Жаңалықтар

«Божественная комедия» поэмасын кім аударғанын білесіз бе?

Қазақтың көркем әдебиетін аударушы, филолог Кенжебай Ахметовпен сұхбат
28.01.2015 11:12 8792

«Божественная комедия» поэмасын кім аударғанын білесіз бе?

Ұлытау өңіріне сапар аясында Жезқазған қаласына тоқтап, осы қалада тұратын, көркем әдебиеттің танымал аудармашысы Кенжебай Ахметовпен кездесіп, сұхбат құруды жоспарлаған едім. Уақыттың тығыздығы мен іс-шаралардың көптігіне байланысты, сұхбатқа ары кетсе 1 сағат уақыт бөлу көзделген болатын. Алайда, Кенжебай ағамызбен танысып, 5-10 минут әңгіме құрғаннан соң, бір сағаттың аздық ететіне көзім жетті, себебі бұл кісінің меңгерген білімі, өткір ойлары маған қатты ұнады. Бар-жоғы 5 сағатқа созылған мазмұнды сұхбат барысында бүгінгі аударма кәсібінен бастап, кітап оқу мәдениеті мен жазушылық өнерге дейінгі терең тақырыптарды қозғай алдық. Алынған материалдың ауқымдылығына байланысты сұхбатты екі бөлімге бөліп жариялауды жөн көрдім.

 «Божественная комедия» поэмасын кім аударғанын білесіз бе?

1-бөлім

Қазақтың жаңа замандағы мәдениеті мен білімінің қалыптасып, дамуына ежелгі өркениет пен кешегі батыстың классикалық шығармалары қатты әсер еткені белгілі. Алайда біз ол шығармаларды түпнұсқа тілінде емес, өз ана тілімізде оқыдық. Әлемнің үздік әдеби шығармаларының қазақ тілде сөйлеуіне үлес қосушы ретінде ең алдымен көркем әдебиет аудармашыларын атап өтуге болады. Сонау Абай атамыздан бастап, бүгінге дейін талай туынды ана тілімізге аударылды және қуантарлығы бұл жұмыс тоқтап қалмай, осы күнге дейін өз жалғасын табуда Дегенмен, кез келген саладағыдай, мұнда да өзінің ерекшеліктері, шешілмей тұрған түйіндері, тежеп тұрған қиындықтары бар. Алғашқы бөлім, түсінгендеріңіздей, көркем әдебиет аудармасына арналады.

 Сұхбат

– Қандай кітаптар аудардыңыз?

– Алғашқы аударылған кітап – «Поэзия и проза Древнего Востока». Ежелгі Шығыс жеріндегі прозалық, поэзиялық шығармалар жинақталған, жалпы көлемі 600 беттен астам дүние. «Ежелгі Шығыс әдебиеті» деген атаумен шықты. Алғашқы уақыты б.з.д. 3000 жылдықтарға ұласатын Мысыр әдебиетінен бастап, Үнді, Иран, Қытай жеріндегі шығармалар қамтылған.

Одан кейін Ренессанс дәуіріндегі ақын-жазушыларды аудардым. Өзің білесің, Ренессанстың бастауында тұрған әйгілі 3 тұлға бар: Данте Алигьери, Боккаччо, Петрарка. Әуелі Боккаччоның «Декамерон» шығармасын аудардым. Бұл – 100 новелладан тұратын біртұтас кітап. Келесі аударма – Данте Алигьеридің 3 бөлімнен тұратын «Құдыретті комедиясы» («Божественная комедия»).  Оның бірінші бөлімін қазақтың әйгілі ақыны Мұқағали Мақатаев аударған. Мен осы шығарманың 3 бөлімін толығымен қайтадан аударып шықтым. Таза көркем шығарма ретінде 600 беттей, оған берілген түсініктемелер 200 беттей, жалпы алғанда 800 беттей кітап болды.

Қазір қолым қалт еткен кездері Достоевскийді аударып жүрмін. Достоевскийді көбінесе үлкен романдардың авторы ретінде, әлеуметтік күрделі жағдайларды қозғаған, қоғамның шиеленіскен проблемаларына үңілген жазушы ретінде, адамның ішкі қайшылықтарға толы тағдырларын бейнелеудің шебері ретінде қабылдаймыз ғой. Оның «Нақұрысы» («Идиот») мен «Қылмыс пен жазасын» («Преступление и наказание») шығармасын білмейтін адам жоқ шығар?!

«Божественная комедия» поэмасын кім аударғанын білесіз бе?

– Орыс тілінен аударасыз ба?

– Иә. Жалпы, шығарманың түпнұсқадан аударылғаны абзал-ау. Бірақ бізде бұл жағы әлі де осалдау. Дегенмен, шығарма орыс тіліне сапалы аударылса, онда оны қазақ тіліне де жоғары деңгейде аударуға болады. Бұл жердегі гәп аудармашының кәсіби біліктілігіне байланысты. Қазір тікелей аударуды қолға алып жүргендер бар, бірақ бұл аудармашылардың мектебі әлі қалыптаса қойған жоқ.

Аударма сәтті шығу үшін түпнұсқа материалды барынша дәл және қадір-қасиетін жоғалтпай жеткізу қажет. Ештеңе қосудың да, алып тастаудың да керегі жоқ. Бұған жетудің жолы қандай? Ол үшін аудармашы аударылатын шығарманың тілінен бұрын, аударма жасалатын тілді, яғни қазақ тілін өте жақсы меңгеруге тиіс. Өйткені түпнұсқадағы әрбір сөз, әр сөйлемнің айтар ойын әрі әсерлі, әрі дәл жеткізу қажет. Бұл үшін түпнұсқадағы сөздің қазақ тіліндегі түрлі нұсқаларын мейлінше көп біліп, солардың арасынан дәл келетінін сұрыптап ала білу қажет. Көбінесе, осы тұстан ақсап жатамыз. Аударылған шығарма түпнұсқада қалай әсер етсе, қазақ тілінде де тура сондай әсер қалдыруы тиіс. Біртіндеп осыған қол жеткізсек, қазақтың аударма өнері жақсы биікке көтеріледі. Әрине, бұл бір-екі жылда жасалатын нәрсе емес. Аудармашы шеберлігіне қалыптасу үшін белгілі бір уақыт керек.

– Қазақ тіліне ешқандай мінсіз, үздік аударылған шығарманы атай аласыз ба?

– Мұхтар Әуезовтің аударуындағы И.С.Тургеневтің «Дворян ұясы» өте сәтті шыққан. Кеңес Юсуптың аударуындағы Габриель Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» да өте жақсы аударма.

– Бұл аудармалар өзгелерден несімен ерекшеленеді?

– Бұл аудармаларда түпнұсқа авторының стиль ерекшелігі сақталған және қазақ үлгісінде жақсы берілген. Оқылуы да жеңіл. Әрине, өз классигіміз Бейімбет Майлиннің шығармасы секілді бірден жаныңызға жұғысты боп кетпейтіні түсінікті ғой. Себебі шетелдік шығармадан сол елдің болмысы сезілуі тиіс, шетелдік автор таза қазақыланып, қазақша ойланып, дүниеге қазақ көзімен қарап кетер болса, аудармаға күмәндана қарауға тура келеді.

Бізде аударма жасаудың 3 үлгісі қалыптасқан. Оның екеуін ұлы Абай негіздеген, үшіншісі – Мағжан Жұмабаев үлгісі. Абай қалыптастырған алғашқы үлгі – шығарманың мазмұны мен идеясын жеткізу. Бұған Крыловтан жасалған аудармалары мысал. Екінші үлгіміз – Абайдың Пушкинді, Лермонтовты аударуы. Бұл тұста Абай осы ақындардың сөздерін, образдарын ала отырып, өзінше жырлайды. Менің ойымша, мұндай кездері Абай оларды аударуды емес, олармен іштей ақындық жарысқа түсуді ойлағандай көрінеді. Бір ғажабы, біздің ақын жеңіп шығады. Сенбесеңіз, түпнұсқа мен Абайдың нұсқасын салыстырып көріңізші, Абайдікі артық екенін өзіңіз де көресіз. Біздің қазіргі аудармашылардың көбісі осы үлгіні жөн көреді, бірақ өкінішке орай, ұдайы сәтті шыға бермейді.

Үшінші үлгіні қалыптастырушы – Мағжан Жұмабаев. Мағжанның 10 шақты поэзиялық аудармасы бар. Салыстырып байқасаңыз, Мағжанның аудармалары орыс тіліндегі өлеңді қазақ тілінің айнасынан көрсетіп тұрғандей әсер етеді. Бізге керегі – осы үлгі. Өйткені Мағжан ақын ештеңені алып-қосып жатпайды, ештеңені өзінше иіп, қайтадан жырламайды. Авторда қалай, аудармада да солай. Ең бастысы – түпнұсқаға еш нұқсан келмейді. Бұл – шеберлік. Формасы өзгеріп кеткен бір-ақ өлең бар Мағжанда. Орыстың белгілі ақыны бар ғой Кольцов деген, соның «Шалдың үміті» («Песня старика») деген өлеңі бұл. «Аудармаларының бәрінде буын саны, ұйқас түрі, т.с.с. өзгеріссіз сақтайтын Мағжан осы өлеңге келген кезде неге 11 буынды өлеңге түсіп кеткен?» деген ой мені қатты қызықтырды.

Сөйтсем, гәп жанрға байланысты екен. Мағжанның кереметтігі сонда, мына өлеңнің жанрын да қағыс қалдырмаған ғой. Өлеңнің орысша атауы – «Песня старика». Орыстарда «песнь» деген жанр бар, яғни әндетіп айтуға келетін өлең. Жаңағы өлеңді орыстың «частушкасына» мұңлы реңк беріп, әндетіп шығуға болады. Ал бізге, қазаққа мұндай әндер тән емес. Кольцовтың өлеңі «песня» болғандықтан, Мағжан бұл өлеңді сағыныш сарыны бар қазақтың әніне келетін қылып аударған. Мақсатты түрде солай істеген.

Демек, қазіргі уақытта Мағжанның аудармашылық үлгісін ұстану абзал болмақ.  Бұл «Абайдың үлгісі жарамсыз» деген сөз емес. Абайдың аудармашылық дәстүрі өз уақытында қажет болды. Абайдың аудармаларының алғашқы үлгісі басқа елдерде үйренетін қандай дүниелер бар екенін көрсету, таныстыру мақсатын көздеген. Мұндай мақсат көзделген кезде авторға тән шығармашылық ерекшеліктер құнттала бермейді. Ал өзге жұртта не бар, не жоғын біліп алған қазіргі жұртқа әр автордың даралығын таныту қажет. Абайдың екінші үлгідегі аудармалары – ұлы ақынның өзін өзі сынау үшін жасаған дүниелері. Бұл – мүлдем басқаша маңыз иеленетін, басқаша бағалануға тиіс шығармашылық әрекет.

«Божественная комедия» поэмасын кім аударғанын білесіз бе?

–  Әлемнің үздік әдеби шығармаларының барлығы дерлік ағылшын тіліне аударылған немесе осы тілде жазылған. Бүгін біз үш тұғырлы тіл саясаты аясында ағылшын тілін еркін меңгерген балаларды тәрбиелеп жатырмыз. Қалай ойлайсыз, болашақта әдеби шығармаларды аудару қаншалықты қажет болады?

– Бұл жерде біздің алдымыздан үлкен мәселелер шығады. Ұлы ұлт боламыз десек, біртұтас ұлт ретінде ғаламдағы өз орнымызды мызғымастай орнықтырамыз десек, әлемдік мәдениеттен тысқары қалуымызға болмайды. Әлемдік мәдениет – әр ұлттың өзін ұлт ретінде танып, бағалауына себепкер болатын фактор. Дүние мәдениетіндегі өзгерістерді, ол өзгерістердің пайдасы мен зиянын ажырата тани алмасаң, кім көрінгенді ұлықтап, далақтап кетуің мүмкін. Қазақ баласы әлем мәдениетіндегі бардың бәрін білуге тиіс, керексізін әрі ысырып, қажеттісін меңгеріп, пайдалысын бойымызға сіңіріп, өз болмысымызға залалы тимейтіндей етіп қорытып жіберуіміз керек. Бұл мен ашқан жаңалық  емес. Баяғыда Абай ақсақал айтып кеткен.

Қанша жерден «үш тұғырлы тіл» десек те, барша қазақ баласы 100 % ағылшын тілін меңгеріп кетпейді. Ағылшын тілі өзін қажет ететін топтардың ғана тілі болып қалады. Былайша айтқанда, керексінгендерге керек қосалқы тіл. Ел ішінен бірнеше тілді меңгерген адамдар шығуы әбден мүмкін, солай болып та жатыр. Бұл – заңды құбылыс. Ал, сонда қалың көпшілік не істеуі керек? «Ағылшын тілін үйреніп алған соң, әлем әдебиетіне еркін сүңгимін» деп жүргенде, «тесік астау» ұстап қалмай ма? Сондықтан әлем жұртының жауһарлары мен пайдалы дүниелерін қазақ тіліне аудару – еш уақытта артықшылық етпейтін қажеттілік. Бірақ ескеретін бір жәйт бар, ол – қазақ баласының бірінші кезекте ұлт мәдениетінен нәр алуы және құнарлы нәр алуы.

– Бұл сұрақты мен бекер қойған жоқпын. Өткенде бір қызық оқиға жайлы естідім. Испания елінде бір әлеуметтік сұрау жүргізілген екен. Алғашында ағылшын тілінде «Мына адам қылмыскер, оны өлім жазасына кесуге қалай қарайсыз?!» деген сұрақ қойылыпты, сөйтсе көпшілік «иә» деп жауап беріпті. Кейіннен дәл сол сұрақты испанша қойса, «жоқ» дегендердің саны артып кеткен екен. Яғни бір сөз, бір мағына екі тілде екі түрлі әсер қалдыратын көрінеді. Бәлкім бұл да аударманың қажет екендігін көрсететін дәлел болар?!

– С.А.Токаревтің «Діндер тарихы» кітабынан («История религий») осыған ұқсас жәйтті оқығаным бар еді. Ағылшынның миссионері шағындау аралдағы белгісіздеу бір тайпаға барған екен. Бұл тайпаның адамдары жасыл мен көк түстерді ажырата алмайтын боп шығады. Олардың тануы бойынша, жасыл да – көк, көк те – көк. Неге ажырата алмайды, өздері де түсінбейді. Өзің де білесің, миссионердің шаруасы «елдің сауатын ашудан» басталады ғой. Әлгі «тақуамыз» да мектебін ашып, ағылшын тілін үйретуге кіріседі. Ағылшынша үйренген балалар ата-анасы ажырата алмайтын жасыл мен көк түстерді түстеп танитын боп шығады. Сөйтсе, мәселе бұл тайпа адамдарының ұғымында «жасыл», «көк» деген түсініктердің жоқ болуында екен. Көрдіңіз бе, ажырата тани алмаған жағдайда оған байланысты ұғым-түсінік те болмайды.

Бұл жағдай шығармашылыққа да қатысты. Өзге тілдегі сөзді сөздіктегі қалпымен аудара берсең, әлгі сөз тура сол мәтінге байланысты мәнінен айырылып қалады. Мысалы, орыстың «был» (түбір сөз – быть) деген сөзі қазақшада «болды», «болып еді», «болған еді», «болған» деп аударылуы мүмкін. «Был» деген сөздің бәрін «болды» деп кете берсең, аудармаңызда қасиет қалмайды. Аудармашы әр сөздің мәтін ішінде қандай мәнде қолданып тұрғанын анық түсінуі керек. Тіпті ішкі түйсікпен сезінуі керек.

Қысқасы, жақсы дүниелер аударылуы қажет. Ал түпнұсқадан оқып, кәдеге жарата  алатын шамаң болса, оның несі айып? Жалпы, кез келген нәрседен проблема туындатып, біржақты шешуге болмайды. «Менікі ғана дұрыс» деп қақиып қалу жақсылыққа жеткізбейді.

Мынадай жағдайлар да болады. Төл дүниелерімен елге танылған белгілі жазушыңыз сәтсіз аударма жасауы мүмкін. Ондай жағдайды кезіктіргем. Қай шығарма екенін айтпай-ақ қояйын. Әйгілі шығармалардың бірі. Аудармасын қолыма алып, 3-4 бетін оқыдым. Қызықсыз болғаны сонша, ысыра салдым. Екі-үш ай өткен соң, кітапханадан сол шығарманың орысшасын көріп қалып, оқып шықтым, мүлдем басқа дүниеге жолықтым.

–  Сұхбат берушілердің көбі «аттарын айтпай-ақ қояйын» деп жиі айтады. Осы біздің бір-бірімізге деген «сыпайылығымыз» қоғам дамуын тежеп отырған жоқ па? Бетке басып айтатын жерде жиі үндемей қаламыз, жұртқа қатты жалтақтаймыз. Бірақ бүгінгі кішкентай реніш, ертеңгі күні  қателіктің түзелуіне әкелмей ме? Мысалы сіз кәсіби аудармашысыз, жазушысыз. Сіз неге шындықты айтып, әуесқой оқырманның көзін ашпайсыз? Сіз сапасыз деп тапқан дүниені пиар арқасында оқып жүрген оқырмандар ары қарай адасып жүре берсін бе?

– Бұл жердегі мәселе сенсация қуалауға келіп тіреледі. Біз арзанқол сенсацияға тым қатты әуеспіз. Егер мен сол аудармашының атын айтсам, негізгі мәселе былай қалып, есесіне «ойбай, пәленше түгеншенің быт-шытын шығарыпты» деген сыңайдағы әңгіме көбейіп кетеді. Қарапайым мысал айтайын. «Қазақ әдебиетінде» мақалам шықты. «Қадірі қашқан көркем әдебиет». Мақала шыққаннан кейін, ол интернетке түсті. Интернетке түскеннен кейін пікірлер жазылды. Қарап отырсам, мен айтып отырған негізгі мәселе жайына қалып, әркім өзімен-өзі әуре боп кеткен.

«Божественная комедия» поэмасын кім аударғанын білесіз бе?

– Аударманы жеке кәсіп деп айта аламыз ба? Бұл арнайы оқылуы тиіс мамандық па?

– Белгілі бір салаға бейімделген аудармашыларды кәсіби маман (яғни кәсіпке бейімделген) деп айтуға болады. Мысалы, кеңселік қағаздарды, экономикалық еңбектерді, медициналық мәтіндерді аударатын адамдар бар. Кәсіби маман болғандықтан, олар өзі таңдаған салаға тұтастай беріліп, барынша мамандануы тиіс. Мәселен, медицина саласындағы аудармашылықты таңдасаң, медицина саласы туралы хабарың болуы тиіс, сонда ғана сен не жазып отырғаныңды жетік түсінесің. Бір күні медицинаны, ертең экономиканы, оның арғы күні физиканы аударып жүрсе, ол дұрыс емес. Бізде кейде бір сөздің не мағына беретін анық білмей аудара салып, айтылуы тиіс ойға қарама-қайшы пікірді беріп жататын жағдайлар да ұшырасады.

Егер кәсіби аударма сала-салаға бөліну арқылы қалыптасса, көркем аударманың жағдайы мүлдем бөлек. Оған кәсіби аудармашылар жақындамауы керек. Көркем шығарманы аудару үшін өнердің табиғатын түсінетін адам қажет. Ол адамның өзі де белгілі бір деңгейде ақын-жазушылық қасиетке ие болуы керек, мейлі оның өлеңдері мен кітабы басылып шықпай-ақ қойсын.  Мұндай қабілеті жоқ адам аударма жасай алмайды. Көркем аударманың ерекшелігі осында, көркем аударма бұл – творчество.

– Сіз аударған шығармалардың бірі «Декамеронға» қатысты сұрағым бар. Мен бұл кітаптың өзін оқымадым, тек рецензиясын оқыдым, сондай-ақ, кітап негізінде түсірілген  фильмдер бар екен. Шыны керек, кітаптағы кейбір элементтер біздің қоғам үшін кей жағдайда келмей жатады, себебі біз шығыс мемлекетіміз, батыс емес, біз көп нәрседе ашық айтып тастамай, тұспалдап жеткіземіз. Одан бөлек қазақтың өзінің тиым салынған тақырыптары бар. Бұл шығарманы аудару кезінде ішкі тиым болған жоқ па? Қазақтың осындай тақырыпқа деген көзқарасы қандай? Осы аудармаңызды қоғам қалай қабылдады?

– Қазіргі қоғамға көркем дүние түгілі, тұтас дүниені аударып тастасаңыз да бәрібір. Енжар. Егер осы шығарма 70-80 жылдары аударылған болса, бірі жақтап, бірі даттап, бірталай жұрт шуылдап жатар еді.

Енді кітап пен фильм жайына келейік. Бұл екеуі – екі бөлек дүние. Фильміңізді білмеймін, ал кітапта «бетті басып, тұра қашатындай» анайы, тұрпайы нәрселер жоқ. Бәрі де көркем шығармаға қойылатын талаптар аясынан аспайды. Бүгінгі «еркін ойлы шығармашылық тұлғалармен» салыстыра қарасақ, ертеректегі авторлар ешқандай жағдайда көркем әдебиеттің «шекарасынан» әрі өтіп кетпейтінін көреміз. Алда-жалда әлдебіреулер «Декамерондағы» новеллаларға тіксіне қарайтын болса, менің ойымша, ондағы кейбір кейіпкерлерден өздерін көріп қоятын шығар.

Джованни Боккаччоның «Декамероны» – жүз новелладан тұратын кітап. Новеллаларда қамтылатын шындық аясы да, кейіпкерлер де әртүрлі. Автор көбінесе юмор, әжуа, қылжақ, мысқыл сияқты тәсілдерге жүгінеді. Жиі кездесетін кейіпкерлеріне қараңыз: дін қызметшілері, ел билеушілер, бақуаттылар, жұрт алдында періштедей боп көрінуге құштар сылқымдар т.с.с. «Декамерондағы» новеллалардың астарына назар аударып қарасаңыз, адам баласының айыға алмай келе жатқан келеңсіз мінездерін көресіз. Ең қызығы сол, осы кітаптағы кейіпкерлердің атын өзгертіп жіберсең, өз айналаңдағы кейбір адамдарды көріп қалуың әбден ықтимал. Өз пайымдауымша, Дантенің «Құдыретті комедиясы» мен Боккаччоның «Декамероны» бір медальдің екі беті сияқты.

– Ренессанс дәуірінің авторларын жиі аударасыз, мұның себебі неде?

– Бұл – әлемдік әдебиет эволюциясымен байланысты қызық мәселе. Кешегі күндері біз мәдениеттің бастауы ежелгі Грек жері деп оқыдық. «Илиадаңыз» бен «Одиссеяңыз», Аристотель мен Платоныңыз, театр мен білім ошақтарының бәрі сол жақтан шықты деп есептедік. Одан кейін өркениет Римге келді. Сөйтіп барып Ренессансқа түседі.

Енді шындыққа қараңыз. Бізге оқытқан ежелгі дүние әдебиеті өзінің алдындағы ежелгі Шығыс әдебиетінің баласы болып шығады. Ежелгі Грек және Рим әдебиеттерінің алдында ежелгі Шығыс әдебиеті жатыр. Ол біздің бүгінгі жыл санауымыздан арғы 3000 жылды қамтиды, жүзжылдықпен есептесек, 30 ғасыр. Ал Грек және Рим әдебиеті одан әлдеқайда беріде, жыл санауымыз басталар тұста дамыды. Қызығы сол, Ежелгі Шығыс әдебиетінде айтылған әңгімелер, оқиғалар, көзқарастар Ежелгі Грек әдебиетінде түрленіп, жаңарып, әрі қарай дамыды. Ежелгі Грек әдебиеті және содан бері жалғасқан Рим, Вавилон әдебиеті шамамен 7-8 ғасыр бойы гүлденіп, өмір сүреді. Сосын ежелгі қоғамдық құрылыс та, мәдениет те ошарылып тұрып қалады. Өсу жоқ. Ал дәл осы тұстан бастап Шығыс мәдениеті қайтадан дамиды ғой. Біздің әйгілі шайырларымыз: Физули, Шамси, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Хафиз, Хайям, Низами – бұлардың бәрі 7-15 ғасырдың аралығында өмір сүрді. Бұл аралықта бүкіл ғылым, әдебиет Шығыста өркендеді. Ал осы кездегі Еуропада өркендеу, өсу жоқ. Әлбетте, бұл өліп қалу деген сөз емес, жалпы тіршілік бар, бірақ тоқырау.

Осы аралықта өткен 6-7 ғасырдан кейін еуропалықтар тағы да Шығыс әсерімен қайта өрледі. Тығырықтан шығуға ұмтылыс басталды. Міне, осы ұмтылыстардың бастауында Ренессанс өкілдері, яғни адамды қайтадан оятушылар тұр. Батыс елдеріндегі Қайта өрлеу, Жаңғыру кезеңі осылай басталды. Егер әлемдік әдебиеттің тарихын тұтас қарайтын болсаңыз, спиральға ұқсас дүниені көресіз.

Ренессанстан басталған мәдени өзгерістер кешегі күнге дейін жалғасып келгені шындық. Дегенмен, қазіргі Батыс дүниесі тағы да тоқырау шегіне жетті деп ойлаймын. Өйткені оларда шығармашылық өнер тоқтап, өнермен пішіндес өнімдерді өндіру басталды. Өндіріс басталған жерде өнер тоқырайды.

Жоғарыда айтылған циклге жүгінсек, ендігі өркендеу өрісі қалай қарай бет түзеуі керек? Шығысқа. Даму заңдылығы бойынша, ендігі мәдени өрлеу, рухани кемелдік кіндігі Шығыс болуға тиіс. Ал ендігі өркендеу орталығы Шығыс болса, оның бастауында қазақ мәдениеті неге тұрмасқа? Әрине, жұрттың аңысын байқайық деп, көткеншектеп тұра берсек, тиесілі несібеңнен айырылудан басқа түкке қол жеткізбей, құралақан қаласың. Сондай-ақ, руханият биігіне ұмтылу өндіршектеу арқылы, құр кеуделеу арқылы да жүзеге аспайды. Бұл үшін қазақ баласы, ең бірінші кезекте, рухани жаңғыруға, санада серпіліс жасауға тиіс. Содан соң ішкі жасқаншақтықтан арылу керек. Қысқасы, санаға салиқалы серпіліс қажет.

Ойлану үшін бір мысал айта кетелік. Әлгінде сөз болған Ренессанстың бастауында тұрған үш адам орта ғасырлардағы алақандай Флоренцияда туып өскен. Жандарын сауғалап, қашып-пысып жүріп-ақ, барша Батыс дүниесін дүр сілкіндіріп, саналарына сәуле түсірген. Бір ғана қалада қатар өмір сүрген үш адам бүкіл әлемнің жаңаша бағдар алуына себепші болып тұрса, дүниенің арғы-бергі ілім-білімімен сусындаған бүгінгі қазақ баласы бүгінгі рухани түлеудің бастаушысы болса, несі мін?! Не жетпей тұр оған?!. Бұл жағын ойлы азамат өзі ойланар.

«Божественная комедия» поэмасын кім аударғанын білесіз бе?

– Енді сол әлемдік мәдениетті өз аузына қаратып, үлкен серпіліс әкелетіндей потенциал бар ма?

– Негізі, творчествода үлкен өзгерістерді фанаттар жасайды. Рахат тұрмысты күтіп жүргендерден, «маған жағдай жасап берші, шедеврлердің астында қалдырайын» дегендерден ештеңе шықпайды. Сондай-ақ, фанат болумен бірге, ерекше дарын, айрықша қабілет иесі болуы керек шығар. Содан соң Құдайдың берген талантын ол адам еңбекқорлықпен толыстырып, өзін өзі ұдайы алға ұмтылдырып отыруы керек болар...

Бір ғажабы, ондай тұлғаның жарқын үлгісі өз тарихымызда бар ғой. Ол Абай ғой. Тұрмыс жағынан келсеңіз, Абайда бүкіл жағдай болған. Бірақ ол оған алданбайды, керісінше, бүкіл адамзаттың қасіретін мойнына арқалайды, азап кешеді. Өмірдің бар қызығын тәрк ете, жаны езіліп өлең жазады. Елінің ертеңіне алаңдайды. Оның азабы да, арманы да – Ел, адам баласы. Абайды азапқа салатын жағдай – адам баласының өзін өзі сорға итермелеуі. Бұл жағынан алсақ, Абай – қазақ баласының ғана емес, барша адамзаттың бойындағы кеселді мінездердің бүкіл азабын өз жүрегіне артып алған ақын.

Шын мәніндегі творчество адамы, Абай сияқты, барша адам баласының жоқшысына айналуы керек, тым болмаса, сондай деңгейге ұмтылуы керек. Әрине, бұл – әркімнің пешенесіне жазыла бермеген қасиет. Өйткені сыртын ұқсатумен ешкім де өз бойында жоқты жасай алмайды.

Қазақ зиялысы өз болмысына Абайға тән болған қасиеттерді ұялата алса, ең қуатты потенциалыңыз сол емес пе? Әзірше біздің қоғам материалдық дүниенің соңынан қуалап келе жатыр. Материалдық байлық қажет, бірақ руханият алда тұруы абзал.

– Рухани мәдениетімізді көтеру үшін не істеу керек?

– Нақты жасалған еңбек әділ бағалануы керек. «Бұл кісі де бірдеңе істеп жүр ғой, жүргеніне біраз жыл болды ғой» деген сықылды теңгермешіліктен арылу керек. Кім-кімнің де қанша «жүргені» яки «бірдеңесі» емес, нақты істеген ісінің маңызы салмақталуға тиіс. Өнерге байланысты айтсақ, көркемдік талап, көркемдік талғам жоғары болуы керек және кез келген дүние сол деңгеймен өлшенуі қажет. Сондай-ақ, «бұл кісі былтыр алды ғой, биыл басқа кісіге берейік, ренжіп қалады» деген көзқарастан құтылу керек. Егер бір адам жыл сайын жоғары талапқа сай шығармалар жазып жатса, сол шығармасы үшін тағы да құрмет көрсетілсе, несі айып? Менің ойымша, мұндай жағдайда шын мәніндегі шығармашылық бәсекеге жол ашылар еді. Әйтпесе, «жүре берсем, далада қалмасым анық» деген пиғыл бел алады. Қазір солай болып та тұр.

– Бүгінгі қоғамның жауыр болған тақырыбы – бұл қазақ тілі мәселесі. Дегенмен, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болғандықтан, сіздің пікіріңізді білу біз үшін әрдайым өзекті. Қазақ тілінің бүгінгі жағдайына қандай баға бересіз?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, қазіргі таңда қазақ тілінің қолданысы әжептәуір көңіл тоғайтады. Әрине, өз көңіліңдегі қалаумен, «шіркін, осылай болса екен» деген оймен қарайтын болсаң, көңілің толмайды. Өйткені әңгіме басталғалы қаншама жыл болды, қазақ тілін оқытуға байланысты қаншама қаржы бөлінді, қаншама мекемелер ашылып жатыр. «Осылардың өтеуі қане?» деп қарайтын болсаң, ештеңе істелмегендей әсерде қаласың.

Негізі, біз билікті сынап-мінеуге тым әуеспіз. Бұл мінезімізді түсінуге де болады. Өйткені біз ылғи да біреудің айтуымен, біреудің нұсқауымен жүріп-тұруға құмармыз. Мұндай жағдайда әлдебір шаруа дұрыс болмаса, кінәні біреуге арта салу оңай. Өзің таза боп қаласың. Ал енді шынымен қазақ тіліне жаның ашып тұрса, заң арқылы айқындалып берілген құқығыңды өзің неге пайдаланбайсың? Кім тыйым салып тұр? Әрбір қазақ баласы Қазақстанның кез келген жерінде қазақша сөйлесіп жатса, басқа ұлт өкілдері қайда барады? Бір қызығы, бізде қазір қазақша үйренуге, қазақша сөйлесуге қазақтан гөрі, өзге ұлт өкілдері көбірек ұмтылатын сияқты көрінеді. Айналып қана кетейін біздің бауырлар істен гөрі, сөзді жақсы көретіні рас қой.

Өмірде болған бір мысалды айтайын. Мемлекеттік тілдің тікелей жанашыры болып отырған бір мекеме қазақ тілі мәселесіне арналған бір жиын өткізеді. Қазақ тілінің арғы-бергі тарихын, қадір-қасиетін толғаудан бастап, қазіргі ахуалына күйзеле, күйіп-піскен әңгімелерге дейін айтылады. Ду-ду саябырсыған тұста осы жиынға қатысып отырған орташа ғана салмағы бар бюджеттік мекеменің бастығы сұрақ қояды ғой. «Кешіріңіз, – дейді, – Сіз мемлекеттік тілдің нағыз жанашырысыз. Тілдің жайын ұдайы айтып жүрсіз. Бүгін, міне, үлкен жиын ұйымдастырып отырсыз. Бәрі де құптарлық, бәрі де тамаша. Енді сұрағымды айтайын: Банктерде сіздің есепшотыңыз бар ма?» «Иә, бар», – дейді жауап. «Есепшотыңыз қай тілде?» – дейді сұрақ. «Енді... орыс тілінде ғой...» – деп күмілжиді жауап. «Неге орыс тілінде?» – деп жалғасады сұрақ. «Енді... орысша болмаса, қиындық туғызады ғой», – деген жауап болады. Сұрақ қоюшы: «Қандай қиындық туғызады? Мысалы, менің өзімнің де, мекеменің де есепшоты қазақ тілінде. Басқа құжаттарымыз да қазақ тілінде. Бізге келетін хаттар да, бізден шығатын жауаптар да қазақша жазылады. Өйткені біз мемлекеттік тілде жазбаса, жауап қайырмаймыз. Ендеше, бізде неге қиындық тумайды?» – деп аяқтайды. Жауап жоқ.

Бұл жерде сұрақ қоюшының сөздері әшейін мінез көрсету емес, шындық екенін жиынға қатысып отырғандардың бәрі біледі. Сол себепті іштей мойындап қалады. Бірақ нақты нәтиже тағы жоқ. Байқасаңыз, мәселе әр азаматтың өзіне байланысты. Ендеше, елдік істің қай-қайсында болмасын, ауызбен патриотсынбай, титтей болса да, нақты іс тындырған абзал. Кім-кімге де.

Жалғасы бар


Сұхбаттасқан –  Дархан Өмірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға