Жаңалықтар

Блогердің журналистен айырмашылығы неде?

Блогерлерді журналистерге теңеу қаншалықты орынды? Олардың арасында қандай айырмашылық бар?
17.10.2014 11:20 13523

Интернетті жаппай пайдалану қоғамдық өмірдің барлық деңгейіне әсер етуде және бұл тенденциядан халықты ақпараттандыру саласы да тыс қалмады. Осы күнге дейін аталмыш миссияны журналистер атқарып келсе, бүгінгі күні бұл жұмысқа блогерлер деген жаңа қауымдастық қосылды. Байқасаңыз, блогерлердің танымалдығы күннен күнге артуда: блогерлерге арналған конкурстар, әкімдердің блогерлермен кездесуі, әуе компаниялардың әлемдік блогтурлар ұйымдастыруы және т.б. Олардың танымалдығымен қатар ықпалы да артуда. Блогерлер көтерген мәселелер жұрт назарын аударып, тиісті шешім қабылдауға итермелеген жағдайлар жиі кездеседі. Осының арқасында блогерлерді азаматтық журналистика өкілдері деп атайтындар көбейді және бұл нағыз кәсіби журналистердің ашу-ызасына тиетін болды. Блогерлерді журналистерге теңеу қаншалықты орынды? Олардың арасында қандай айырмашылық бар? Ел.кз редакциясы осы сұрақтың жауабын табу мақсатында Қазнеттің танымал тұлғалары арасында шағын сауалнама жүргізіп, олардың пікірін білді. Сонымен, интернет әлемінің жұлдыздары бұл сұраққа не деп жауап берер екен, оқып көрелік.

Блогердің журналистен айырмашылығы неде?

Яков Федоров, блогер

Ең алдымен, блогердің көзқарасы журналистікіне қарағанда субъективті болып келеді. Жалпы, блогер мен журналисті ажыратпас бұрын, блогер ұғымын нақтылап алу қажет. Бүгінде, Фэйсбук әлеуметтік желісінде ой қалдыратындар да өздерін блогер санайды, ол дұрыс емес. Блогер деген кім? Блогер белгілі бір сайтта өз пікірін жазатын адам және оның жазбасы жалпақ жұртқа қолжетімді болуы тиіс. Ал әлеуметтік желідегі жазбаға келсек, осы қолжетімділік тұрғысынан шектеулер бар: біріншіден, сіз әлеуметтік желіге міндетті түрде тіркелуіңіз қажет; екіншіден, пікір жазатын адамға достық ұсынасыз не жазыласыз. Сондай-ақ, блогердің жазбалары индексациялануы тиіс. Мәселен, әлеуметтік желідегі жазбалар индексацияланбайды. 

Блогердің журналистен айырмашылығы неде?

Арман Сүлейменов, IT-маман

Журналист – мақаласы мен сюжеті үшін жалақы алатын адам. Блогер – ол өз блогында дербес пікір білдіретін азамат. 

Блогердің журналистен айырмашылығы неде?

Жарқын Түсіпбекұлы, журналист

Журналист пен блогерлерді қарама қарсы қойып жүргендерді түсінбеймін. Журналист ақпарат жеткізуші. Оның міндеті - көргенін объективті түрде жеткізу. Бірақ журналистикада жүргендер көбіне-көп өзінің көзқарасын таңып кетеді. Осы жағымен де блогерлерге жақындап кетті. Себебі блогер – ол өзінің азаматтық көзқарасы арқылы ақпарат жеткізуші. Қазір қазақ тілінде кәсіби блогерлер өте аз. Яғни, блогын кәсіп етіп жүргендерді айтып отырмын. Ал әуесқой блогерлердің жартысынан көбі журналистер. Сондықтан да араластырып, бір біріне қарсы қойып жатады. Меніңше, олар тек бірін бірі толықтырушылар.

Блогердің журналистен айырмашылығы неде?

Ескендір Салиходжаев, блогер

Журналистке қарағанда блогерде еркіндік көп және шектеу аз. Журналист редакцияның саясаты аясында жұмыс істейді.

Блогер ешқандай графикке бағынбайды, ол өз материалын дайын бола сала жылдам түрде кез келген уақытта шығара алады.

Бүгінде біз ақпараттық агенттіктердің өзі жаңалықтарында блогерлердің материалдарын қолданып, оларға сілтеме жасап отырғанын көрудеміз. 

Блогердің журналистен айырмашылығы неде?

Өркен Кенжебек, журналист-блогер

1. Блогер өзі үшін, ал журналист ел үшін жазады. Мысалы, блогер постын қалай жазғысы келсе солай, күй талғап, көңіл хошын келтіріп барып өзіне-өзі рахат сыйлау үшін жазады. Тек ішкі цензурасы мен ар-ұяты ғана тежеу болмаса, оның жазғысы келген дүниесінде шектеу жоқ. Ал журналист ағымдағы дүниені, өзі білсе де, басқалар білмейді-ау деген ниетте, көбіне тапсырмамен, бастықтың пікірі мен редакцияның саясатына ыңғайластыра жазуы керек болады.

2. Блогердің жазуында не бейнесінде ешқандай формат жоқ десе де болады. Осыдан 10 шақты жыл бұрын блогер деген ермек барын кім білген? Ал журналистика бағзы заманнан дамып, өз заңдары мен жанрларын қалыптасырып келе жатқан кәсіп. Иә, блог – ермек. Ал журналистика – кәсіп.

3. Блогтың бір артықшылығы – мұнда блогер өзінің оқырмандарымен әңгіме құрып, олармен бірден интерактивке түсіп, пікірлесе алады. Сөзбен салғыласып, шаңын шығара алады. Ал журналистикада бұл формат көбіне – монолог. Сен жаздың, бітті. Ел оқыды, бітті. Айына бір хат келсе, оның өзі немереңе көрсету үшін сақтап қоятындай жаңалық.

4. Блогер журналист тауып, дайындаған ақпаратты одан әрі өрбітіп, не оған троллинг жасап, мазақтап, не басқа өңдеп беріп постын жаза береді. Ал журналистке (әрине, кәсіби) үнемі жаңа, қызықты ақпаратты іздеуге тура келеді.

5. Блогердің қай жерде, қай кезде жазам десе де өз еркі. График жоқ. Қақылдап, төбесінен төніп тұратын жауапты хатшы жоқ. Шығармашылық шабытым жоқ деп 1-2 айға блогын жауып кетсе де, ешкім ештеңе демейді. Оған бәрі кешірімді. Ал журналиске бәрі қатал талаппен қарайды. Оның 2-3 бастығы, кезек күттірмейтін басылымы, ұнамаса да баруы тиіс іс-шарасы бар.

6. Журналиске бейтараптылық, объективтілік, сарапшылардың пікірін сұрау деген сияқты журналистиканың заңдылықтарын сақтауға тура келеді. Немесе сақтатқызады. Ал блогерге бәрібір. Жерге бір түкіріп қойып, қойды қырқудан да, Израиль-Газа шиеленісіне де, қаласа әрине, сарапшы болып, пікірін айта береді. Себебі, ол субъективті пікірін айтуға құқылы. Қоғам оған сондай артықшылық беріп қойған

7. Журналисті жұмыстан қууға болады. Ал блогерді Интернетте қуа алмайсың. Блогер қателесе алады. Қате жазса да, ой корректорым жоқ дей салар. Ал журналистке қателесуге болмайды. Блогер – жалғыз. Журналист – көппен. Ұжым дегенім ғой...

Материалды әзірлеген - Дархан Өмірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға