Жаңалықтар

Блог ұғымы туралы жалпы түсінік

Блогтың түрлері, қызметі
26.02.2016 15:18 6470

Блог ұғымы туралы жалпы түсінік

Жалпы интернетті дамытудың негізгі трендтерінің (заңдылықтарының) бірі – Web 2.0 деп аталады. Бұнда сайтты арнайы мамандар (контент-менеджерлер, авторлар) емес, интернетті пайдаланушылардың өздері толықтырып отырады. Миллиондаған роликтер шоғырланған, барлық қажетті ақпаратты табуға мүмкіндік беретін Youtube және Rutube бейне-сервистерінің қол жеткізген табыстары аталған үрдістің дұрыстығын дәлелдеп берсе керек. Бұл үрдіс жақын келешекте желіні дамытуға, осылайша, ақпараттық кеңістікті дамытуға үлес қосатын болады.

Естеріңізде болса, Станислав Лемнің «Непобедимый» романында жер бетінің тұрғындары ғаламшарлардың бірінде ежелгі өркениет машинасының қалдықтарын кездестіретін еді ғой. Ежелгі роботтар қақтығысында күрделі машиналар қирап, қарапайым механизмдер ғана аман қалды. Өйткені, олар қажет болған жағдайда күш біріктіріп, жойқын күштерге де төтеп бере алды. Осы мысал блогшыларға арналғандай. Олар жеке өздері тұрғанда әлсіз, бірақ, біріккен кезде алапат күшке айналады. Сан сапаға ұласады. Әсіресе, орыстілді блог-сервистерге осындай қасиет тән. Екі миллионнан астам блогшы оқиға орнына ресми тілшілерден бұрын барып, ақпаратты елден бұрын таратып отырады. Олар барлық салада жұмыс істеп машықтанған сарапшылар сияқты.

Қазақстан блогшылардың тәжірибесінен мысал келтірер болсақ, Бішкектегі «қызғалдақтар революциясы» туралы ақпаратты әлем жұртшылығы Елена Скачилоның блогынан алып отырды. Бұл дерек бізге жекелеген блогшылар жүргізетін блогтардан еш жерден, тіпті интернеттегі қаптаған сайттардан табылмайтын қызықты дүниелерді кездестіруге болатындығын көрсетеді. Соңғы кезде біздің Қазнет (негізінен Мегалайн-хит тарифі пайда болғаннан кейін) үлкен қарқынмен дамып келеді. Соған сәйкес блогтар да кез келген адам пайдалана алатын осы ақпарат ортасының да асқан жылдамдықпен алға ілгерілеуі байқалады.

 «Блог» сөзі «сайттар туралы есеп» деген түсініктен (web-log) алынған сөз. Бұл кері хронологиялық тәртіппен жазылған үздіксіз жазбалар лентасы дегенді білдіреді. Оны бір пайдаланушы, яки, блогшы жүргізіп отырады. Белгілі бір блог-сервиске тіркелген блогшы тұтыну келісімшарты негізінде жұмыс істейді.

Жазба лентасын жазу қиын емес: алдымен веб-пішін (редактор бағаны бар терезе), оған мәтін жазылып, сілтемелер, бейнеқұжат, суреттер салынады. Кейін осының бәрі интернетке жарияланады. Блогтың оқырмандары қалауына қарай әр жазбаның астына пікір жаза алады. Пікірді бүркеншік атпен немесе өзге блогшылардың атынан беруге болады.

Сонымен қатар, әр блогшының жеке френд-тізбегі болады. Бұл – оның өзі оқығысы келетін блогшылардың тізімі. Ол да кері хронологиялық тәртіппен орналастырылады. Сол арқылы әрбір пайдаланушы өзін қызықтырған топтамаларды оқи алады. Блог жүргізудің еш қиындығы жоқ әрі оның тиімді жақтары да көп:

Біріншіден, блогты жүргізу үшін компьютерді егжей-тегжейлі білудің қажеті жоқ;

Екіншіден, ұсынылатын сервистердің басым көпшілігі тегін жұмыс істейді;

Үшіншіден, қазіргі блог-сервистер барлық саланы қамтиды. Одан Шумер тарихына қызығатындардан бастап, әлдебір музыкалық топтың фанаттарына дейін өз іздегенін таба алады. Блогтар барлық әлеуметтік топтар мен ағым өкілдерінің пікірлесу алаңы болып отыр.

Көптеген факторларға байланысты блогтар бірнеше түрге бөлінеді:

  1. Автор санына қарай: жеке және топтық;
  2. Тегіне қарай: корпоративтік және жекеменшік;
  3. Орналасқан жеріне қарай: блог-тұғырнама және stand-alone блогы.

Блогтар ең бірінші кезекте жеке күнделік қызметін атқарады. Бірақ, көптеген адамдар оны жеке пиар, саяси үгіт-насихат, хабарландыру тақтасы, ғылыми пікірталас пен кәсіби кеңес алаңы ретінде пайдаланады. Сондықтан, оларды төмендегі санаттарға бөлуге болады:

  1. Саяси;
  2. Пиар және жарнама;
  3. Кәсіби;
  4. Жалпы танымдық;
  5. Фотоблогтар;
  6. Әзіл-оспақтық блогтар;
  7. Жеке күнделіктер.

Алайда,  бір ғана тақырыпта жүргізілетін блогтардың жоқтың қасы. Көбіне блогшылар жеке блогтарын әртүрлі сала бойынша жазылған жазбалармен толтырып отырады.

Блогтардың атқаратын функциясы (қызметі):

  1. Жеке күнделік;
  2. Әлеуметтік желі;
  3. Жеке бұқаралық ақпарат құралы;
  4. Пікір жинау мен сауалнама жүргізу алаңы;
  5. Мәліметтер жинауға арналған мұрағат.

Блогтардың аудиториясы: Пайдаланушылардың санының салыстырмалы түрде аздығынан салдарынан Қазақстандағы блогшылардың денін жастар құрайды. Олар: студенттер, орта буын менеджерлері, журналистер, жүйе әкімшілері мен компьютер бағдарламашылары.

 

Әзірлеген Гүлназ Сүйіншәлі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға