Жаңалықтар

"Бөрте" спектакліндегі бас кейіпкердің сәукелесі 4 млн теңгеге сатылды

Қайырымдылық балда 80 миллион теңгеден астам қаражат жиналды
"Бөрте" спектакліндегі бас кейіпкердің сәукелесі 4 млн теңгеге сатылды
Фото: gov.kz 09.12.2022 19:36 1376

Инклюзивті білім беру мен дарынды жастарды қолдауға арналған қайырымдылық балда 80 миллион теңгеден астам қаражат жиналды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Елордада «Болашақ» корпоративтік қоры ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алу мәселелеріне қоғамның назарын аудару және дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында жыл сайын ұйымдастыратын Қысқы қайырымдылық балы өтті. Түскен қаражат қордың «Әр бала мектепке баруға лайықты» және «Жол жүру гранттары» әлеуметтік жобаларына бағытталады.

10 жыл ішінде қайырымдылық балдары арқасында 800 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Жиналған қаражатқа «Болашақ» қоры 70-тен астам мамандандырылған оңалту мекемесін, оның ішінде Қазақстанның 22 қаласында 46 инклюзияны қолдау кабинетін ашып, жарақтандырды. Инклюзия саласында 500-ден астам мамандандырылған жұмыс орындары құрылды. 3000 маман мен ата-ана инклюзивті білім беру және мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша оқудан өтті. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға 93 жол жүру және 17 білім беру гранты берілді.

Ерекше балалардың құқықтарын іске асыру үшін «Болашақ» қоры инклюзивті білім беруді дамыту бөлігінде ҚР заңнамалық актілеріне 70-тен астам сапалы ұсынымдар мен түзетулер енгізді.

Сондай-ақ қордың қолдауымен жыл сайын дислексия мен дисграфияға шалдыққан 500-ден астам бала білікті мамандардың көмегін алады. Гендік дерматоздар бойынша халықаралық қауымдастыққа оталар жүргізуге, арнайы косметика сатып алуға және қазақстандық дәрігерлерді буллезді эпидермолизбен ауыратын балалармен (көбелек балалар) жұмыс істеу ерекшеліктеріне үйретуге көмек көрсетілді.

«Біз, «Болашақ» қауымдастығының мүшелері, бағдарлама түлектері, бір кездері шетелде тамаша білім алу мүмкіндігіне ие болдық және бүгінгі таңда барлығына сапалы білім алу үшін мүмкіндіктер мен жағдайлар жасау біздің азаматтық парызымыз деп санаймыз. Инклюзия – бұл аутизм бар балалардың кәдімгі мектепте оқу құқығы жайында ғана емес, сонымен қатар бұл Даун синдромы, церебральды сал ауруы бар балалар, иммигранттардың балалары, қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар және басқа да көптеген балалар үшін сапалы білім алу құқығы жайында. ҚР Конституциясы бойынша және барлық адами заңдарға сәйкес әрбір баланың сапалы білім алып, дарындылығын дамытуға мүмкіндігі болуы керек. Білім – бұл нағыз көңіл аударарлық нәрсе, өйткені болашақты білімді ұлт жасайды. Егер де елімізде сапалы өзгерістер болсын десек, балаларымыздың сапалы білім алу мүмкіндігі болғаны өте маңызды» - деді «Болашақ» корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.    

Жылдан жылға көптеген компаниялар өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп, балды ұйымдастыруға қолдау көрсетеді. Осы жылдар ішінде балды өткізуге 150-ден астам демеуші мен серіктес қосылды. XIII Қысқы қайырымдылық балын ұйымдастыру «Hilton Astana», «BI Group», «А-Event KZ» компанияларының және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтуде. Балдың демеушілері: «Нұрбанк» АҚ және «Astana Business Aviation» компаниясы.

Балдың шарықтау шегі – түрлі өнер нысандары антиквариат және спорттық атрибутика заттары қойылған аукцион болды. Биылғы жылы аукционда 1940-1950 жылдары қолдан тоқылған кілемдер, «Бөрте» спектаклінің кейіпкерінің сәукелесі, АҚШ-тың 14-ші президенті Франклин Пирс қол қойған жер телімін беру туралы 1856 жылғы құжат және т.б. ұсынылды. Айта кетейік, аукционға ұсынылған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушысының гитарасы және топтың алғашқы хиттері жазылған винил күйтабағы 11 миллион теңгеге сатылды. Сондай-ақ кеш қонақтарын қор серіктестерінен бағалы сыйлықтар ұтыс ойыны да қуантты.

30 жұп дебютанттардың жарқын қойылымдары бал қонақтарының көңілінен шықты. Қысқы қайырымдылық балдарын қоюшы-хореограф, Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы, Қазақстан Республикасының би спорты федерациясының мүшесі Евгений Моисеевпен бірге мамандықтары әр түрлі жастар бірнеше ай бойы бар ықыласын салып жаттықты.

Жиналған қаражат «Болашақ» қорының ерекше қажеттіліктері бар балалар мен дарынды жастарға арналған «Әр бала мектепке баруға лайықты» және «Жол жүру гранттары» қайырымдылық бағдарламаларына бағытталды.

Қайырымдылық қаражатын пайдаланудың ашықтығын сақтау мақсатында қордың www.bolashakcharity.kz сайтында қаржылық есептер жарияланады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға