Жаңалықтар

«Біздің Отан»

«Біздің Отан»
27.08.2014 02:55 3817

60-шы жылдары Мұхаммед Реза пəһлеви патшаның билігі кезеңінде екі жылдық міндетті əскери қызметтің алты айын əскери жаттығулармен машықтанып, қалған он сегіз айын ауылдарға барып білім беру жоспарына сəйкес өткізу мемлекеттің бағдарламасына енгізілді. Ондай əскери міндетін атқаратын талаптыларға «білім əскері» деген атақ берді. Ол қызмет тікелей патшаның идеясынан туған əрі өзінің бақылауында болғандықтан сол қатарда əскери міндетті атқару айрықша құрметке ие болды. 1968 жылдан бастап екі жыл бойы «білім əскери» қызметімнің тоғыз айын гарнизонда əскери жаттығумен өткізгенде күнде таңғы төрттен күнделік əскери шаруа басталып кететін. Сосын тура сағат алтыда сап түзеп иранның жалауын аспандатып, елдің əн ұранын орындағанда мен «ирандықтар не деген бақытты ел, шіркін қазақ та осы бақытқа жетсе екен» деп Алла Тағаладан жалбарына тілейтін едім. Кейде көз жасым маған ырық бермей тамшылап ағып жататын сəттер көп болды. Əскери қызметімнің он сегіз айын иранның шығыс аймағында орналасқан Машһад қаласында өткіздім. Аталған қаладағы имам Реза (ғ.с) зиратына барған сайын Алла тағаладан «қазақ елі азат ел болуын тілейтінмін. Əскерді аяқтап ауылға оралған соң достарым маған қияли болып кеткенімді айтып əлек, мен болсам əрі кетсе Қазақстан 2000 жылға дейін тəуелсіз мемлекет болып өз туын көтереді дегенді айтып əлекпін. Біз соған дайын болуымыз керек дейтінмін.

1976 жылы Тегеран қаласында мен «Иран ұлттық университетінде» педагогика факультетінде екінші курста оқимын. Қазақ досым əрі ағам Қажы Батырұлы « Тегеран университетінде» заң факультетінің соңғы курсында оқитын. Екеуіміз де бір қиялдың ізінде жүріп, Тегерандағы Кеңес Одағының мəдени орталығына барып «қазақ туралы, Қазақстан жайлы кітап, газет-журнал, күй табақ сұрайық» деп шештік. Ол кезде аталған орталықты Кушев мырза басқаратын. Оның орынбасары əзірбайжандық Иман Əлиев мырза болатын. Ол екеуі бізге көп жəрдем көрсеткендері үшін оларды өзімізге жақын сезіндік. Шындығын айтқанда, коммунистерді иттің етінен жек көретін иранның патшалық қатаң жүйесінде менің жəне досымның бұл істеріміз нағыз ерлікке пара-пар тіршілік екенін де өзіміз сезіп жүретінбіз. Бірақ беймаза көңіл тынши қоймайтыны да шындық еді. Кейін білсек, сол 1976 жылы Қазақстанда шетелдегі бауырлар үшін үлкен бір жоба іске асып жатыр екен. Ол «Отан» қоғамынан төте жазумен жарық көрген «Біздің Отан» газеті еді.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға