Жаңалықтар

Біздің сүйікті дәрігер

Білікті кардиохирург Юрий Пяның сұхбаты 
Біздің сүйікті дәрігер
19.01.2017 16:42 9882

– Юрий Владимирович, байқауымша, сіздің жұмыс күніңіз тым ерте басталатын сияқты. Бұл  – менің таңертең ерте келіп тұрған бірінші сұхбатым...

– Тым ерте емес қой (күлді). Менің күнделікті жұмысым таңғы 8-де басталады.

– Өзіңіз туралы түсірілген «Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған» деректі фильмінің тұсаукесерінде сіз Қазақстанда донор жетіспегендіктен, 3 жылда бар-жоғы 27 жүрек трансплантациясы жасалғанын айттыңыз. Қазір Қазақстанда донорлар санының аздығы – күйіп тұрған мәселе. Сіздіңше, қазақстандықтардың донорлық туралы пікірін қалай өзгертуге болады?

– Былтыр тамыз айында біздің жүрекке алғаш трансплантация жасағанымызға 4 жыл толды. Бұл – Орталық Азияда жасалған алғашқы ота. Осындай күрделі отаның бірінші рет Орта Азия елдерінің ішінде біздің елімізде жасалғаны мені марқайтады. Оқырмандарға түсіндіре кетейік, жүрек трансплантациясы басқа дене мүшелерінің трансплантациясынан несімен ерекшеленеді? Мысалы, бүйрек пен бауыр трансплантациясына тірі донор қатысады. Яғни, әлдекім өзінің бір бүйрегін не бауырының бір бөлігін науқас жанға бере алады. Ал, жүрек трансплантациясында жүректі тек қайтыс болған донордан алуға болады. Көрдіңіз бе, екеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей.

Біздің қоғамда «донор болу» деген түсініктің өзі әзірше оңай қабылданбайтынын бірден ескерткім келеді. Медициналық проблемаларды былай қойғанның өзінде, оның астарында рухани, этикалық, әлеуметтік мәселелер қатпарланып жатыр. Негізі, біз жылына 150-180 ота жасауға тиіспіз. Алайда, әлгінде өзіңіз атап өткендей, донор саны жетіспегендіктен, 3 жылда 27 ота жасадық. Отандастарымыз өмірден өткен туыстарының дене мүшелерін алуға рұқсат берген жағдайда басқа жандарға өмір сыйлайтынын түсінсе екен дейміз. Бірақ, мұны елдің бәріне бірдей тез арада түсіндіру мүмкін еместігі бесенеден белгілі. Өйткені, бұл жай ота ғана емес, бұл  – қоғамдық сананың, ділдің (ментальность) өзгеруі. Өліп бара жатып, өзінің жүрегін басқа бір науқасқа аманаттап қалдыру оңай қадам емес. Адамдар донор болудың қажеттілігін түсінуі үшін әлі көп уақыт керек. Тіпті сол аралықта бірнеше ұрпақ ауысып үлгеруі мүмкін. Жұрттың пікірін жарықты жағып-өшіргендей әп-cәтте өзгерте алмайсыз. Кезінде Мұса пайғамбар өз халқының ділін өзгерту үшін шөл далада 40 жыл жүрді емес пе?! Мұны мысалға келтіре отырып, біздің елде де донорлық туралы пікірдің өзгеруіне 40 жыл кетеді деуден аулақпын. Қанша дегенмен, қазір уақыт өте тез жылжиды. Бастысы, бұл проблеманың беті біртіндеп бері қарап келе жатқанына сенімдімін. Сонымен қатар, отаның балама жолы барын да естен шығармайық. Мысалы, біздің орталықта жасанды дене мүшелерін ауыстыру отасы да жасалады.

– Ұлттық кардиохирургиялық орталықта бір кездері өзіңіз ота жасаған емделушілер де жұмыс істейді екен. Оларды жұмысқа алуыңызға не себеп болды?

– Біз оларға емделуші деп емес, жүрек отасын жасатқан адам ретінде қараймыз. Өз басынан өткергендіктен, олар бұл проблемамен етене таныс. Егер, өздері өзге науқастарға көмектесуге ынталы болса, біз олардың жұмыс істеуіне қарсы болмаймыз.

– Сізге Айым есімді кішкентай бүлдіршіннің сыйлаған хаты туралы естіген едім.

– Қаласаңыз, қазір сізге сол хатты көрсетейін.

Мұны маған Айым Тұрлина есімді бүлдіршін сыйлаған болатын. Жүрегіне ота жасаған күннің ертесіне Айым айналасындағылардан бір парақ қағаз сұрапты. Ол кезде әлі денсаулығы толықтай қалпына келмеген еді. Сыртына өзінің қолының суретін салып, ішіне жүрекжарды лебізін жазыпты. Бұл хат маған өте ыстық.

– Сіз жастарға «Отанға адал қызмет етіп, айналаларыңыздағы адамдарға аянбай көмектесіңіздер! Өздеріңіз басқа елге кетіп қалмай, керісінше, шетелдіктердің Қазақстанға келуіне сеп болыңыздар!» деп жиі айтасыз. Ал, өзіңіз ұзақ жылдар бойы шетелде қызмет істедіңіз. Жоғарыдағы пікіріңізге шетелде тұрғаныңыз әсер етті деуге бола ма?

– Жоқ, олай емес. Бұл сұрағыңызға жауап беру маған қиындау тиіп отыр... Әркімнің туған жері – өзінің жұмақ мекені. Мұны жылдар өте келе тереңірек түсінеді екенсің. Өзіңнің жарқын идеяларың мен ізгі ойларыңды өз Отаныңда жүзеге асырған дұрыс деп ойлаймын.

– Өз өміріңізді скальпельсіз елестете аласыз ба? Мысалы, кейбір отандастарыңыз сізді саясат сахнасынан көргісі келеді екен...

– Менің ойымша, әркім өз ісімен айналысқаны дұрыс. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын!». Мен өзімді сүйікті ісін тапқан маманмын деп ойлаймын. Жұмысыңды жақсы істесең, ол да – саясат. Солай емес пе?! Бірақ, «саясат үшін саясат жасау» менің қолымнан келмейді. Оның үстіне, қазір бізде қызмет бабында көтерілу туралы дұрыс түсінік қалыптаспаған. Бұл жерде мен жұрттың бәрі солай ойлайды деуден аулақпын. Мәселен, неге кей адамдар Парламентке не Үкіметке ұмтылады? Олар үлкен қызметке біреуге көмектесу үшін емес, өзінің жеке басының пайдасы үшін барғысы келеді. Меніңше, бұл – үлкен қателік. Халық Үкімет үшін емес, Үкімет халық үшін жұмыс істеуі керек. Мысалы, мен денсаулық сақтау саласында қызмет етемін. Бізде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі денсаулық сақтау мекемелеріне (амбулатория, аудандық емхана немесе республикалық орталық) жұмыс істеуі тиіс деп ойлаймын.

– Сіз ырымшылсыз ба?

– Иә. 

– Ота жасар алдында науқастармен тілдесесіз бе?

– Әрине, науқастармен де, олардың туыстарымен де сөйлесемін. Олардың маған өз өмірлерін сеніп тапсырғаны зор жауапкершілік жүктейді. Егер, маған бір адам сенім артса, мен сол үдеден шығу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауым керек.

– Өзіңіз жасаған ең ұзақ және ең қиын оталарды еске түсіріңізші.

– Қазірге дейін жалпы саны 10 мыңнан астам отаға қатысыппын. Оның ішінде, ең алғашқы әрі ең қиын ота соқыр ішекке жасалған ота болды. Ал, ең ұзақ ота 26 сағатқа созылды.

– Әлемнің белгілі кардиохирургтарымен тығыз байланыстасыз ба?

– Білесіз бе, әлемде білікті кардиохирургтар өте көп болғандықтан, олардың бәрімен бірдей байланыс жасау мүмкін емес. Әріптестеріммен жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде өткізілетін семинар, шеберлік сабақтары мен жиындарда кездесіп, пікірлесемін. Ешкімді бөліп-жармаймын.

– Сіздің қабылдауыңызға жазыларда өзінің беделін пайдаланғысы келетін кісілер көп пе?

– Мұндай жағдайлар бұрын да болған, қазір де бар. Бәлкім, кейін де бола беретін шығар. Мұны мен қалыпты нәрсе деп қабылдаймын.

– Бізге өзіңіздің кітапханаңыз туралы айтып бересіз бе?

– Негізі, бұл кітапхана менің жұбайыма тиесілі.

Кітапхана кардиохирургиялық орталықтың фойесінде орналасқан

– Кітаптарды кардиохирургиялық орталықтың емделушілері оқысын деп әкеліп қойдыңыз ғой.

– Иә, мұнда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Қазір көп жерде кітапхана бар. Қаладағы дәмханаларға кірсеңіз, сөрелерде кітап тұрғанын байқайсыз. Біздің орталықтағы кітапханаға да кез келген адам үйінен кітап әкеле алады.

– Кітап ұрлығына қалай қарайсыз?

– Жалпы, ұрлық деген жақсы нәрсе емес қой. Мәселе оған деген көзқараста болса керек. Алғаш осында кітаптарды әкелген кезде маған «несіне әкелдіңіз? Бәрібір ұрлап кетеді» дегендер болды. Бірақ, кітап ұрлығы қылмыс емес деп ойлаймын. Өзім де кейде ұнатып қалған кітабымды ұрлап алуым мүмкін.

– Расымен солай ма?

– Иә. Бәлкім, сол сәтте мен іштей сәл қынжылатын шығармын. Бірақ, кітап ұнап тұрса, неге алмасқа? (күлді).

– Кабинетіңіз ерекше екен. Бас дәрігердің кабинетінен түрлі карталарды, суреттер мен үнтабақтарды бірінші рет көруім...

– Менің кабинетіме кірген науқастар да, әріптестерім де өздерін жайлы сезінсе екен деймін. Яғни, «бастықтың кабинеті» болып сіресіп тұрғанын қаламаймын. Мұнда музыкаға да, тарихқа да орын бар. Кейде классикалық әуендер қосып қоямын. Емделушілерге есігім әрдайым ашық. Егер, кабинетіме ешкім кіре алмаса, маған жұмысқа келудің не  қажеті бар?

(Дәрігер патефонды қосты. Менің қалауым орындалып, классикалық әуен ойнай жөнелді – ред).

– Мынау қағазды қабырғаға ілуіңізде бір мән бар шығар?

– Мұнда біздің өміріміздегі ең маңызды сөздер  (қазақшасы – «махаббат ешқашан өлмейді») жазылған деп ойлаймын. Бұл қағазды кездейсоқ қоқыс жәшігінен тауып алған едім. Ондағы сөздер сондай әсерлі әрі мағыналы болғандықтан, кабинетіме әкеп іліп қойдым. 

– Елдің бәріне бірдей қолұшын созуға уақытыңыз жете ме? Осы уақытқа дейін әлдекімдер сіздің көмегіңізге зәру боп, бірақ, сіз көмектесе алмай қалған жағдайлар болды ма?

– Әрине, ондай жағдайлар кездесті. Орыстарда «Невозможно объять необъятное» деген сөз бар. Дегенмен, қолымнан келгенше, бәріне көмектесуге тырысамын.

– Бізге кеңес беріңізші. Жүрегіміз ауырмас үшін не істеуіміз керек?

– Оны сізге айтар болсам, мен жұмыссыз қаламын ғой. Қалжыңдаймын (күлді). Жүрек ауырмас үшін не істеу керек? Бұл – маған жиі қойылатын дәстүрлі сұрақ. Меніңше, оның алдын алудың жолдары тым қарапайым. Олар: айналаңдағыларға зияныңды тигізбеу, ешкімге өкпелемеу,  мынау жарық ғаламның дамуына өзіңнің қандай да бір үлесіңді қосу.

– Өміріңіздің ең соңғы күнін қандай іске арнар едіңіз?

– Қандай іске дейсіз бе? (ойланып қалды). Ол күн өмірімнің соңғы күні екенін сезінбей өтермін деген үміттенемін. Менің ойымша, біз мәңгі жер басып жүретіндей өмір сүруіміз керек сияқты. Өзіміз істеген кейбір қателіктерді ойлап, кейін өкінбес үшін... Бастысы, айналамдағыларға зияным тимесе екен деймін.

– Ғаламторда өзіңіз туралы жазылған пікірлерді оқып тұрасыз ба?

– Жоқ, ештеңе оқымауға тырысамын. Оларды оқып қайтемін, өз сырым өзіме мәлім адаммын.

– Ал, жалпы, біздің қоғамдағы дәрігерлерге қатысты пікірлерге көзқарасыңыз қандай? Мәселен, кейінгі кездері ақ халаттыларға қатысты жағымсыз пікірлер жиі айтылып кетті.

– Әрқашан тек жақсы пікір айтыла бермеуі – заңдылық. Дәрігерлер қоғамнан тысқары жатқан каста емес. Меніңше, кез келген мәселеге тек  жақсы немесе тек негативті көзқарас білдіруге болмайды. Егер, мен өмірде кездесетін әртүрлі жағдайлардың тек жағымсыз жағын көретін болсам,  онда бұл – өзіме де солай жағымсыз көзқараспен қарағаным. Мен қоғамнан тысқары өмір сүре алмаймын.

Тағы да қайталап айтамын, дәрігерлер – өзге де мұғалім, кәсіпкер, әскерилер және т.б. сияқты қоғамның бір бөлшегі. Мысалы, егер біз полиция қызметкерлерін жамандайтын болсақ, демек, өзіміз де жаман болғанымыз. Егер, басқа сала мамандарының дәрігерлерге көңілі толмаса, демек, бұл – олардың өздеріне де қатысты наразылық. Яғни, бір қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, біз бір-бірімізбен тығыз байланыстамыз.

Сол себепті, өзгелер туралы жағымсыз пікір айтылып жатса, оның бір ұшы маған келіп тиеді. Өйткені, мен осы елде, осы қалада тұрамын. Сізге ойымды толық жеткізе алдым ба? Яғни, біздің клиникамызда ауыл шаруашылығы туралы негативті пікір айтылса, ол – тек сол ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне қаратылып айтылған сөз емес, біздің бәрімізге қатысты сын. Егер әлдекімдер біздің кардиохирургиялық орталықты жамандайтын болса, ол – басқаларға да қатысты пікір. Түсінесіз бе, көршімнің үйінде қайғылы жағдай болса, мен оған бей-жай қарай алмаймын. Өйткені, ол – менің де трагедиям деген сөз...

Бастысы, мен осы салаға келдім бе, өз жұмысымды барынша нәтижелі атқаруға міндеттімін. Тек мен ғана емес,  басқа саланың мамандары, мәселен, аула сыпырушысы да, автобус жүргізушісі де өз ісіне зор жауапкершілікпен қарауы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға