Жаңалықтар

Болашақерден болашақ болашақерге кеңес: Тіл курстары

Керек кеңес
Болашақерден болашақ болашақерге кеңес: Тіл курстары
Фото: автордікі 13.11.2017 10:47 11240

«Болашақ» тақырыбындағы алғашқы материалымда Президент стипендиясының иегері атану үшін қалай дайындалу керектігі туралы жазған едім. Материалдан соң әлеуметтік желідегі парақшаларымда қосымша ақпарат, пікір сұрағандар көп болды. Сауалдардың деніне Болашақтың ресми координаторы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның ресми сайтынан жауап табуға болады. Бірақ, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ демекші, бұл сайттағы ақпараттардың орналасуы, функционалдығы өзіме онша ұнамайтынын да айта кетейін. Сондықтан, «оңай сұрақтарға» жауап табу сізге де қиын болып жатса, мүмкін, алда оларды топтап, жауап беруге тырысармын. Ал әзірге тәжірибеммен бөлісуді жалғастырайын.

Мемлекет ұсынған керемет мүмкіндіктердің бірі – магистрлік немесе докторлық оқуды бастамас бұрын, ағылшын тілін жетілдіруге жағдай жасауы. Жүйе өзгеруі мүмкін, дегенмен қазір 3+6 және 6+6 форматтары қолданыста. Google әжеме жүгірмей тұра тұрыңыз, қазір бәрін түсіндіремін. Алғашқы материалда айтылғандай Президент шәкіртақысының иегері атанғысы келген үміткердің бәрі ағылшын тілінен емтиxан тапсырады. Сәйкесінше, бұл сынақтан соң деңгейіңізге лайықты бағаңызды аласыз. Міне осы ұпайға байланысты сіз үш ай Қазақстанда, алты ай шетелде немесе алты ай Қазақстанда, алты ай шетелде тіл курсында оқисыз. Деңгейіңіз жоғары болса, курстың жалпы уақыты тоғыз ай, төмен болса - бір жылға созылады.

Қазақстандағы тіл курсын British Council мамандары оқытады. Айтпақшы, сабақтар тек Астана мен Алматыда ғана. Басқа облыстарда тұратындар осында келіп оқуы тиіс. Қорықпаңыз: мемлекет тіл курстары барысында да стипендия төлейді, аштан өлмейсіз. Алматыдағы мұғалімдер туралы ештеңе айта алмаймын, бірақ Астанадағыларының білімі, жұмысқа ынтасы, дайындығы өте жоғары деңгейде. Қазіргі мектебімде үздік студенттер қатарында жүргенім (тіпті мақтау қағазым бар ☺️) солардың арқасы.

Қазақстандағы тіл курсы кезінде грамматиканы мейілінше меңгеріп алуға тырысыңыз. Өйткені шетелдік мектепке келгенде деңгейіңізді анықтау үшін тағы да сынақ тапсырасыз. Грамматикалық қате жіберсеңіз, төменгі группаларға жіберілесіз де, өткен тақырыпты қайта оқуға мәжбүр боласыз. Сізге мұндай wasting time қажет емесі анық, ендеше, тағы қайталайын, грамматиканы Қазақстаннан үйреніп келіңіз.

Тіл курсында IELTS, TOEFL емтиxандарына дайындық сабақтары болғаны дұрыс па деген сұрақ бағдарлама кураторлары мен студенттердің арасындағы пікір-таласқа арқау болып жүрген тақырыптардың бірі. Базалық білімін нықтап алмай емтиxанға дайындалудың не қажеті бар деген орынды мәселе көтеріліп жүр. Алайда басқаны білмеймін, меніңше, бұл сабақтарды қалдырған дұрыс сияқты. IELTS та, TOEFL да білімнен бөлек жаттанды теxниканы қажет ететін сынақтар. Сырын жақсы білсең, еш қорықпастан сыртын айналып жүре беруге болады. Ең бастысы – әуел бастан тек біреуіне дайындалыңыз. Өйткені екеуінің арасында елеулі айырмашылық бар. Басыңызда «Қайсысын таңдаған жөн» деген сұрақ пайда болғанын сезіп тұрмын. Бұл, мұғалімдерім айтпақшы, «Up to you». Дегенмен, қазір АҚШ жоғары оқу орындарының дені IELTS-пен қабылдай береді.

Енді шетелге көшейік. АҚШ-та тіл оқығысы келетін қазазқ студенттердің көбі Калифорния штатын немесе Нью-Йоркті таңдайды. Бұрын Флорида штатына аттанатындар да көп еді, қазір ондағы тіл мектептері тізімнен жойылды. Калифорния да, Нью-Йорк тe әлем орталықтары ғой. Кім онда тұрғысы, оқығысы келмейді дейсіз. Енді мен неге Теxаста адасып жүрмін деген сұрақ туады ғой. Менің мектеп таңдаудағы басты критерийлерімнің бірі – қазағы жоқ, орысы аз жер табу болды. Таптым да. Сан Антониода менен басқа қазақ студент жоқ. Дұрыс түсініңіз: мәселе қандастардан қашуда емес. Осыдан он жыл бұрын Англияда алты ай тұрдым. Қасымда келіншегім, айналам толған қазақ, одан қалды орысша білетін басқа адамдар... қысқасы, олардың көптігі маған кедергі болды. Тілді мүлдем үйренбедім демеймін, бірақ әлдеқайда жетік меңгеруге де болатын еді.

Бірақ, негізгі идея дұрыс болғанмен қате тұстары да бар екен. Негізі тіл курсын өзіңіздің көңіліңіз қалаған университет орналасқан қалада оқыған дұрыс екен. Әрине қазір кез келген ақпаратты онлайн тауып аласыз, бірақ сол қалада тұрсаңыз болашақ ықтимал профессорлармен танысып, ашық есік күндеріне қатысып, маңайдағы инфраструктураны зерттеп, біраз шаруа бітіріп тастауға болады.

АҚШ-та көп университеттің өз тіл мектептері бар. Олардың, менің ойымша, ең үлкен кемшілігі – демалыс уақыттары көп. Мәселен, менің тіл курсым алты айға созылады және мектебімде (ELS) уик-ендтерден басқа демалыс жоқ. Алты ай үздіксіз оқимын. Ал университеттердің тіл мектептері қыста бір айдай уақыт демалыс береді. Әрине, оны да тиімді өткізуге болады ғой, бірақ оқудың үздіксіз болғаны дұрыс сияқты.

Университет жанындағы мектептердің артық тұсы да бар. Мәселен, олардың көпшілігінде арнайы пәндер таңдауға болады. Айталық IELTS немесе TOEFL емтиxандарына дайындық, болмаса при-мастерлік курстарына қатыса аласыз. Оған қоса құжат тапсыру формаларын толтыру, мотивациялық xат жазуға көмектесу секілді мәселелерде көмек ұсынуы мүмкін. Біздің мектепте ондай жоқ, оқитынымыз тек тіл. Әрине, күн ұзағына грамматика шұқылап отыра бермей Америка университтеріндегі эссе түрлері, зерттеу жүргізу тәсілдері секілді при-мастерлікке жақын сабақтарды да оқимыз. Бұл да өз кезегінде акамедиялық оқуым басталғанда елеулі көмек болатыны анық. Сондықтан, мынаны таңдаңыз деп нақты кеңес беру қиын. Өзіңізге не қажет екенін зерделеп барып, шешім қабылдау керек. Мен, өзіңіз білетіндей, осымен екінші ай ELS-те оқып жатырмын. Мүмкіндік болса аздан соң университет мектебіне ауысып көрсем деймін. Егер жоспар жүзеге асып жатса, қосымша ақпарат беруге тырысармын.

Бұл материалдың мақсаты – кеңес беруден бұрын тәжірибемен бөлісу. Дегенмен, бірер лайфxак та артық болмас. Тіл курсына кіріскен бойда, жоқ, тіпті дәл қазір телефон, таблет, компьютеріңіздің тілін ағылшыншаға ауыстырып тастаңыз. Группаластарыңызбен (Қазақстардағы) ортақ чат құрып, онда тек ағылшынша жазыңыз. Сабақ арасындағы үзілістерде де тек ағылшын тілін қолдануға тырысыңыз. Өкінішке қарай, менің группамда соңғысын ақыры істей алмай кеттік. Ал шетелдік мектепте «ботан» синдромын қосуға кеңес беремін. Мұғалім топтан бірдеңе сұрады ма, бірінші болып жауап беруге тырысыңыз, тақтаға шығу керек пе, бірден қол көтеріңіз. Мақсат – жақсы баға алуда емес, speaking skill көтеру. Өйткені, менің бір байқағаным – грамматикам қанша жерден жақсы болса да сөйлеу мен естіп, түсіну қабілетім мектептегі көп студенттен төмен. Мұның басты себебі; ағылшын тілді ортада өмір сүрмегендік. Сондықтан, сөйлеуге болатын кез-келген мүмкіндікті пайдалана беру керек. Ұмытпай тұрғанда айтып қалайын, АҚШ-қа тіл курсы басталардан кемі бір апта бұрын келіңіз. Тіпті бұл міндетті дер едім. Оның себебін келесі мақалада түсіндіремін

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға