Жаңалықтар

Болашақта мүсіндерімді әлемге танытқым келеді - Айдос Есмағанбетов

Қазақстандағы тұңғыш гиперреалист мүсінші Айдос Есмағанбетовпен сұхбат
Болашақта мүсіндерімді әлемге танытқым келеді - Айдос Есмағанбетов
Фото: El.kz 09.11.2022 20:05 3351

Шынында, Қазақконцерт орталығына барғанымда әйгілі әншінің мүсінін көріп, бір орында қаттым да қалдым. Көз алдымда Роза Бағланованың мүсіні шынайы шыққаны соншалықты ерекше әсер алдым. Бұл Қазақстаннан шыққан тұңғыш гиперреалист мүсінші Айдос Есмағанбетовтың туындысы. Біз талант иесімен сұхбаттасып, ерекше өнердің сырын сұрадық.

- Қазақстанда мүсін жасау өнері қаншалықты дамыған?

-Бұл өнер аса қатты бір дамымаған. Мұны елімізде өнер ретінде бағалап, құрмет көрсететіндердің аз болуынан білуге болады. Парижді суретшілердің қаласы деп таниды. Ол жерде сурет пен мүсінді қоятын бірнеше мұражай бар.

Арманым – әлемге танымал Мадам Тюссо мұражайы сияқты «балауыз мүсіндер» музейін ашу. Неге өнер түрін дамытып, тарихи тұлғаларды көрсететін мұражайды ашпасқа? Қашанға дейін тек тастан, қоладан жасалған мүсіндерді көріп, жүре беруіміз тиіс? Заман ағымына ілесу қажет. Гиперреализм бағытындағы мүсін өз бағасын алғаны дұрыс. Шет мемлекеттен келген туристерге мұндай мүсіндерді көрсетсек, олар тарихи тұлғаларды шынайы көзімен көргендей, дәл қасында тұрғандай әсер алады. Қасында тұрып суретке түскенде шынайы тарихи тұлғамен бірге түскендей сезінеді.

- Мүсін жасау үшін адамға қандай қабілет керек? Өз саласының кәсіби маманы болу үшін адам не істеуі керек?

- Бастысы – сурет сала білуі тиіс. Ол үшін адамға талант пен үлкен еңбек қажет. Өзімді мысалға келтіретін болсам, өнерлі отбасынан шыққанмын. Әкем – Әкімғали, анам – Сәуле. Екеуінің де сурет салуға қабілеті бар. Ол маған текпен келген қасиет десем болады. Талантты еңбекпен ұштап, шыңдай түскеннің арқасында жетістікке жете алдым. Адам Алла бойына дарытқан шырақты сөндіріп алмай, оны қадірлеуі тиіс.

- Осы уақытқа дейін қанша мүсін жасадыңыз?

- Гиперреалист мүсіндерімнің саны 10-нан асады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінін 4 рет жасадым. Одан бөлек Абылай ханның 2 мүсіні, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Роза Бағланова, Барак Обама, Болған ана мен Генадий Головкиннің мүсіні бар.

- Кімнің мүсінін жасау қиынға соқты?

- Әр тұлғаның өзіндік болмысы, бітімі, қасиеті, қабілеті болады. Оған түр-кескіні мен дене бітімінің формасы әркелкі келетіндігі белгілі. Міне, мүсінде осының бәрі ашылуы тиіс. Гиперреалистің қиындығы да осында. Таңдаған кейіпкердің қасын, шашын болсын бір-бірден қадап, жасап шығару қажет. Оның үйлесім тапқаны дұрыс. Сондықтан мынау қиын, мынау оңай деп бөліп қарай алмаймын.

- Мүсінге қажетті материалдарыңызды қайдан алдыртасыз? Бір мүсінді жасау үшін шамамен қанша қаржы қажет?

- Материалдардың барлығы біздің мемлекетте қолжетімді дей алмаймын. Қазір интернет жетілген заман. Дистрибьютер арқылы АҚШ-тан алдыртамын.

Бір мүсінге шамамен 700 000 теңгеден 1 миллионға дейін қаржы жұмсалады. Себебі бір кейіпкердің өзін жасау үшін силикон, пластик, шаш, киім-кешек, құрал-жабдықтары да керек. Мәселен, бір батырдың мүсінін жасайтын болсаңыз, оған сауыт пен қылыш қажет. Оны өзіңіз жасамай, арнайы маманға тапсырыс беретін болсаңыз, бір сауыттың өзін 500 000 теңге шығандауға болады.  

- Тарихи тұлғалардың мүсінін жасағанда, оның болмыс-бітімі мен қабілет-қасиетін тану маңызды. Сіз тұлғалардың шығармашылығымен қаншалықты танысасыз?

- Әрине адамның мүсінін жасамас бұрын оның шығармашылығымен міндетті түрде танысамын. Сол тұлғаны жан-жақты зерттеймін. Бірақ өмір-баянын толық оқимын деп айта алмаймын. Өзіме қажет мәліметті іздестіремін. Мысалы, оның көзінің түсі, жалпы бет-әлпеті, бойының өлшемі, киімінің матасы қандай болған, барлығын анықтап алғаннан кейін қана мүсіннің өзін жасауға кірісемін.

Мәселен, «Болған ананың» мүсінін жасаған кезде археолог Айбар Қасенәлі Ұлытаудың маңында қазба жұмысын жүргізіп, қаңқасын тауып беріп көмектесті. Кейін Мәскеу қаласындағы Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында оның реконструкциясын жасады. Содан соң маған ғалымдар жасаған «Болған ананың» антропологиялық бейнесін әкелді. Одан мүсін жасап шығару оңай болған жоқ. Себебі, кейіпкерімнің нақты бет-әлпеті болмағандықтан, қасы, көзі, мұрнын қалпына келтіріп, көп ізенуіме тура келді. Осылайша «Болған ананың» 45 жасындағы мүсінін жасап шықтым.

- Қазір қандай коллекция дайындаудасыз?

- Түркістан қаласында жаңадан бір мұражай ашылғалы жатыр. Онда тарихи тұлғалардың мүсінін естелік ретінде қоюды қолға алмақшы. Бір отбасының ұрпақтары бюст жасауға тапсырыс берді. Қазіргі таңда Түркістан ауданаралық МҚК бөлімінің алғашқы басшысы, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Төлеген Жақыпбаев пен КСРО құрметті чекисті, Кентау қаласының, Түркістан ауданының МҚК уәкілі Қозыке Бишимбаевтың мүсінін жасауды аяқтадым. Жақында тапсырыс берушіге жіберемін. Уәделескендей бір айдың ішінде аяқтадым.

- Сіз Обаманың мүсінін жасадыңыз. Ерекше туындыңызды танытудың жолын қарастырған жоқсыз ба?

- АҚШ-тың тәуелсіздігі күні көрме жасадым. Сол кезде шетелдің елшілері Барак Обаманың мүсінін көріп, таңғалып, суретке түсіп кетті. Жалпы елімізде болып тұратын әртүрлі көрмеге мүсіндерімді шығарып тұрамын. Болашақта мүсіндерімді әлем елдеріне шығарып, көрсеткім келеді. Жақында ғана Түркиядан келген бір басшы мүсінімді сол жаққа апарып, көрсетіп келуге рұқсатымды сұрады. Әзірге бұл мәселені тақылау үстіндеміз.

- Сіздің ерекше туындыларыңыздың бірі – Роза Бағланованың мүсіні. Білетіндер, тірі адам типінде көреді. Мүсіннің болмысын шынайы жасау құпиясымен бөлісесіз бе?

- Әншінің бет-бейнесін, образын келтіру арқылы халыққа ұнамды мүсінді жасадым деп ойлаймын. Ескі ақ-қара фотосуреттеріне қарап, кейіпкерді елестете отырып, оның мүсінін келтірдім. Күшімді, энергиямды жұмсағандықтан көпшілік жылы қабылдады.

- Қанша туындыңызды музейге қойдыңыз?

- Өткен жылы тақта отырған Абылай ханның мүсінін жасап шықтым. Ол Алматы қаласындағы «Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің» мұражайында тұр. Келесісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың мүсіні Астана қаласындағы  «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының» музейінде орналасты. Түркістан қаласының мұражайында Елбасының тағы бір мүсіні бар. Қалған мүсіндерім мен шеберханам «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында».

- Тапсырыспен жұмыс істейсіз бе?

- Мүсіндерімнің ішінде тапсырыспен жасалғаны бар. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев, Абылай хан, Роза Бағланованың мүсінін айта кетуге болады. Болашақта тағы тапсырыс түсіп жатса, жасауға дайынмын.

- Мүсін өнерін үйрететін ЖОО бар ма? Шәкірттеріңіз бар ма?

- Жеке мүсін жасауды үйрететін мамандық жоқ. Өйткені ол үшін үлкен ізденіс керек. Шетелдің талай мүсіншісі зерттеудің арқасында жетістікке жетті. Бастамасы үшін «Бейнелеу өнерін» толығымен оқып шығу керек. Өзім де дәл осы мамандық бойынша білім алғанмын.

Әзірге баулыған шәкірттерім жоқ. Бірақ телефон нөмірімді алып, хабарласатындар көп. Кейбір ата-аналар «Біздің баламызды сурет салуға, мүсін жасауға үйретіңізші. Қосымша сабақ өткізе аласыз ба?» деп жатады. Мемлекет тарапынан қолдау болып, гиперреалист мүсіндерімді қоятын мұражай немесе бір орын берсе, соның базасында мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеу ойымда бар.

- Косметикалық протездерді жасаумен де айналысатыныңызды білеміз. Мұндай шешімге қалай келдіңіз? Үйрену қиын болған жоқ па?

- Мұқтаж жандар протезді негізінен Еуропадан қымбат бағаға алдыртады. «Сіз силиконмен жұмыс істейсіз. Бізге протез жасап бере аласыз ба?» деп ұсыныс жасағандар болды. Сөйтіп, адамның бір қолындағы саусақтарының ізін түсіріп алып, екінші қолына жасап бердім. Маған ол жұмыспен айналысу қиынға соққан жоқ. Алдағы уақытта тағы тапсырыс түсіп жатса, көмек беруге дайынмын.

- Исламда адамның мүсінін жасау өте ауыр деген түсінік бар. Сіз қалай ойлайсыз?

- Бірнеше рет талқыға түскен тақырыптың бірі. Бірақ адамның мүсінін жасау кері бағытқа бұрмалайды. Бұл – өнер. Шыдамдылықты, ізденісті, еңбекті талап ететін күрделі жұмыс. Гиперреалист мүсінін жасауды меңгеру кез келген адамның қолынан келмейді.

Кезінде мұндай теріс пікір қалыптасқанның кесірінен көптеген тарихи тұлғаның бейнесі сақталмай қалды. Мысалы, Қытай сияқты өзге мемлекеттерде басшыларының қағазға салынған суреті бар. Ал біз болсақ, олардың бейнесін зерттеу арқылы қаңқасына қарап, болжаммен ғана салуға мәжбүрміз.

- Мүсін жасау өнерінен қандай әсер аласыз?

- Адам кескіндемесін жасағанда рухани демалып, бойымда күш кернейді. Жасап жүрген жұмысымды ой елегінен өткізіп, алдағы жоспарды құрамын.

Алла әр адамның бойына ерекше талант береді. Бірінің әншілік өнерге икемі болса, бірі өлең жазады дегендей. Әрбір азамат өзінің жүрек қалауындағы іспен айналысатын болса, жоғары жетістікке жетеді.

- Одан басқа немен айналысасыз?

- Өзімнің фотоаппаратым мен видео түсіретін дроным бар. Бос уақытымда суретке, видеоға түсіру арқылы қосымша табыс табамын. Әртістерге грим: жасанды мұрт, сақал, образ жасаймын.

- Мүсін өнерін жетік меңгеруде өнердің басқа қандай салаларымен байланыстырып дамыту керек?

- Бірден мүсінші болып кету қиын. Ол үшін қарандаш, гуашь, акрил бояуымен де сурет сала білу керек. Себебі, мүсін жасау өнері сурет салумен тікелей байланысты. Мысалы, адамның портретін салған кезде оның терісінің түсін шығару үшін бояуларды араластырасыз ғой. Сол сияқты мүсін жасау барысында кейіпкердің терісінің түсін таңдай білу қажет болады. Ол кезде бейнелеу өнерін оқығандағы біліміңіз бен кәсібилігіңізді пайдаланасыз. Сондықтан баланың кішкентай кезінен сурет салуға қабілеті бар болса, оны одан әрі дамытып, үйірмелерге қатыстыру керек. Сонда одан болашақта жақсы суретші шығады.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға