«Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырғыңыз келсе
6 сәуірден бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына құжат тапсыру басталады. Осыған орай құжат тапсыру туралы жалпы түсініктеме беріп, үміткерлер тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруді жөн көрдік.
Кім құжат тапсыра алады?
Жоғары білімі бар, еңбек өтілі кем дегенде 2 жылды құрайтын, бакалавр немесе маман дипломының орташа балы кемі 3,0 (GPA) болатын кез келген адам «Болашақ» стипендиясына үміткер атана алады. Алайда, бұл – ең төменгі талаптар, оқудың түріне байланысты кей талаптар бұдан да жоғары болуы мүмкін. Мысалы «Тағылымдама» бойынша еңбек өтілі 3 жыл болуы тиіс.
Еңбек өтіліне не жатады?
Бұл өте өзекті сұрақ, өйткені дәл осы еңбек өтіліне келгенде көп адам шатасып жатады. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ («Болашақ» стипендиясын жүзеге асырушы мекеме, бұдан әрі – Орталық) талабы бойынша еңбек өтіліне еңбек шарты бойынша атқарған қызметіңіз жатады. Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен фрилансерлер саны өте көп, одан бөлек штаттан тыс қызметкерлер бар. Бұлардың жұмыс өтілі есептелмейді. Еңбек өтілі есептелу үшін сіз жұмыс беруші мекемемен еңбек шартына отырып, ай сайын жұмыс беруші тарап сіздің атыңыздан зейнетақы аударымын, салық төлемдерін жүзеге асырып отырады. Еңбек өтілі еңбек шартымен, еңбек кітапшасымен және зейнетақы аударымдары жөніндегі анықтамамен дәлелденеді.
Қандай бағыт бойынша білім алуға болады?
«Болашақ» стипендиясы арқылы «Магистратура», «Резидентура», «Докторантура» және «Тағылымдамалар» бағыттары бойынша білім алуға болады.
Магистратура бағыты бойынша 6 санат бар:
- мемлекеттік қызметкерлер;
- ғылыми немесе педагог қызметкерлер;
- инженерлік-техникалық қызметкерлер;
- өз бетімен түскендер;
- мәдениет саласы қызметкерлері, мәдениет ұйымдарының шығармашылық қызметкерлері
- БАҚ қызметкерлері.
Өз бетімен түскендерді қоспағанда, барлық санаттар бойынша «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін сізді жұмыс беруші мекеме бағыттау керек. Стипендиат атанған жағдайда үш жақты келісім жасалып, жұмыс беруші сізді оқып келген соң жұмыспен қамтамасыз етуге міндеттенеді.
Мемлекеттік қызметкер санаты
Бұл санат бойынша үміткер атанғыңыз келсе, құжат тапсыру сәтінде мемлекеттік қызметкер болып, мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтіліңіз 2 жыл, оның ішінде соңғы 12 айда тоқтаусыз жұмыс істеуіңіз қажет. Яғни 5 жыл бұрын 2 жыл мемлекеттік қызметте істеп, бір ай бұрын мемлекеттік қызметке қайта орналассаңыз, құжат тапсыра алмайсыз. Ескерте кететін жайт, мемлекеттік қызметкерлерге дәрігер, мұғалім секілді мемлекеттік бюджеттен жалақы алатын кейбір қызметтер кірмейді. Аталмыш санатқа кіретіндер ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңымен анықталады.
Ғылыми немесе педагог қызметкерлер санаты
Егер осы санат бойынша үміткер атанғыңыз келсе, құжат тапсыру сәтінде ҚР ғылыми ұйымдары мен білім беру ұйымдарының ғылыми немесе педагог қызметкері болып, кемінде 2 жыл ғылыми немесе педагогикалық жұмыс өтіліңіз болуы шарт. Байқасаңыздар, соңғы 12 айда жұмыс істеу керек деген талап мұнда жоқ.
Инженер-техникалық қызметкерлер санаты
Инженер-техникалық қызметкерлерге қойылатын талап тура мемлекеттік қызметкерлердікіндей, яғни құжат тапсыру сәтінде инженер-техникалық саласында қызметкер болып, өндірісте кемінде 2 жыл, соның ішінде соңғы 12 айды қоса алғанда, еңбек өтіліңіз болуы қажет. Сізді бағыттап отырған мекемеде соңғы бір жыл бойы жұмыс істеуіңіз шарт, ал оған дейінгі 1 жыл еңбек өтілі қашан және қайда болғаны маңызды емес, бірақ ол да инженер-техникалық қызмет болуы тиіс.
Мәдениет қызметкерлері, мәдениет ұйымдарының шығармашылық қызметкерлері санаты
Құжаттар тапсыру сәтінде мәдениет қызметкерлері, мәдениет ұйымдарының шығармашылық қызметкерлері болып табылатын, мәдениет ұйымдарында кемінде 2 жыл жалпы жұмыс өтілі бар кез келген адам осы санат бойынша үміткер атана алады.
БАҚ қызметкерлері санаты
БАҚ ретінде ресми тіркелген мекемеде редакция қызметкері болып табылатын, осы салада кемінде 2 жыл жалпы еңбек өтілі бар адамдар құжат тапсыра алады.
Өз бетімен түскендер санаты
Магистратураға, докторантураға және резидентураға өз бетімен университетке оқуға түскендер «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат тапсырып отырған мамандығы бойынша кемінде 2 жыл еңбек өтілі болса жеткілікті.
Өз бетімен түскендер санаты бойынша құжат тапсыру үшін Орталық бекіткен тізімдегі университеттен шартсыз шақыру (unconditional invitation) алу қажет. Шартсыз деген ұғымға қарама-қарсы шартты шақыруға анықтама бере кетейік. Шартты шақыру дегеніміз – егер берілген уақыт ішінде үміткердің ағылшын тілі деңгейі өссе біз қабылдаймыз деген секілді белгілі бір шартпен жіберілетін шақыру.
Ағылшын тілінен қандай емтихан тапсырамын және төменгі балл қанша?
Ағылшын тілі деңгейі IELTS (ағылш. International English Language Testing System) және TOEFL (ағылш. Test of English as a Foreign Language) деп аталатын екі емтихан түрі бойынша анықталады. TOEFL-дың ITP, PBT және IBT деген түрлері бар.
Аталмыш екі емтиханды алдын ала өзіңіз тапсырып, қажетті балды жинаған жағдайда сертификаттың түпнұсқасын әкелсеңіз, конкурстың бірден екінші айналымына өтесіз.
Ал егер алдын ала емтихан тапсырмасаңыз, Орталық ұйымдастыратын емтиханға қатысасыз. Емтихан түрі оқитын еліңізге байланысты анықталады.
Ағылшын тілі бойынша талап өз бетімен түскендерді қоспағанда бәріне бірдей.
IELTS: 9.0-ден 5.0
TOEFL: ITP/PBT — 677-ден 417
IBT — 120-дан 35
Өз бетімен оқуға түсетіндерден ағылшын тілі талап етілмейді, өйткені олар шетелдегі университеттен шартсыз шақырту алу үшін аталған емтихандардың біреуін міндетті түрде тапсырады және олардың алған балдары басқа санаттар бойынша талап етілетін балдан әлдеқайда жоғары. Мысалы, IELTS бойынша 6.5-тен және TOEFL IBT бойынша 90-нан жоғары.
Қазтестті тапсыру қаншалықты қиын?
Қазтест үш бөлімнен тұрады: аудио, лексика-грамматикалық тест және оқылым. Тапсырмалар саны – 150, соның 50%, яғни 75 сұраққа дұрыс жауап берсеңіз келесі айналымға өтесіз. Тесттің оңай-қиындығына келсек, шын мәнісінде тест өте оңай. Тіпті қазақ тілінде еркін сөйлемей, жай ғана түсінетін болсаңыз, қиналмай тапсырасыз. Оның үстіне төменгі балл алдыңғы жылдарға қарағанда биыл 85-тен 75-ке азайған. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін адам 150 сұрақтың бәріне жауап бере алады. Сұрақтары көбіне қазақ тілі грамматикасына емес, қазақ тіліндегі сөздердің мағынасына қарай қойылады. Мемлекеттік тілді еркін меңгерсеңіз, дайындалмай-ақ қоюға да болады.
Психологиялық және IQ-тест
Қазтесттен сүрінбей өткендер психологиялық және IQ-тест тапсырады. Бұл екеуі бір емтихан және бір күні болады. Алдымен IQ-тест бойынша 176 сұрақ, сосын психологиялық тест бойынша 300-ге жуық сұрақ.
IQ-тестіне дайындалу үшін интернеттегі іздеу жүйесіне Амтхауэр тесті деп теріп, сол бойынша дайындалыңыз. Дұрыс жауап берген сұрақтарыңызға қарай 4 түрлі баға аласыз:
100-110 – орташа
110-120 – жақсы
120-130 – жоғары
130-176 – өте жоғары
Психологиялық тестте әр сұраққа екі жауап нұсқасы беріледі: иә немесе жоқ. Ол бойынша сіздің психологияңыз және қай салаға бейімді екендігіңіз анықталады.
Тәуелсіз сараптама комиссиясына қалай дайындалу қажет?
Егер осыған дейінгі барлық емтиханнан өтсеңіз, сіз әртүрлі сала мамандарынан жиналған тәуелсіз сараптама комиссиясына кіріп олардың сұрақтарына жауап беруіңіз қажет. Қойылатын сұрақтарды 4 топқа бөлуге болады:
- ҚР Конституциясы және өзге де заңнамасы (қажет болған жағдайда)
- Қазақстан тарихы
- Мамандық бойынша сұрақтар
- Не үшін шетелде білім алғыңыз келеді?
Тәуелсіз сараптама комиссиясына арналған форумдар интернетте өте көп, соларға кіріп, сізге дейін «Болашақ» стипендиясына құжат тапсырғандардың пікірлерін оқи аласыз, бұл өте жақсы көмектеседі.
Жылжымайтын мүліктің құны оқу шығынын толық жаппаса не істеймін?
"Болашақ" стипендиаты атанған соң, сіз жылжымайтын мүліктен тұратын кепілдеме қоюыңыз шарт және оның құны сізге жұмсалатын барлық қаражатты еңсеруі қажет. Мысалы, сіздің оқып келуіңізге 30 миллион теңге (оқу құны + ай сайынғы стипендия + ұшу билеттері) жұмсалатын болса, кепілдеме ретінде қоятын мүлкіңіз осы суммадан жоғары болуы тиіс. Егер жылжымайтын мүлігіңіз оқу құнын жаппаса кепілгер (гарант) іздейсіз.
* егер жылжымайтын мүлік құны оқу құнының 70%-нан жоғары болса - 1 кепілгер;
* егер жылжымайтын мүлік құны оқу құнының 50-70% құраса - 2 кепілгер;
* егер жылжымайтын мүлік құны оқу құнының 30-50% құраса - 3 кепілгер;
* егер жылжымайтын мүлік құны оқу құнының 30%-нан төмен болса - 4 кепілгер.
Кепілгерге қойылатын талаптар
Заң тілімен айтқанда, Қазақстан Республикасының 50 жастан аспаған, соңғы он екі айда тұрақты табысы бар азаматы кепілгер бола алады. Ол өзінің жұмыс істейтін адам екенін дәлелдеу үшін жұмыс берушіден анықтама және зейнетақы төлемдерін растайтын құжат әкелуі тиіс.
Енді қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік. Егер кепілгер еңбек шартымен жұмыс істесе, ол қызмет істейтін мекемесінен жұмыс істеп жатқаны туралы және соңғы 12 айдағы жалақы аударымдары туралы анықтама алады, анықтаманың формасы мекемелерде бар, ол үшін алаңдамасаңыз болады. Зейнетақы төлемін растайтын құжатты Халыққа қызмет көрсету орталығының кез келген филиалынан алуға болады.
Пайдалы кеңес
Егер стипендиат атанатыныңызға сенімді болсаңыз, үйдің құжаттарын әзірден түгендей беріңіз, өйткені мүлік шартын жасау өте қиын және ұзақ шаруа. Егер де үйдің немесе мүліктің құжаттары реттелмеген болса, берілетін 90 күн ішінде үлгеру қиынға соғады.
Сұрақтарыңыз болса, астына пікір ретінде қалдырыңыз, осы сынның бәрінен өткен адам ретінде жауап беруге тырысайын. Cондай-ақ, bolashak.gov.kz cайтынан барлық көптеген сұрақтардың жауабын таба аласыз.
Дархан ӨМІРБЕК