Блогер DARICORN-ге қарсы іс қозғалды

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті блогер Дариға Нұркееваға (DARICORN) қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде баласының құқықтары бұзылғанын мәлімдеген ананың видеоүндеуі тарады. Бұл — танымал блогерлердің бірі жариялаған, кәмелетке толмаған баланың қатысуымен түсірілген бейнематериал.
Аталған жағдай бойынша Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жедел шаралар қабылдады. Комитет төрағасы Насымжан Оспанова баланың анасымен тікелей байланысқа шығып, жан-жақты көмек көрсету ұсынылды — психологиялық және заңгерлік көмек қарастырылды. Қажет болған жағдайда Комитет баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ресми түрде сот процесіне қатысуға дайын, - делінген мәлімдемеде.
Еске саламыз, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 145-бабына сәйкес, кез келген адамның, соның ішінде баланың бейнесін жариялау тек оның немесе заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге асырылады. Сондай-ақ, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңға сәйкес, баланың бейнесі шектеулі қолжетімді дербес деректерге жатады және заңмен қорғалады.
Комитет барлық блогерлерді, инфлюенсерлерді және медиа саласының қатысушыларын балалардың құқықтарын сақтауға және қолданыстағы заңнаманы қатаң ұстануға шақырады. Ниет жақсы болған жағдайда да, балалар қатысқан контентті жариялау олардың психологиялық жай-күйіне теріс әсер етіп, құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Әрбір баланың құқығы — құрметке, қорғауға және қауіпсіздікке ие болу. Бұл құқықтар шынайы өмірде де, цифрлық кеңістікте де қамтамасыз етілуі тиіс, - делінген ақпаратта.
