Жаңалықтар

Бозоқ - ежелгі қазақ мекені

Бозоқ - ежелгі қазақ мекені
18.09.2019 09:54 3948

Әлмисақтан сыр жеткізген, сар даланың сарыны сақталған Бозоқта орта ғасырдағы ежелгі қазақтың жұрты жатыр. Бұл туралы мүлгіген тыныштықта мәңгілікке ұйықтап кеткен қорымдардан дерек іздеп, дәлел тапқан елге белгілі археолог Кеңес Ақышевтың Есіл экспедициялық тобына басшылық еткен Марал Қалымжанқызы Хабдуллина сұқбатында айтып берді. Қазақстанның киелі жерлері картасына енген Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі тұнып тұрған тарих – Бозоқ қалашығы Кеңес Ақышевтың соңғы археологиялық еңбегі және оның бірінші атауы Ақжол болған.

Бозоқ - ежелгі қазақ мекені

- Бозоқ қаласының ашылуы туралы айтып беріңізші? Кемел Ақышев Бозоқты өзі көлігімен іздеп жүріп тапқан деген дерек бар. Бұл туралы білетініңіз бар ма?

- Қала орнының табылуы кездейсоқтық емес еді. Ежелгі қала туралы дерек саяхатшылардың көне жолжазбаларынан белгілі болды. Патшалық Ресей дәуірінде Қазақстан жеріне бірнеше мәрте экспедиция ұйымдастырылған. 1816 жылы Арқа жерінен жүріп өткен осындай бір экспедицияның құрамында болған Иван Шангин есімді инженердің жол үстінде жазған жазбаларында ол осы маңнан қаланың орнын көргенін айтады. Кеңес Ақышев әрине, бұл дерек туралы білді. Сондықтан, осы жерге 1997 жылдан бастап сонау Алматыдан бірнеше жыл қатарынан жаз-күз айларында келіп жүріп, қаланың ізін таппақшы болады. Кемел Ақышев алғашқы барлау жұмыстарын Есіл өзенінің оң жағалауында жүргізді. Себебі, ол қала су ойпатынан биіктікте, құламада орналасуы керек деген сенімде болды. Алайда, мұнда қаланың орнынан хабар беретін ешқандай белгі таппай, әбден салы суға кеткен уақытта өзеннің сол жағалауындағы батпақ арасынан Бозоқтың ізі білінеді. Сонымен, қаланы біз кісі аяғы баса бермейтін батпақтың ішінен аршып алдық. Қала салуға неліктен мұндай қолайсыз жер таңдалып алынғаны әлі де беймәлім. Бәлкім, бұл жаугершілік замандағы қорғаныс мақсатындағы стратегия болар. Бозоқ қалашығы 1998 жылдың күзінде яғни қыркүйек айында ашылды. Кеңес Ақышев үшін бұл Президенттің тапсырмасы болды. Оны тапқаннан кейін, келесі жылы ол жерде зерттеу жұмыстарын жүргізу керек болды. Бұл ел астанасының оңтүстіктен орталыққа көшірілуімен тұспа-тұс келді. Есіңізде болса, астананы көшіру туралы пікір қоғамда талас тудырған болатын. Ақпарат құралдарында Арқалықтың жабайы шет аймақ екендігін және мұнда тың игеруге дейін ешқандай тарихи өркениет болмағандығын айтушылар болды. Бозоқтың табылуы – сол негізсіз айыптауларға тарихтың жауап беруі болды.

Бозоқ - ежелгі қазақ мекені

Дерек пен дәйек: ХІХ ғасырдың басында Есіл және Нұра өзендерінің аңғарларын зерттеу үшін Ресейден геодезиялық топ жолға шығады. Инженер Иван Шангиннің 1820 жылы «Сибирский вестник» журналында жарияланған күнделігінде Бұзықты өзенінің шығыс жағалауындағы ежелгі қаланың қираған үйінділері туралы алғаш рет айтылады. Орталық және Солтүстік Қазақстанның бірнеше кен орындарын зерттей келе, Иван Шангин сондай-ақ, Есіл, Нұра, және Шығыс Балқаш маңын картаға түсіреді. И.Шангин өз жазбасында құрылысына қарап, бұл қала орны көшпенділердің ғибадат ету орыны болуы мүмкін деген де жорамал айтады.

- Бозоқ қалашығы – Кеңес Ақышевтің соңғы археологиялық еңбегі болды. Осы жұмыстың басы-қасында сіз өзіңіз де болдыңыз. Жалпы экспедициялық топтың алғашқы қазба жұмыстары, кездескен қиындықтары мен тапқан олжалары туралы айтып беріңізші. Экспедицияның жұмысы, археологиялық қазба жұмыстары қанша уақытқа созылды, құрамында қанша адам болды?

- 1999 жылы 10 шілде күні алғаш рет Кеңес Ақышевтың жетекшілігімен құрылған Есіл экспедициясы Бозоқ қалашығының орнын зерттеуге жолға шықты. Бұл уақытта мен экспедициялық топтың басшысы ретінде үнемі Кеңес Ақышевтың жанында болдым. Мұндағы зерттеу жұмыстары 2013-2014 жылдарға дейін жүргізілді. 1999 жылы экспедицияға шығу туралы шешім қабылданғанымен, біздің қолымызда оны ұйымдастыратын көлік те, құрал-жабдық та, тіпті адамдарымыз да болмады. Экспедициялық топты жинау қиын болмады, Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы студенттерімен бірге Бозоққа археологиялық практикаға келді. Президент әкімшілігіне экспедиция ұйымдастыруға көмек көрсету туралы хат жаздық. Нәтижесінде, 1999 жылы шілде айында арнайы кеңес шақырылып, Президент әкімшілігінің сол кездегі басшысы С.Қалмұрзаев барлық орталық органдардың басшыларына экспедиция жұмысына көмектесу туралы тапсырма берді. Сол уақыттағы жиналыс хаттамасын Кемел Ақышев әбден тозығы жеткеніне қарамастан, бүктемесімен қалтасында сақтап жүретін. Нәтижесінде, біз жорық шатырымен де, көлікпен де, ыдыс-аяқпен де қамтылдық. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарих факультеттерінің студенттері де көмекке жетті. Бүгінгі Орталық Қазақстанның археологтары алғашқы тәжірибені осы Бозоқ қалашығын қазу кезінде алды десе де болады. Олар Ақышевтің мектебінен өтті. Алғашқы жылдары мұндағы отряд өте үлкен болды, оның саны 100 адамға дейін жетті. Отряд студенттерден ғана құралмады, мұнда К.Ақышевтың өзі құрған мықты команда болды. Біз үшін бірінші қиыншылық су табу еді. Ауызсу шалғайда орналасқан, оған төте жол жоқ. Күн сайын азық-түлік таситын көлікті жалға алғанбыз. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, күнделікті 100 адамға ас-су тауып беру де оңайға соқпады. Әр жылдың жазында екі айдан жұмыс жасадық. Соншалықты олжаға кенелдік деп айта алмаймын. Себебі, ортағасырлық далалық қалалардың мәдениеті жұтаң болып келеді. Бұл Ұлы Жібек жолының бойындағы бай қала емес. Біз қаланың сәулет ерекшелігін, қабырғалары мен бекініс құрылысын зерттедік. Ол үшін арнайы сәулетші мамандарды да шақырттық.

Бозоқ - ежелгі қазақ мекені

- Қазба жұмыстары кезінде 50 жастағы жауынгер әйелдің мүрдесі табылғанын білеміз. Осыған тоқталып өтіңізші, мұндай егде жастағы әйелдің жауынгер жасағымен жерленуі жалпы археология тарихындағы сирек оқиға болмады ма?

- Бұл рас, 2002 жылы әйел адамның қорымын аштық. Мұның өзі кездейсоқ табылған болатын. Егер бұл қала болса, онда тұрғын үйлер болуы керек деген жорамалман біз үйінді арасынан үй іздерін іздеп, қайта қаза бастадық. Ол терең емес жерленген, шамамен бір метр тереңдікте күрек ұшы ағаш табытқа тиді. Бұл моңғол әйелі. Студенттер оны өздерінше «Інжу» деп атады. Оған себеп, оның бас киімі тұтастай ұсақ ақ інжумен көмкерілген. Тастардың түсі көмескіленгенімен, олардың бір-бірімен қалай байланысқаны, бедерленген оюына дейін байқалып тұрды. Моңғол екендігіне сенімді болуымыздың бір себебі де, осы бас киімге байланысты. Оның пішімі моңғол хандығының ұрпақтарының бас киіміне ұқсайды. Әйел ағаш табытқа бас жағы солтүстікке қаратып жатқызылған. Оның солтүстікке қарап жатуының өзі моңғолдардың діни ғұрпына сәйкес келеді. Ал қыпшақ тайпалары адамды жерлегенде басын батысқа қаратқан. Мүрденің бас жағына қойдың жілігі тігінен қадалып қойылған. Бұл да сол кездегі пұтқа табынушылардың діни ғұрпы, мұндай жерлеу рәсімдері Моңғол, Бурят жерлерінен табылған ескі қорымдарда көптеп кездеседі. Шыңғысхан дүниеге келген орталық бүгінде Бурят жері екенін де ұмытпауымыз керек. 2003 жылы қалпына келтіру үшін әйелдің бас сүйегін Мәскеу лабораториясына жібердік. Ресей ғалымдары біздің сөзімізді растап, бұл әйелдің тегі моңғол, жасы елулер шамасында екенін анықтап берді. Басындағы інжу моншақтарынан өзге оның құлағында, қолдарында күмістен соғылған сақина-сырғалары болды. Және бізді таңқалдырғаны, жанында темірден соғылған сүңгі мен қанжар жатты. Ал аяқ жағына темір жүген қойылыпты. Бұл әйелдің жауынгер шабандоз болғанын айғақтайтын жабдықтар.

Бозоқ - ежелгі қазақ мекені

- Сіздің бір сұқбатыңызда қазылып алынған 5 кесененің біреуі христиандық деп айтқаныңызды оқыдық. Кесенелердің сақталуы мен сіздің осылай деп ой түюіңізге не себеп болғанын айтып беріңізші?

- Айтып өткенімдей, әйел адамның жерлеу орнын кездейсоқ таптық. Яғни оның қабір екенін білдіртетін қандай да бір төмпешік немесе белгі болмады. Осы кездейсоқтықтан кейін, біз аяқ астындағы топырақ үйінділеріне мұқият қарап, қаза бастадық. Нәтижесінде, осы секілді киімдерімен, қару-жарақтарымен, тұрмыстық бұйымдармен жерленген 7 қабір және 72 мұсылмандық жерлеу орнын анықтадық. Мұсылмандарда шариғат бойынша киіммен жерлеуге тыйым салынады. Сондай-ақ, бір ерекшелігі, мұсылмандар мүрдеге топырақ құламауы үшін оның үстінен бос кеңістік қалдырады немесе қабырғадан текше жасап, болмаса кірпіштен шағын үйшік салады. Біз кезіккен бұл мұсылмандық жерлеулер рәсімі осы жерде 14-15 ғасырларда өмір сүрген ерте қазақ тайпаларына тән. Біз оның құрылысын қирандының табаны мен кей жерлерде сақталып қалған бір-екі қатар кірпішіне қарап анықтадық. Өкінішке орай, мазарлар толықтай дерлік жойылған. Кеңес кезінде мұнда геодезиялық белгі қойылған. Ол дегеніңіз, экскаватормен қазаншұңқыр қазылып, бетон бағаналары орнатылады. Осыдан-ақ, мұның қорғанның қанша бөлігін тып-типыл қылғанын ұғуға болады. Алайда, қорғанның қабырғалары мен кірер алдындағы бөлігінің табаны сақталған. Ол кірпішпен жартылай шеңбер түрінде төселген. Архитекторлардың айтуынша, жартылай шеңбер православты шіркеу құрылысына тән. Бұған таңқалудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, Алтын Орда көпэтникалық, көпконфессиялы мемлекет болды. Сондықтан әсіресе, орталықтан шалғай аумақтарда жергілікті халық өзінің тұрмыс-салтын, діни нанымын еркін ұстанды. Сондай-ақ, қорымнан қазып алынған жәдігерлердің арасында пұтқа табынушылықтың да белгілері болды.

- Бозоқ ежелгі қала. Және оның дамуы үш кезеңге бөліп қарастырылуда. Сонда да, Бозоқтың қоныстанушылары кімдер болды?

- Бір нәрсе анық, Алтын орданың тарихы жазыла бастаған уақытта бұл жер иесіз қаңырап тұрған мекен болды. Қабырғаларының бәрі қирап, қорғандары құлап, орлары топыраққа толып қалған еді. Бүгінде топырақ астында қалған мұндағы адамдар бұл жерге қираған қаланың орнына келді. Кейін бұл жер адамдардың қоныс мекенінен мінәжат ету орнына айналған сыңайлы. Қаланың алғашқы қоныстанушылары көне түркілер, батыс түрік қағанаты, кейін қыпшақтар, Алтын Орда хандығы және мұнда келіп қоныс тапқан соңғы ұрпақ қазақ хандығының өкілдері болды.

- XIII-XV ғасырларда қалашық орны киелі саналып, ақсүйектерді жерлейтін орынға айналды деген дерек бар. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

- Шынын айтсам, біз де осы сұрақтың жауабын табуға тырыстық. Батпақ далада қала салу және кейін оны киелі орынға айналдыру шын мәнінде таңқаларлық еді. Бұл орынның мінәжат орыны болғанын табылған жәдігерлерге қарап жорамалдауға болады. Алайда, қолымызда бұл туралы нақты дерек болмағандықтан, біз тек болжам ғана жасай аламыз. Мекеннің киелілігі туралы ұрпақтан ұрпаққа генетикалық есте сақтау қабілеті арқылы жеткізілген болуы мүмкін.

- Бозоқтағы су арнасы мен су жүйесі таңғаларлық деген мәлімдемелер жасалды. Ежелгі өркениет археологтарды несімен таң қалдырды?

- Қазба жұмыстарын жүргізген кезде жерлердің бұрын-соңды жыртылғанын байқадық. Алайда, мұрағат материалдарында бұл жерлердің тың игеруге пайдаланылмағаны айтылады. Аймақ жайылым ретінде ғана көрсетілген. Бірақ мұнда мал жайылымы үшін де қолайсыз еді. Қазір ол жерге жақын маңда Ильинка деген ауыл бар. Сондықтан, бұл жер ортағасырларда жыртылған болуы мүмкін деп болжадық. 2002 жылдың жазы өте жаңбырлы болғаны есімде. Осындай нөсерлі күндердің бірінде Кеңес Ақышев лагерь тұрған жерді жалғыз аралап жүріп, жаңбыр суларының бір арыққа жиналып, шығысқа қарай ағып кететінін байқайды. Және сол жерден арықтар мен бау-бақшаның барлық жүйесін тауып алады. Бұл біз үшін таңқаларлық болды, ол біздің бәрімізді жинап алып, «қараңдар, бұл дәстүрлі су жүйесі ғой» деді. Ешқандай өсімдік түрі өспейтін далалықта арық қазып, жаңбыр суын жинаған ортағасырлық адамдардың бұл жерді тұрмыстық мәдени ортаға айналдырғандығының айғағы еді бұл.

- Қалашыққа «Бозоқ» деген атаудың берілуінің өзінде үлкен тарих бар. Сол туралы айтып беріңізші.

Бозоқ - ежелгі қазақ мекені

- Рас, бұл қалашықтың атауы бірнеше қайтара өзгерді. Оны алғаш тапқан кезде К.Ақышев Ақжол деген атау берді. Экспедицияның 1999 жылы берген есебінде қалашық осылай деп аталды. 2000 жылы тарихи ескерткіш атауы Бұзұқ деп өзгертілді. Неге Бұзұқ дейсіз ғой?! Мұрағаттан Кеңес үкіметі кезеңіндегі Целиноград ауданының картасы қолымызға түсті. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жер ретінде көрсетілген бұл аумақта Бұзұқты өзені бедерленген. Біздің пайымдауымызша, қала сол Бұзұқты өзенінің іргесінде орналасқан. Өзен арнасы әлі де бар. «Бұзұқ» сөзі ежелгі түркі сөзі болып табылады. Мұны сөздіктен іздеп тапқан К.Ақышев арада мыңжылдықтар өтсе де, ежелгі түркі атауының сақталып қалғанына балаша қуанды. 2003 жылы ақпан айында Кемел Ақышев Елбасымен кездесіп, бес жылғы қазба жұмыстары жөнінде есеп берді. Елбасымен әңгімелесуі кезінде олар қазақ тілінде мағынасы түсінікті «Боз оқ» деген атауға тоқталады. 2003 жылдан бастап қалашық Бозоқ деп атала бастады.

- Біздің заманымызға қаланың қанша бөлігі аман-сау жетіп отыр. Оны сақтап қалу үшін әлі де не істей алмай отырмыз?

- Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Бозоқ қалашығын қайта жаңартып, археологиялық саябақ ашу туралы мәлімдеді. «Бозоқ» мұражай-қорығының жоспары әзірленуде. Осы жылы Бозоқтың ашылғанына, күллі Қазақ еліне жарияланғанына 20 жыл. Ел астананасының түпкі негізі, түркі әлемінің түп қазығы болған тарихи қалашықтың қирандыға айналмай, ұрпаққа жеткізілуі үшін жасалып жатқан шаралар әрине, осы істің басы-қасында болған біздерді қуантады.


Бөлісу:

Сұқбаттасқан Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз 

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға