығару кезінде сотталушының кәмелетке толмағаны, мінез-құлқы, қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен жасаған қылмысының ауырлығы және шын ниетпен өкінуі ескерілді.
Сот заң талаптарын негізге ала отырып, оған ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігімен 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
