Жаңалықтар

Біздегі электронды қызметтің сапасына ресейліктер таң қалады – IT маманы

IT саласында біздің, сіздің нарық деген жоқ. Нақты техникалық тапсырма бар
Біздегі электронды қызметтің сапасына ресейліктер таң қалады – IT маманы
Фото: egov.kz 10.11.2022 15:34 4422

Бүгін Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің кәсіби күні. Ал бұған дейін 17 мамырда аталып келген Байланыс және ақпараттандыру қызметкерлері күніне өзгеріс енгізілді. Бұдан былай 17 мамырды тек байланыс саласының қызметкерлері тойлайды. Ал ақпараттық технологиялар саласының өз еншісінде жаңа кәсіби мереке пайда болды. Күнтізбеде қызыл даталы күннің пайда болуына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мұрындық болған.

Егер статистикаға сүйенсек, бүгінде Қазақстанда ақпараттық технология саласында қызмет ететін мамандар саны жүз елу бес мыңнан асып жығылады екен.  Және тағы бір маңыздылығына мән беретін мәселе, Қазақстан электрондық үкіметті дамыту жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингі бойынша 28-орында. Және «Онлайн-қызметтер сапасының индексінде» 8-орынға тұрақтаған. 

Атаулы күнге байланысты Қазақстандағы ІТ саласының бүгінгі ахуалы жалпы болашағы туралы осы салада жүрген бірнеше маманды сұқбатқа тартып, пікірлерін білген болатынбыз.

1.Өзіңіз туралы айтып кетсеңіз, қай салада қызмет етудесіз? Қай жерде қандай білім алдыңыз? IT саласына қалай келдіңіз?

  1. Қазақстандық ІТ индустрия әлем елдеріне қарағанда кенже дамып келеді деген пікір бар. Келісесіз бе? Бұл салада неден ұтылып, неден ұтып отырмыз?
  2. Бүгініміз бен болашағымыз ІТ саласына тәуелді ме?. ІТ болашақта қандай деңгейге көтерілуі мүмкін?
  3. Ұлттық ІТ жобалардың дұрыс қалыптаспауына не кедергі болуда?
  4. Бүгінде ІТ мамандыққа сұраныс артты. Нарықта сәйкесті ұсыныс бар ма?
  5. Қазақстандық ІТ мамандар негізінен қайда дайындалады?
  6. ІТ индустрияда қазір нақты қай сала аяғынан тұрды немесе кенжелеп қалды?
  7. ІТ менеджерлерді немесе мамандарды ынталандыру, қолдау қаншалықты жолға қойылған?
  8. Ресейдегі жағдайға байланысты ІТ мамандар сырттан көптеп келуде. Олар сіздер үшін бәсекелестік орта болмай ма?

Ерлан Оспан, ІТ маманы, жеке кәсіпкер:

«IT маман үнемі, әрқашан өзі дайындалады!»

  1. Қазір электрон медиа саласында жұмыс істеймін. Орта-кәсіптік білім алғам. IT саласына - өзім таңдап түскен электрик мамандығының қазақ бөлімін ашуға адам жетпей, ақпараттық технологиялар мамандығына аударыла салып келгенмін.
  2. Мен мұндай салыстыруға таң қаламын. Кенже әлде озық екенін қалай анықтайды екен? Нидерландтың кей жерлерінде отельдер тек қолма-қол ақша алады деп еді танысым. Төлемді картамен алатын терминалдары жоқ. Банкоматтан алып апарып бересің. Бұл қалай, Нидерландтың IT индустриясы кенже қалғаны ма? Бірақ, бүкіл компьютер мен смартфондардың чиптерін жобалап, шаблон жасайтын ASML - нидерландтық компания. ASML еңкейсе, бүкіл әлемнің электроника нарығы тоңқаяды. Енді қалай, Нидерландтың IT индустриясы озық па? Меніңше, "даму", "дамыды", "дамыту" дегендер - саясаткерлерден жұққан клише.  Мысалы, тап осы IT индустрияны жасанды түрде дамытуға болмайды. Ол әрқашан елдің экономикалық әлеуетіне пара-пар болады. Басқа салаларға білімім жетпейді, бірақ мысалы, машина жасау саласында да жағдай осылай болар еді деп ойлаймын. Қазақстанның IT индустриясы - өзіне сай.
  1. Меніңше, болашақтың келбетін жасаған кезде IT тым асыра бағаланады. Интернеттен қай футурологиялық мылжыңды алсаң да - басты бұрышта IT тұратыны қызық. Радио шыққанда газет өледі деп, телевизия шыққанда радио өледі деп, интернет шыққанда телевизия өледі дегендер бәрібір ұялмай жер басып жүр. Меніңше IT - бар болғаны адамзаттың білімін тоғыстыратын құрал ғана. IT-ге қауырсынның орнына қаламсап шыққанынан артық баға бере алмаймын. Мысалы, бір жылы біздің аграрийлерге робот комбайн бермекші болды. Орақтың лазерге ауысқанынан еңбек өнімділігі артты ма? Менің мәліметтерім бойынша, ол комбайндарға егіншілер әлі жолаған да жоқ.  Себебі, бұрынғы әдіс те әбден жарайды. Немесе, малшыларға малын онлайн саудаға шығаратын қосымша жасап бермек болды. Етке сұраныс онсыз да орасан болғандықтан, идея далада қалды. Ендеше, IT бар болғаны қоғамның өзі жеткен жетістігін оңтайлы ұйымдастырады да қояды. Мұхит ортасындағы жабайылардың аралына тасталған он мың планшеттен олар кенет өркениеттің арбасына қарғып мінеді деп айта алмас едім. IT болашақта қандай деңгейге көтеріледі десек, қарадүрсін  сызықтық даму моделін басшылыққа алып, "IT керемет биікке шығады!" деп бөсуге болады. Бірақ тарихта үш жүз адам қырық мың қолды тоқтатқаны сияқты парадокстар бар. Бір күні, адам кейпіміз қалмай бара жатқасын, Цифрлік технологиялардан жаппай бас тарту туралы әлемдік Хартия қабылдап, жерді қайтадан соқамен жыртуымыз да мүмкін ғой? Ендеше, болжау жағын сол сәнді де әдемі сөйлеу білетін футурологтарға қалдырайық.
  1. Біріншіден, ұзақ уақыт бойы үстемдік құрып келген шетелдік IT компаниялардың лоббиі және сыбайлас жемқорлық. Екіншіден, әлемдік IT инфрақұрылымға интеграциядан қашуымыз. Сіз, өзіңіз бүгін ойланбастан пайдаланып жүрген 4G байланыстың Қазақстанға қандай қиындықпен енгенін білесіз бе? Әскерилер көпке дейін жиілікті бергісі келмеді. Үшіншіден, отандық софт девелоперлерді айқын түрде шеттету. Немістің әйгілі SAP жүйесіне миллиардтарды зытырып жатқандарға отандық софт девелоперлердің біз жасайық деп жалынып жүргеніне нешінші жыл. Төртіншіден, қазір әлем ашық, іліп аларлық жоба болса, "Астана Хабтан" бұрын Силикон алқабынан бір шығады.
  1. IT саласында біздің, сіздің нарық деген жоқ. Нақты техникалық тапсырма бар. Арнайы биржалар бар. Қазақ алмаса, үнділік алады. "Сұраныс артты" деп нені айтатынын мен де білгім келеді. Меніңше, аргонмен дәнекерлеушілер IT маманнан да қат сияқты. Маман жетпеуінен тоқтап қалған құрылысты көрдім, бірақ IT жоба туралы естімедім.
  2. IT маман үнемі, әрқашан өзі дайындалады! Диплом, сертификат дегендер - білігіне қосымша жылтырақ қаптама ғана. Осыны көбі әлі ұқпайды. IT маманның жалғыз көрсеткіші - кейс. Болды. Сен төрт университет бітір, не бесінші сыныптан мектептен қуыл - софтверлерге бәрібір. Кейс бар ма? Жобаларыңа сілтеме бар ма? Болды. Сондықтан "қайда дайындалатыны" тіпті маңызды емес. Мен көріп жүрген мысалдарға сүйенсем, IT саласының қолданбалы бағытын университетте оқыған тіпті, қауіпті сияқты. Шыным осы.
  3. IT индустрияның барлық саласы қоғамның, адамзаттың әлеуетіне тәуелді. Озды-кенжеледі деген сөздерді қолданбауға тырысамын.
  4. Мұндай әдіске тіпті қарсымын. IT маманы ең алдымен икемділігімен ерекше. Кеше PHP тілінде жалақы жақсы еді. Бүгін Python білетіндер көп тауып жатыр. Ендеше икемделесің. Басқа жолы жоқ. Ал оларды әдейілеп ынталандыруды өте қауіпті іс деп білемін. Наубайшы мен сылақшыдан жаны артық емес: еркін нарықтан нанын өзі тартып алып жесін.
  5. Тіпті де. Біріншіден, ешкім мән бермейтін мәселе - IT маман қазірде қашықтан қасыңда отырғандай жұмыс істей береді. Олардың барлығы бұрынғы жұмысымен біржола қоштасып кеткен жоқ. Екіншіден, мысалы, Eiffel, Lua сияқты біз үшін экзотика тілдерде ұялы байланыс серверлерін программалау онсыз да ресейлік мамандардың қолында болған. Үшіншіден, әлемдік жобаларда жұмыс істейтіндер де көп. Сондықтан, бәсекенің ізі де жоқ дер едім. Сайттарда IT мамандарға вакансия бұрын қалай болса, әлі солайымен тұр.

Темірлан Аманжолов, Kaspi.kz бағдарлама әзірлеуші:

«Он жылда ІТ мамандарының саны 30%-ға өседі»

  1. 2019 жылы SDU жоғарғы оқуындағы Computer Science and Software Engineering мамандығында бакалавр деңгейін бітірдім. Қазір Kaspi.kz фин-тех саласында Frontend developer ретінде жұмыс істеймін.
  2. Әрине батыстағы дамыған мемлекеттерге қарағанда, Қазақстанда IT индустрия кейінірек дами бастады, бірақ қазіргі мезгілде араларында ешқандай айырмашылық жоқ. IT-дің ең басты дәрежесі - кәсіби кадрлар, ал олар бізде де жеткілікті деп ойлаймын.
  3. IT индустриясы қазіргі заманның прогресс қозғалтқышы, бірақ одан да басқа маңызы жоғары салалар бар. Ақпараттық технологиялардың басты мақсаты - адамзаттың күнделікті өмір сүру сапасын жоғарылату.
  4. U.S. Bureau of Labour statistics порталының статистикасына сүйенсек, 2020 мен 2030 жылдар аралығында ІТ мамандарының саны 30%-ға өседі екен. Бұған қарап, нарықта сәйкесінше сұраныс та өсетін болар деп ойлаймын.
  5. Өзімізде де дайыныдайды. Бірақ мықты ІТ менеджерлер көбінесе батыс мемлекеттеріндегі топ компанияларда дайындалады. Meta, Amazon, Apple, Netflix, Google компаниясында жұмыс жасағылары келетіндер көп.
  6. Менің жеке ойымша, қазіргі сәтте Internet of Things саласы тоқтап қалды. Оның басты себебі - өндіріс компаниялары дайын шешімдерін сата бастады.
  7. Жоғары жалақы, көбінесе еркін жұмыс кесктесі, кейбір компаниялар жұмыскерлеріне опциондарын береді.
  8. Иә, ол рас. Алайда, қазақстандық мамандардың білім деңгейлері ресейлік мамандармен бірдей. Сондықтан, өз басым ресейліктердің көптеп келуінен еңбек нарығында өзгерістің болғанын байқамадым.

Рымбек Ізғали, IT саласында жеке кәсіпкер:

«Біздің электронды қызметтердің сапасына ресейліктер таң қалуда»

  1. Мен программалауға 6 класстан бастап қызықтым, бұл 1997 жылдардың шамасы. Ол кездері қазіргідей ағылған ақпарат жоқ, тек кітап арқылы ғана оқисың. Ал менің ауылда тұрғанымды ескерсек, бұл менің білім алуыма біраз ауыртпашылық тудырғанын түсініп тұрған шығарсыз. Өйткені мен тек қазақша ғана оқи алам, ал қазақ тілінде ол кездері кітап өте аз болды. Мектептегі компьютерлер ескі, кеңестік дәуірден қалған «Корвет» деген машиналар еді. Тоғыз бітіргенде мектепке жаңа компьютерлер келіп, жаңа кітаптар шыға бастады. Сол кезде біраз нәрсе үйрендім. Жоғарғы білімді Ақтөбеде Құдайберген Жұбанов атындағы университетте алдым. Қазір IT саласында жеке кәсіпкермін.
  2. Әлемде ел көп қой. Оның бәрінен қалып жатпағанымыз анық енді. Әрине, IT саласы дамуы үшін, ол кез-келген сала сияқты IT өнімнің өз тұтынушысы болуы керек. Қаржылық жағынан тиімділігін де естен шығармау керек. Қанша дегенмен IT өнім жасау үшін үлкен қаржы қажет. Өз деңгейіміз үшін біз жақсы дамып келе жатырмыз деп есептеймін. Ал кейбір салаларда, мемлекеттік қызметтер мен банк саласында біз тіпті әлемнің алғы қатарындамыз.
  3. Тәуелділік – негізі абстрактілік ұғым. Егер кешегімен, тарихпен салыстырсақ, IT саласы бұрынғыша әскери потенциалыңмен барабар. Яғни, бұрындары кімнің әскері мықты, сол ел мықты болып саналса, сол ел дамыса, байыса, қазір бұл жағынан IT саласы орнығып келе жатырғанға ұқсайды.
  4.  Оны Сіз қайдан алдыңыз? Біздің электронды қызметтерді кеше ғана Ресейден келген жүз мыңдаған адам мақтап жатыр емес па?! Мақтағаны былай тұрсын, тіпті таң қалып, таңырқап жатыр. Құдды бір басқа планетаға тап болғандай. Әрине кейбір жекелеген жобалардың кемшін тұстары болатын шығар, меніңше бұл сол жобаны жоспарлау барысында кеткен қателіктерден деп ойлаймын.
  5.  Шыны керек программисттерге жұмыстан көп нәрсе жоқ. Тек ерінбей жұмысыңды атқарсаң болды.
  6. Негізі курстар өте көп. Жалпы толыққанды IT маманы болып шығу үшін алдымен қызығушылық керек, мінез керек. Әрине көп тәжірибе керек. Ал білім алу үшін, маман болып шығу үшін интернетке қосылған компьютеріңіз болса, жеткілікті.
  7. Біздің елде негізі қазақ тіліне арналған IT өнімдер аздау деп айтар едім. Бар, бірақ аз. Айталық әлі күнге дейін қазақ тіліндегі мәтіннің грамматикасын, пунктуациясын автомат тексеретін құрал жоқ.
  8. Әр компания өзінше тырысып жатады. Қазір көп программисттерге айлық аса қатты бір қызық емес, өйткені көп жерде жалақы плюс-минус бірдей. IT маманды тек идеямен ғана қызықтырып, ынталандыра аласыз.
  9. Негізі бәсекелестік емес, керісінше бұл жақсы жаңалық дер едім. Өйткені біздің өзімізге IT мамандары қажет. Ал келіп жатқан ресейлік программистердің барлығы дерлік өз жұмыстарын қашықтан жасай береді. Бұл жағынан еш қауіп жоқ.

