Бизнес-жоспар дегеніміз не?
14.07.2015 06:56
51144
Әрбір кәсіпкер жеке кәсібін ашу үшін бизнес-жоспар керек екенін жақсы біледі. Ал, кәсіпкерлікке енді бет бұрғандар бизнес-жоспар деген не, ол не үшін қажет, оны қалай жасау керек деген сауалдарға тап болады. Ендеше, бұл мақала осындай сауалдарға жауап іздеген жас кәсіпкерлерге арналады.
Кәсіпкер үшін бизнес-жоспар жаңа бизнестің қалай жұмыс істейтінін бағалауға және оның болжамды нәтижелерін анықтауға, сондай-ақ банктен несие рәсімдеу барысында қажет болады.
Сонымен, бизнес-жоспар бұл – жаңа бизнестің жан-жақты толық сипаттамасы. Онда бизнес туралы ақпарат, бизнестің қаржылық талдауы, маркетингтік жоспары және қызметкерлер бойынша жоспары жасалу керек. Сонда, кәсіпкер жаңа бизнестің түр-сұлбасын көре алады және өзі де көп нәрсені түсініп, байқай алады.
Бизнес-жоспардың кімге арналғанына байланысты оның бірнеше түрін ажыратамыз:
- Өзіңізге арналған бизнес-жоспар. Бұл бизнес-жоспар кәсіпкерге жаңа бизнестің қаншалықты тиімді, я болмаса тиімсіз екенін анықтауға арналған.
- Несие алуға арналған бизнес-жоспар. Банктер кәсіпкерге несие беру туралы шешім қабылдау үшін, одан бизнес-жоспарды талап етеді.
- Инвесторларды тартуға арғалған бизнес-жоспар. Инвесторлар өз қаржысын бұл бизнеске салар алдында, бизнеске талдау жүргізеді. Сол себепті, кәсіпкердің бизнес-жоспары қаралады.
- Жергілікті және шетелдік серіктестермен бірлескен кәсіпорынға арналған бизнес-жоспар. Сауатты құрылған бизнес-жоспар сіздің ісіңіздің маңыздылығына серіктестің сенімін арттырады.
- Жаңа қызметкерлерді тартуға арналған бизнес-жоспар. Білікті мамандарды өзіңізге жұмысқа тарту қиынға соғады. Сондықтан, бұндай бизнес-жоспар қызметкерге болашақ қызметтің сипаттамасы жайында және ұсынылатын жұмыстың тұрақтылығы мен келешегі туралы ақпарат береді.
- Басқа компаниямен бірігуге арналған бизнес жоспар. Ол бірлескен қызметтің жағымды және жағымсыз жақтарын көруге көмектеседі.
Бизнес-жоспар келесі бөлімдерден тұрады:
- Бизнес-идея. Істі алғаш бастайтын кәсіпкерге ең алдымен немен айналысатынын шешіп алу қажет, яғни ол бизнес-идея табуы тиіс. Бұл күрделі және жауапты саты. Бизнестің қалай құрылатынын осыған байланысты. Бұл жерде кәсіпкер өз білімі мен дағдыларын, жұмыс тәжірибесін, хобби мен қызығушылықтарын ескеруі керек.
- Жеке мүмкіндіктер. Кәсіпкер жаңа бизнестің мүмкіндіктерін, өзінің мүмкіндіктерін және идеяны жүзеге асыруға керек өзге ресурстарды бағалауы тиіс.
- Клиент. Кәсіпкер болашақ клиентінің кім болатынын жақсы білуі тиіс. Ол үшін кәсіпкер «Менің ықтимал клиенттерім кімдер? Олар қайда орналасқан? Менің клиенттерім нені бағалайды?» деген сынды сұрақтарға жауап беруі керек.
- Бизнесті ұйымдастыру. Бизнесті ұйымдастыру барасында кәсіпкер өз клиенттеріне өнімді (тауарды немесе қызметті) шығару және оны сату үдерістері қалай, қашан ұйымдастырылатынын, оның қандай көлемде шығарылатынын ойластыруы тиіс.
- Ақша қозғалысы. Кәсіпкерге жаңа бизнестің кірісі мен шығысын, теңгерімін болжау сияқты қаржылық құжаттарды жасау қиынға түседі. Дегенмен, ақшаның қозғалысын елестетіп көру қажет.
- Тәуекелдер. Кәсіпкер бизнеспен бірге туындайтын: инфляция, несиелер, клиенттердің ақы төлеуден бас тартуы, төтенше жағдайларға байланысты немесе серіктесіңіз тарапынан алданып қалу сынды барлық тәуекелдерді ескеруі тиіс. Бұл тәуекелдерге дайын болуға және туындаған жағдайда еңсере білу үшін қажет.
Ақтоты Майлыбаева
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға