Жаңалықтар

Болашақтың қуаты — өзіңде!

Австрия павильонының ашылу салтанаты өтті
Болашақтың қуаты — өзіңде!
Фото: Нұрбек Альманбетов 14.06.2017 17:26 7103

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында Австрия Ұлттық күнін атап өтті. Австрияның Қазақстандағы күні басқа көрмелерден ерекше өтті деуге толықтай негіз бар. Себебі бұл мемлекеттің Халықаралық көрмеге таңдаған тақырыбы да ешкімге ұқсамайды деуге болады.

Австрияның Қазақстандағы күні мерекелік шарадан басталды. Келген қонақтар мен ұйымдастырып отырған елге сый-құрмет ретінде мерекелік таң Қазақстанның әнұранынан басталды. Қазақстанның әнұранын жерлестеріміз емес, он ғасырлық тарихы бар Әулие Флориан ұлдары хоры шырқады.

Халықаралық көремеге арнайы келген Австрия ғылым, зерттеулер және экономикасының Вице-Министрі Бернадетте Гирлингер:

— Мен Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесінде сөз сөйлеп тұрғаным үшін өте қуаныштымын. Біз Орталық Азиядағы алғашқы Бүкіләлемдік көрмеге қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Қазақстан біз үшін бұл аймақтағы ең маңызды сауда әріптесіміз жәні мұнаймен қамтамасыз етіп отырған мемелекет. Қазақстан біз үшін маңызды әрі сенімді әріптес. Қазақстан ЭКСПО үшін өте өзекті тақырыпты таңдап алды. Болашақтың энергиясы — экономика мен экологияның тең дәрежедегі маңыздылығын атап көрсетеді. Австрияның ақылмен, жүрекпен және күшпен ЭКСПО-ға қосқан үлесі осы тақырыпқа жеңіл түрде келуін көрсетеді. Австрия сияқты аса үлкен емес және ашық ел үшін экономикалық байлыныс өте маңызды. Астанада өтіп жатқан Халықаралық көрмеде осы артықшылықтарымызды паш ете алатындығымызға сенімдімін.

Ресми шарадан кейін қонақтар қазақстандық павильонға бет алды. Олар еліміздің салт-дәстүрімен танысып, Қазақстанның павильонын аралады. Әсерлерін жасыра алмаған австриялықтар өз павильионына ойысты. 

Австрия көрмесінің тақырыбы — «болашақтың энергиясы – бұл біз және сіз».  Павильонның басты айтар ойы да осы. Барлық экспонаттар тек адамның күш-қуатымен ғана жұмыс істейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша Австрия үшін су ең маңызды табиғи құндылық. Өйткені Австрияның 69% қуат көзі дәл осы су станцияларынан алынады. Басқа елдермен салыстыратын болсақ бұл өте үлкен көрсеткіш.

Егер сіз Австрияға барған болсаңыз көшелерде велосипедтердің көптігін байқаған боларсыз? Бұл да Австрия мемлекетінің жасыл экономикаға ерекше мән беретіндігінің бір көрінісі.

Австрия павильонына кірген адам қаз-қатар тізіліп тұрған велосипедтерді көреді. Оларға қарама-қарсы көгілдір экрандар орналасқан. Бұл велосипедтердің ерекшелігі — егер сіз велосипедтің педалін айналдыратын болсаңыз, көгілдір экранда бейне пайда болады. Педаль тезірек айналған сайын экрандағы бейне тұнығырақ бола түседі. Демек сіз ешқандай электр көзін жұмсамай-ақ өз күшіңізбен электр қуатын өндіре аласыз.

Энергия қуатын алу оңай емес. Мысалы бір шәугім шайды қайнату үшін велосипед педалін 4 саған айналдыру керек. Ал машинаңыз өз күшімен 1 километр жүрсін десеңіз 12 сағат жұмсауыңыз керек болады. Үйіңізде күніне жұмсайтын бір күндік энергия күші жайлы ойланып көрдіңіз бе? Мұндай қуат көзін өздігіңізден шығару үшін бес мың сағат жұмсауыңыз керек.

Сондай-ақ, көрмеге қойылған құрылғылардың ішінде балаларға арналған ойын алаңдарындағы түрлі жаттығу құрылғылары да бар. Олар да өздігінен жұмыс істемейді. Арқандарды тарту арқылы және әткеншекті тепкен уақытта түрлі музыкалық шығармалар ойнайды. Осы арқылы балалар өздерінің бұлшықеттерімен қатар, шығармашылық қабілеттерін де шыңдай алады.

Австрия экономикасы палатасының Вице-президенті және ЭКСПО-2017 көрмесі жөніндегі комиссары Рихард Шенц атап айтқандай, бұл көрме арқылы Жібек жолын қалпына келтіру жобасын қолдауға үлкен мүмкіндік туындап отырғанын атап өтті.

Келушілердің ойынша, Австрия павильоны ЭКСПО-дағы ең қызық және ерекше көрме. Көрмені Әулие Флориан ұлдары әуезді әнімен аяқтады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға