Бокстан Қазақстан құрамасына бас бапкер тағайындалды
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері болып Қайрат Сәтжанов тағайындалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін бұл қызметті атқарған Мырзағали Айтжанов бастаған 10 бапкер қызметтен кеткен болатын.
Енді ұлттық құрама тізгінін 32 жылдық еңбек өтілі бар Қайрат Тұрсынханұлы ұстады.
Сәтжановтың жетекшілігімен 2021 жылы Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында (Сербия) командалық есепте (2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль) ІІ орын алды. Ал 2022 жылы Азия чемпионатында (Иордания) 3 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль еншілеген.
Білікті бапкер 2024 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында 5 алтын, 1 күміс, 3 қолаға қол жеткізді.
Еліміздің бокс федерациясы Қайрат Сатжанов жаттықтырушы ретінде 7 әлем чемпионын, 43 Азия чемпионын дайындаған маман екенін атады.
Жаңа жаттықтырушылар құрамы жасақталумен қатар, шетелдік жаттықтырушы маман, жалпы дене даярлығы бойынша жаттықтырушы, сондай-ақ ғылыми топ мамандары шақырылмақ.
Сонымен қатар бас жаттықтырушының жеке шәкірті болмайды деген талап енгізілген.