Бозымбаев үш өңір әкімдерімен өңірлерді дамытудың жаңа тәсілдерін талқылады

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапары аясында Семей қаласында Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша кеңес өткізді. Кеңеске өңір әкімдері, салалық министрліктер мен Amanat партиясының өкілдері қатысты, деп хабарлайды primeminister.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Жиында өңірлік саясатты іске асырудың жаңа тәсілдері жан-жақты қаралды. Орталық тарапынан әлеуметтік және басқа инфрақұрылымды басым түрде қаржыландыру неғұрлым дамыған облыстармен алшақтықты қысқарту үшін артта қалған өңірлерге бағытталатыны атап өтілді. Сондай-ақ бизнесті дамыту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы желісі бойынша қаржыландыру өңірлерге қосылған құн тізбегіне қатысатын және қажетті шикізат әлеуеті мен өткізу нарықтары бар нақты жобаларға беріледі.
2028 жылға дейін аталған үш өңірде агроөнеркәсіп кешені, тау-кен металлургия саласы, туризм және қайта өңдеу бағытында 6,5 трлн теңгеге 102 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Қайта өңдеу өндірістерін, ШОБ кластерлерін және Катонқарағай, Баянауыл, Зайсан, Алакөл, Шүлбі су қоймасы сияқты туристік аймақтарды дамыту қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар трансшекаралық ағындарды ескере отырып, Ресей мен Қытай нарығына шығу мүмкіндігі бар өңірлердің көлік-логистикалық әлеуетін пайдалану маңызды.
Ауылдар мен моноқалаларды қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында Amanat партиясы мен өңір әкімдіктері ауылдарды саралап, олардың мамандануын айқындады. Вице-премьер ауыл шаруашылық кооперативтерін құруды және скрининг нәтижесіне сай ауылдарда шағын өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыруды тапсырды.
Кеңес барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов есеп берді. Отырыс қорытындысы бойынша өңір әкімдіктері мен салалық министрліктерге бірқатар тапсырма берілді.
