Бизнесті емес, адамның өмірін ойлаңдар - Еділ Жаңбыршин
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бизнесті қолдаймыз деп қауіпті өндіріс ошақтарын бақылауды алып тастау туралы нормаға қарсылық білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Осы заңды мен толықтай қолдаймын. Жаңа басшылық келгелі жүйелі өзгерістер байқалады. Дегенмен, бұлардың жұмысына кедергі келтіріп, функцияларын шектеп отырған мәселелер бар. Жаңа біздің Ұлттық экономика министрінің өкілі дұрыс әңгіме айтқан жоқ. Ол біздің нормамыз шағын және орта бизнестің жұмысын шектейді деп отыр. Министрлікке біз өндірістік қауіпсіздікті тексеруге құзырет беріп отырмыз. Өте қауіпті өндірісті тексеру керек. Ол біздің Азаматтық қорғаныстың 71-ші баптарында көрсетілген. Соны бірінші оқыңыз. Бұл адамның өмірі мен денсаулығына қатысты мәселе, - дейді Еділ Жаңбыршин.
2024 жылы мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметі бойынша, елімізде өндірісте 1408 қызметкер зардап шеккен, оның 202-сі қаза тапқан. 2024-2030 жылдарға арналған Өндірістік қауіпсіздік тұжырымдамасына сәйкес, өндірістік апаттар бірқалыпты түрде өсіп жатыр. Мысалы, 2021 жылы 20 апат, 2022 жылы 28 апат, 2023 жылы 21 апат болған.
Ал Қазақстанда соңғы 10 жылда 244 апат болған. Қай салада болып жатыр? Жүк көтеру – 54, тау-кен өндірісі, мұнай саласы – 42 апат, көмір саласы -24 апат, газ – 21 апат, химия және мұнай химиясы – 14 апат. Бұлардың бәрі қауіпті өндірістер. Сіз айтып жатқан шағын және орта бизнес емес. Енді бизнес жасаймыз деп мемлекеттік бақылауды барлық жерден алып тастадық. Біз неге бизнесті желеу етіп, адамдардың өмірімен ойнаймыз? Сондықтан, менің ойымша, Төтенше жағдай министрлігіне құзырет беруіміз керек. Ұлттық экономика министрлігі, бизнесті емес, адамның өмірін ойлаңдар. Бұл халықтың талабы. Бізге адамның өмірі қымбат. Бизнестерің ешкімге де керек емес. Мына жерде отырған депутаттар қаншама қара жамылған адамның үйіне барды. Сендер де барыңдар сол үйлерге, - деді депутат.