Аршат Ораз, ІТ маманы:

«Қазақ тіліндегі жобалар аз»

  1. Негізі туризм менеджменті бойынша Түркияда білім алдым. Бірақ, 20 жылдай болды, ақпараттық технологиялар саласындамын. Бұл салаға қызығушылығым студенттік кезде басталды. Интернетпен таныстығым алғаш рет Түркияда басталды. Сол кезден қызығушылық таныттым. Интернетті қазақшалағым келді. Ол кезде қазақша сайттар аз болатын, тіпті қазақша әріптерді шығарудың өзі мәселе болатын. Сол мәселелерді шешетін ортақтастар тауып, қауымдастық құрдық. 1990 жылдар аяғында осылайша қазақ тілінде бірнеше сайт жасап шықтық. Қазір де көбіне қазақ тіліне локализациямен айналысамыз. Басқалардан ерекшелігіміз түрлі бағдарлама, сайт, қосымшаларды қазақша жасауымыз.
  2. Әлемде ІТ тілі ағылшын тілінде. Сондықтан да ауқымы кең. Қазақстандағы ІТ өнімдер тек өзімізге арналған. Дегенмен әлемдік стандарттардан қалып келеміз деп ойламаймын. Танымал сервистердің отандық баламалары бар. Мысалы онлайн-сауда болсын, банкинг болсын, жеткізу қызметтері болсын, барлығы бізде де бар. Және сапасы да жақсы.
  3. Барлық сала ІТ-ге тәуелді деуге болады. Білім беру саласында да онлайн сабақтар жиі қолданыла бастады. Жасанды интеллект те дамып келеді. Сондықтан бұл саланың болашағы зор. Жастарды ІТ саласына шақырар едім. Медицинаның өзі қазір күрделі операцияларды ІТ арқылы жасайды. Әскери салада оның мысалын қазіргі Украина – Ресей соғысынан көріп отырмыз.
  4. Біздегі ең үлкен мәселе – тіл мәселесі. Бір халық, екі тіл. Екеуі екі бөлек әлемде. Қазақ тіліндегі жобалар аз. Танымал сервистер де қазақ тілін кеш енгізеді.
  5. Бұрын ІТ дегенде тек сол сала ғана елестейтін. «Айтишник» деп жемпір киген программистерді айтатын. Қазір бұл түсінік өзгерді. ІТ барлық салада бар. Бәріне керек. Өйткені жұмыс процесін жылдамдатады, адам күшін азайтады, қаржы мен уақытқа да үнем. Сондықтан сұраныс болуы заңды.
  6. Бұрын өздігінен үйренгендер көп болатын. Өйткені нақты үйрететін мамандар аз болды. Қызығатындар өз беттерімен интернеттен, кітаптан, курс, тренингтерден үйренетін. Қазір де онлайн дәрістер көп. Жоғары оқу орындары мен колледждерде де оқытушылар көп. Арнайы ІТ университет те ашылды. Елімізде ІТ үйренемін дегендерге жағдай жасалған.
  7. Финтех саласы жақсы дамып келеді. Бұрын банктер классикалық банк болатын болса, қазір заман ағымына сай финтех болуға мәжбүр. Яғни тек банк операциялары емес, онлайн дүкен, билет сату, жеткізу сияқты түрлі қызметтермен де айналысады. Кенжелеп қалған сала ретінде ақпарат саласын айтуға болады. Қазір барлық ақпарат сайттарда емес, әлеуметтік желілерде. Сайттарға кіретін қолданушы саны азайып кетті. Сәйкесінше, контент те әлеуметтік желіге лайықталып жасалады.
  8. ІТ мамандар – көзге көрінбейтін мамандар. Тіпті олар ештеңе істемей ақша табады деп ойлайтындар көп. Ал негізінде еш мәселенің туындамауы, жұмыстың тұрақтылығы, сервердің жүйелі жұмыс жасап тұруы осы кісілерге байланысты. Егер еш мәселе жоқ болса, олар өз жұмыстарын жақсы істеп жатыр деген сөз. Көрінбейтін батырларды ынталандыру керек, әлбетте. Мысалы, жыл сайын табысталатын арнайы сыйлық болса. Елімізде ІТ-шілер күні де биыл алғаш рет тойланып жатыр.
  9. Бәсекелестіктің болуы әрқашан жақсы. Бірақ Ресейден білікті мамандар келіп жатыр деп ойламаймын. Олардың мықты мамандары әлдеқашан шетелге кетіп қалған болатын. Ал іште қалып, кейін бізге келгендер өзіміздегі мамандардың деңгейінен де төмен.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға